Адал еңбек адам баласын қашанда абыройға бастайды. Берекелі бейнетпен бақытқа бөленген, ел-жұрттың алғысына кенелген сондай білікті маманның бірі — Нұрбай Дүйсенұлы Байсейітов. Ол Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келген. 1984 жылы еңбек жолын осы аудандағы ЖБИ зауытында ауыр кран жүргізуден бастаған. 1985–1987 жылдары Совет армиясы қатарында әскери борышын өтеді. 1994–2006 жылдары ҚР Қарулы күштеріндегі 28237 әскери бөлімінде қызмет атқарды. Іле бойындағы Таңбалытас оқу-жаттығу базасының құрылуына белсене қатысты. Сондай-ақ, табиғи апаттар мен төтенше жағдайларда – Еңбекшіқазақ ауданындағы су тасқыны, Медеудегі өрт, Талғар мен Алматыдағы көшкіндер, Құландағы жер сілкінісі, Қызылордадағы су тасқыны, орман өрттері мен қалың қар, үскірік аяз кездерінде – әрдайым қауіптің бел ортасынан табылды. Осы жылдар аралығында ол жұмысқа адалдығымен, жоғары жауапкершілігімен, ұжымға құрметімен лайықты із қалдырып, қаншама адамның өмірін арашалап алуға сүбелі үлес қосты. Кейінгі ізбасарлары да ол кісіні әрдайым үлгі тұтып, ақыл-кеңесін тыңдап отырады.
Қоғамдық және қайырымдылық істерге де белсене араласады. Ауыл мектептеріне жанар-жағармай бөшкелері мен трансформатор орнатуға, мешіт құрылыстарына, жол және көпір салу жұмыстарына көмек көрсеткен. Әскери бөлімшеге теледидар мен компьютер сыйлаған.
Осы еңбектері еленіп, көптеген марапаттарға ие болды. 2010 жылдан бері «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында қызмет атқарып келеді. Өз ісіне адал, қоғам мен ел мүддесі жолында аянбай еңбек еткен азамат.
Ал, тағы бір еңбек адамы Мақтагүл Нұржауова Тараз қаласында дүниеге келген. 1986 жылдан бастап автопаркте бағыттаушы қызметін атқаруда. Өз саласында жоғары кәсіби біліктілігімен ерекшеленіп, көптеген жылдар бойы қызмет етіп келеді.
Өзінің еңбек жолында үлкен жауапкершілік пен адалдық танытып, жұмысына деген ынтасы мен кәсібилігін көрсете білді. Ол тек жұмыс уақытында ғана емес, өз ұжымының моральдық және кәсіби деңгейін көтеруге де үлес қосып келеді.
Бүгінде ол «ӘулиеАта ТранСпасс» автопаркінде бағыттаушы қызметінде үлкен тәжірибеге ие, ал оның еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігі көптеген жас мамандарға үлгі болып табылады. Мақтагүл Нұржауова еңбек жолы — адал қызмет пен өз ісіне деген жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Ал, гидротехник Нұргелді Өксікбаев Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын Ынталы су қоймасында су реттеуші қызметінен бастап, қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» кәсіпорнының Жамбыл облыстық филиалына қарасты «Сарысу» өндірістік бөлімшесінде гидротехник болып еңбек етеді.
Нұргелді Өксікбаев 2007 жылдан бері су шаруашылығы саласында абыроймен еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Және еңбекқорлығымен, әріптестеріне деген сыйластығымен танылып, шаруалармен жақсы тіл табыса білетін маман.
Фото: Azattyq-ruhy.kz