Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Эрбол Султанбаев Орталық Азия елдерінде болған электр энергиясының өшуіне байланысты апат себебі анықталып жатқанын мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазіргі уақытта Қырғызстанның барлық өңірінде электр энергиясына кезең-кезеңімен қосу жүріп жатыр. Таяу уақытта елдің энергожүйесі қалпына келтіріледі», — деді ол. «Кабар» агенттігіне аталмыш елдің Ұлттық энергия холдингінен мәлім еткендей, бүгін күндіз Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінде жарықтың кенеттен өшуіне Орталық Азия Бірлескен энергожелісіндегі елдердің бірінде болған апат себеп. Ал Өзбекстанның Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, Ташкент ЖЭС пен Сырдария ЖЭС Орталық Азия Біріктірілген электр желісіне қосылғанына байланысты апат салдарынан екі станса жұмысы да автоматты түрде тоқтап қалған.
«Бүгін сағат 10:57-де Орталық Азия Біріктірілген электр желісіндегі ірі апат салдарынан Алматы, Шымкент, Тараз, Түркістан (облысы) және Қазақстанға жақын маңдағы аудандарда электр энергиясы өшті. Апат салдарынан Қырғызстанның энергожүйесінде, соның ішінде Бішкек, Ош және Жалал-Абадта іркіліс байқалды. Ташкент ЖЭС пен Сырдария ЖЭС Орталық Азия Біріктірілген электр желісіне қосылғанына байланысты апат салдарынан екі станса жұмысы да автоматты түрде тоқтап қалды. Бұл, өз кезегінде Талимаржан және Турақорған ЖЭС-та жұмыстың тоқталуына әкеліп соқтырды. Соның салдарынан Өзбекстанның Ферғана және Ташкент облыстарында, Ферғана аңғары, Сырдария, Жизақ, Самарқан, Бұхара, Қарқардария облыстары электр энергиясыз қалды.
Қазіргі кезде көршілес мемлекеттік желілерден ажырау процесі жүргізіліп, әрбір ЖЭС-тың жеке қосылуы, желілерді бртіндеп қосу жұмыстары жұргізілуде. Апат туралы қосымша ақпарат ертең ұсынылатын болады», — делінген Өзбекстан Республикасы Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде электр жарығы өшкенін жазған болатынбыз. «KEGOC» компаниясы бұған қатысты мәлімет берді. Алматыда энергия түскі сағат 12:00 шамасында сөнді. Қазір көшелерде бағдаршамдар жұмыс істемей тұр, жолдарда кептеліс пайда болды.
Дегенмен, қалада ауруханалар жарықтан ажыратылмаған. Электр қуатына қатысты іркіліс Қызылордада облысында да туындады.