Нақтырақ айтсақ, сәуір айының басында Павлодарда волейболдан өткен Қазақстан Республикасының ХХХІІ чемпионатында жамбылдық волейболшылар ақтық ойында жергілікті команданы 3:1 есебімен тізе бүктіріп, Қазақстан чемпионы атанды. Екінші орын «Павлодар» командасына, үшінші орын Петропавлдың «Есіл» командасына бұйырды.
Былайша айтқанда «Тараз» волейбол клубы еліміздегі ең үздік команда екенін дәлелдеп, Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізді.
«Тараз» волейбол командасы 2015 жылы да Қазақстан Республикасының чемпионы, 2022 жылы Қазақстан Республикасының Кубогының иегері, 2023 жылы Қазақстан Республикасы Спартакиадасының чемпионы атанған. Яғни, бұл команда талай облыстың командаларына арман болып жүрген жүлделерге жыл аралатып қол жеткізіп отырды. Бұл команданың дайындығы өте жоғары деңгейде екенін білдірсе керек.
Енді оқырман қауым «Бар жағдайын жасап қойғаннан кейін осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр ғой» деп ойлап отырған болар. Шынында солай ма?
Жасыратыны жоқ, соңғы кездері бұл командадан ойыншылар кетіп жатыр. «Тараз» чемпион атанғаннан кейін 5-6 ойыншы басқа облыстың командаларына ауысып кетті. Неге?
Сөйтсек бұл волейбол командасының қазіргі жағдайы «Бөрі арықтығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтып» дегеннің нағыз кері екен.
Жамбыл облысында миллиардтап қаржы салған футболдан ешқандай нәтиже болмай, «Тараз» футбол клубының төменгі лигаға түсіп қалғанын спортсүйер қауым жақсы біледі. Ал Қазақстан чемпионы атанған волейбол командасына жергілікті билік неге жағдай жасай алмай отырғанын түсіну қиын.
Иә, жалақының аздығынан «Тараз» волейбол клубының ойыншылары соңғы кездері басқа облыстарға ауысып кетіп жатыр. Әсіресе, ел чемпионы атанғаннан кейін бұл құраманың ойыншыларына сырт жақтан «құда» түсушілер көбейген.
Енді ашық дерек көздерінен алынған мәліметтерге қарап отырып, басқа облыстардағы волейбол командаларының бюджеттерін салыстырып көрсек:
Алматы қаласында Ұлттық және Жоғарғы лигада ойнайтын 4 волейбол командасы тіркелген. Команда құрамында 67 спортшы бар. Бюджеті — 800 млн теңге.
Атырауда 3 команда бар, 51 спортшы. Бюджеті – 765 301 332 теңге.
Өскеменде 3 команда, 50 спортшы. Бюджеті – 741 400 000 теңге.
Жетісуда 4 команда, 68 спортшы. Бюджеті – 694 400 000 теңге.
Петропавлда 4 команда, 70 спортшы. Бюджеті – 676 573 999 теңге.
Ақтөбеде 3 команда, 49 спортшы. Бюджеті – 669 390 532 теңге.
Оралда 3 команда, 51 спортшы. Бюджеті – 623 984 000 теңге.
Ақтауда 3 команда, 51 спортшы. Бюджеті – 372 960 000 теңге.
Ал, «Тараз» волейбол клубына келетін болсақ, бұл ұжым «Тараз» кәсіпқой спорт клубы» КММ-іне қарайды. 2023 жылдан бастап бұл клубқа қосымша жағажай волейболы, баскетбол, регби, қол добы, көгалдағы хоккей және индорхоккей сияқты спорттық ойын түрлері берілген. Яғни, бәрінің бюджеті бір қазанда.
Сонда Таразда 21 команда, 473 спортшы. Бюджеті — 342 439 000 теңге.
Жақында ғана өткен Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті XV сессиясында «Әртүрлі спорт түрлері бойынша облыстың құрама командаларының мүшелерін дайындау және республикалық және халықаралық спорт жарыстарына қатысуы» бюджеттік бағдарламасы бойынша – 56 872,0 мың теңге, оның ішінде волейбол спортынан жоғары кәсіби дәрежедегі ойыншылар мен жаттықтырушылардың жалақы қорына – 50 000,0 мың теңге қарастырылды.
Нақтырақ айтсақ, «Тараз» волейбол клубы ойыншыларының басқа жаққа кетіп жатқанына ең алдымен облыстық мәслихаттың депутаттары алаңдап, дабыл қағып, жергілікті биліктің назарына жеткізіп, ақыр соңында бұл командаға бюджеттен 50 млн теңге бөлінетін болды. Дегенменде бұл клуб басшыларының о баста сұраған қаржысының жартысы ғана.
Енді осы 50 млн теңге мәселені шешіп, ойыншылардың басқа жаққа кетіп қалу үрдісін тоқтата ала ма? Және бар мәселе тек қаржыда ғана ма?
Жалпы алғанда «Тараз» кәсіпқой спорт клубы» КММ-нің «Тараз-Арена» спорт кешенінде таза волейболмен айналысатын ойыншыларының саны штаттық кестеге сәйкес 166 адамды құрайды.
Ең алдымен «Тараз-Арена» спорт кешенінде спорт, мәдени, білім саласына қатысты түрлі деңгейдегі іс-шаралар өте көп өткізілетін болғандықтан волейболшылар жоспарланған уақыттың тек 50 пайызында ғана жаттығуға мүмкіндігі бар. Қалған жаттығу жұмыстарын спорт клуб жедел түрде жасалатын келісім-шарт арқылы «Динамо» спорт кешенінде, ТарӨУ, «Қазфосфат» АҚ және тағы да басқа да мекемелердің спорт залдарында өткізуге мәжбүр болып жүр.
Одан бөлек өткен 2023 жылдан бастап клубқа қосымша жағажай волейболы, баскетбол, регби, қол добы, көгалдағы хоккей және индорхоккей сияқты спорттық ойын түрлері берілгенін жоғарыда айттық.
Осыған байланысты екі ойын залы бар «Спорттың ойын түрлері бойынша орталықтың» құрылысын жүргізу қажеттігі туындап отыр. Клубтың осы нысанның құрылысын жүргізуге арналған жер участогы Тараз қаласында Қойгелді батыр көшесі, 9 «К» мекен-жайында орналасқан. Ендігі мәселе тәулігіне 250 адамды өткізуге арналған спорт нысанының құрылысына, сараптамасына және жобалық-сметалық құжаттарына қаржы бөлу мәселесін шешу қажет.
Сонымен бірге «Тараз-Арена» спорт сарайының бос тұрған аумағынан жағажай волейболын дамыту үшін арнайы 3 алаң соғу қажет. Бұл нысан салынса осы спорт түрімен айналысушылардың қатары көбейіп және оқу-жаттығу сапасы айтарлықтай артатыны анық.
Тағы бір айтары, облыста волейбол базасының құрылысы туралы мәселе 2011 жылы да көтеріліп, жобалық-сметалық құжаттары жасалған. Сол 2011 жылы жер телімі де бөлінген. Бірақ осы жобаны жүзеге асыруға бюджеттен қаржы қарастырылмай, аяқсыз қалған. Аталған нысанның құрылысы жүзеге асса бұл спорттық ойын түрлері бойынша республикалық және халықаралық жарыстар мен түрлі оқу-жаттығу жиындарын өткізуге зор мүмкіндік туар еді.
Жасыратыны жоқ, егер «Тараз» футбол командасы ел чемпионы атанып жатса онда жергілікті билік үлкен той жасап, өсіп-өнген, дамыған өлкенің ғана футболы ғана осындай нәтижеге қол жеткізетінін әбден жырлап, бұл жеңіспен бірге облыстың ірі жетістіктерін де жарнамалап, бір жетісіп қалар еді.
Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, «Тараз» футбол клубы Қазақстан чемпионы атанды дейік. Стадионда үлкен мереке, керемет отшашулар, футболшыларды құрметпен қарсы алу, белгілі өнер адамдары домбырамен төгілтіп арнау айтады, ұлттық киім киген қыз-келіншектер шашу шашады, әкімдер де тік тұрып шапалақ ұрады, ары қарай үздік ойыншыларды марапаттау, көлік мінгізу, пәтер беру, сыйақы беру…
Ал, бұл волейбол ғой… Аста-төк той да болған жоқ, үздік ойыншыларға ешқандай кілт те сыйланған жоқ, сыйлық та берілген жоқ. Қысқасы Жамбыл облысының командасы волейболдан Қазақстан чемпионы атанғанын біреу біліп, біреу білмей де қалды.
Қалай айтсақ та «Тараз» волейбол командасы үндемей жүріп, үлкен іс тындыратын нағыз еңбекқор ұжым екенін аңғартты. Тегінде «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей басқа-басқа оң нәтиже берген командадан ештеңе аяудың қажеті жоқ еді.
Команданың жеңісті жолдары ары қарай жалғаса бергей!