Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев журналист Нартай Аралбайұлының youtube.com каналындағы парақшасына берген сұхбатында парақорлыққа қатысты мынандай пікір білдірді:
-Мен әр уақытта айта аламын, арым таза. Ешуақытта пара алған адам емеспін. Егер мен пара алсам, мысалы Дәулеттен, одан мен қалай жұмыс сұраймын?! Ол ертең айтады ғой, «көке ана неңді алдың, маған неге айқайлайсың?» деп.
Осы сұхбат барысында Сапарбаев бүгінгі күні қарапайым отбасыдан шығып, биік лауазымға жеткен жастардың барын атап өтіп, солардың ішінде өзінің орынбасары Дәулеті Кәрібекті мысалға келтірді.
Дәулет Кәрібек 1990 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданында туған. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «саясаттану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Астана қаласының Алматы ауданы «Jas Otan» Жастар қанаты төрағасының бірінші орынбасары болып бастаған. Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды штабының «Team Qazaqstan» жастар қанатын басқарды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған. Биыл сәуірде ол Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.