Жасыратыны жоқ, еліміздегі орташа статистикалық өмір сүру деңгейіндегі адам үшін жинақтаған жеке ақшаға пәтер сатып алу мүмкіндігі жоқ деуге болады. Алайда көп балалы аналардың тұрғын үй проблемасын шешуге қатысты қара аспанды төндірудің де реті жоқ. Басқаша айтқанда, мемлекет шешуге үлгермеген мәселеде отандық мецанаттар көмекке келуде. Оның бір дәлелі ретінде жыл басынан бері жеке қаржысына үй сатып алып, оны мұқтаж отбасыларға тарту етіп жатқан түркіс тандық кәсіпкерлердің игі ісінен байқауға болады. Қалталылардың жергілікті атқарушы билікпен тізе қоса қимылдап, мұқтаж жандардың мәселесін түбегейлі шешуге жасаған қадамы жайлы ақпарат құралдарында жазылып та жатыр. Бұған дейін Түркістан облысының Сауран, Созақ, Сарыағаш аудандарында, Түркістан қаласында жақсылық жасаудан жарысып, мұқтаж жандарға баспана салып берген кәсіпкерлер туралы толыққанды ақпарат бергенбіз. Осы ізгі дәстүр жыл соңына дейін тоқтаған жоқ. Баспаналы болғандар қатары күн сайын көбейіп жатыр. Иә, киелі Түркістан өңірінде қоныс тойын тойлау әлі де жалғасып, шаңырақ шаттығы әуелеп тұр.
Енді міне, Түркістан облысы Созақ ауданының орталығы Шолаққорған елді мекенінде жеке инвесторлар тарапынан 2 пәтерлі 24 тұрғын үй салынып жатыр.
Бүгінгі таңда 21-нің құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қалған 3 тұрғын үй жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек. Тұрғын үйлердің сыртқы келбеттері травертинмен безендіріліп, аулалары темір қоршаулармен қоршалған. Су және жылу жүйелері толық жүргізіліп, қабырғалары түсқағаздармен безендірілуде. Әр үйдің жалпы алаңы – 71,1 шаршы метр.
Жақында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков құрылыс алаңында болып, жұмыс барысын бақылады. Әрбір үйді жеке аралап, құрылыс сапасын тексерді. Құрылысқа жауапты мамандарға нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеді. Айта кетейік, бұл жоба әлеуметтік жағынан осал топтағы тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеруге және тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған.
Ал, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Мағауия Тұрысбеков туған жеріне қамқорлығын білдіріп, ауданға 5 дана жаңа Беларус 801 маркалы тракторлар тарту етті. Бұл техникалар көше тазалығымен коммуналдық қызметтердің сапасын арттырудағы маңыздылығымен ерекшеленіп отыр. Тракторлар арнайы қоқыс тасымалдауға арналған жетек, көше сыпыру және қар тазалауға қажетті жабдықтармен толықтырылған.
Ауданға жеткізілген жаңа техникаларды аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қарсы алып, қуанышты сәтпен бөлісті.
— «Бүгін біз ерекше сәттің куәсі болып отырмыз. Өйткені, ауданымызға қосылған жаңа техникалар – бұл тек материалдық көмек емес, ауылдың тазалығын қамтамасыз ету үшін өте маңызды бастама және ауданымыздың көркеюіне қосылған зор үлес екені анық»-,деген аудан басшысы жыл соңына дейін аудандағы техникалар мен коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған жоспарларымен бөлісіп, тың бастамаларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
Шара аясында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов пен еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Бүркіт Арынбеков жылы лебіздері мен алғыстарын білдірді. Осындай игі істер әрдайым болашағымызға, ауданның әл-ауқатын жақсартуға қызмет ететініне сенім білдірді.
Облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбеков өз сөзінде: «Бұл бастама – тек аудан үшін ғана емес, бүкіл еліміздегі экологиялық тазалықты жақсартуға бағытталған үлкен жобаның бір бөлігі. Бұған дейін ауданда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасы аясында сенбілік жұмыстарына атсалысып, тал егу жұмыстарын жүргіздік. Сол сәтте ауданымыздағы техникалық құралдардың жетіспеушілігі байқалды. Осы мәселені шешу үшін тазалыққа қажетті техникалар жеткізуді көздеп, бүгінгі күнге сәті түсті. Бұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табары анық», – деп атап өтті.
Ауданның Құрметті азаматы, спорт ардагері Анарбай Шәдібеков те өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп, облыстық мәслихат депутаты Мағауия Сексенбайұлының демеушілігімен жүзеге асырылған жұмыстарды жоғары бағалады. –«Бұл шара аудан тұрғындары үшін үлкен мәртебеге ие. Осындай ірі жобалар тек ауданның ғана емес, жалпы қоғамның дамуына үлес қосатыны анық»,-деп ақ батасын арнады.
Биыл Сарыағаш ауданында әлеуметтік нысан құрылыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. 3 жекеменшік мектеп ашылды. Тағы бір айтары, ауданға қарасты 4 елді мекеннің мәдениет үйі құрылысы бойынша ЖСҚ-ы меморандумға тұру арқылы демеуші есебінен жасалып, 4 нысанға оң қорытынды алынып, қазіргі таңда салалық басқармаларға бюджеттік өтінім ұсынылған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Арман Абдуллаев баяндады.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы Қанағат елді мекенінде 150 орындық мәдениет үйі мен кітапхана салынып жатыр. Мәдениет үйі және кітапхана құрылысын мердігер тарапынан нысанының ішкі күрделі сылақ жұмыстары аяқталып, сыртқы әрлеу және суағар орнатылған. Сонымен қатар, нысанға кіре-беріс баспалдақтарына бетон құю, сыртқы қоршау жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары, акт залының сахнасын және нысанның құрал-жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ауданға қарасты 4 елді мекеннің мәдениет үйі құрылысы бойынша ЖСҚ-ы меморандумға тұру арқылы демеуші есебінен жасалып, 4 нысанға оң қорытынды алынып, қазіргі таңда салалық басқармаларға бюджеттік өтінім ұсынылған. Сондай-ақ Жылға мен Құрама елді мекенінде спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған бағдарлама аясында Қызылжар елді мекенінде жабық спорт алаңшасының ЖСҚ-ы жасалып салалық басқармаға ұсыныс жолданған.
Денсаулық сақтау саласы бойынша да құрылыс қарқынды. Биыл Жаңатұрмыс, Жемісті және Тың елді мекендердегі дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Ауылдық денсаулықты сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 3 елді мекенінде дәрігерлік емхана құрылысы жүруде. Сондай-ақ демеушілердің есебінен меморандум арқылы 10 елді мекенге дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік акушерлік пункт құрылысына ЖСҚ-ы әзірленді.
Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Сарыағаш қаласында 300 және 900 орындық білім нысаны, Дербісек пен Жаскешу елді мекенінде 900 орындық мектеп бой көтеруде. Биыл Дарбаза ауылдық округі, Сарысу елді мекеніндегі 200 орындық мектептің құрылысы аяқталып, білім ордасы оқушыларды қабылдады. Бұған қоса 3 жекеменшік мектеп ашылды. Сонымен қатар №35 Б.Ғафуров пен №22 Елшібек батыр мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 3 мектептің жылу жүйесін қатты отыннан табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілді.