Алматы облысының соты мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімі бойынша сотталғандардың бірі Жанар Толыбаеваны неге колонияға қайтарғанын түсіндірді деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
«Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2019 жылғы 17 қаңтардағы үкімімен Жанар Толыбаева 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Жаза мерзімі 2018 жылдың 21 шілдесінен бастап — қамауға алынған сәттен бастап есептелді. 2019 жылдың желтоқсан айында сотталушы заң бойынша белгіленген бас бостандығынан айыру мерзімінің үштен бірін өтеп, сотқа жазаның өтелмеген бөлігін жазаның жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішпен жүгінді», — деп хабарлады сот.
Осы ретте Іле аудандық соты 2020 жылдың 6 қаңтарында жазаны өтеу орнынан алынған жағымды сипаттамалар мен прокурордың пікірін ескере отырып, жаза мерзімінің қалған бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстырып, өтінішті қанағаттандыру туралы шешім шығарған.
Осыдан кейін 2021 жылдың қаңтар айында жәбірленуші тарап Алматы облыстық сотына осы шешімге қарсы жеке шағым түсірген. «Сот алқасының 2021 жылғы 19 наурыздағы шешімімен Іле аудандық сотының 2020 жылғы 6 қаңтардағы шешімі жойылды, жәбірленуші мен оның өкілдерінің жеке шағымы қанағаттандырылды», — дейді сот.
Соттың нақтылауынша, сот алқасы сотқа ұсынылған материалдарда сотталушының түзелу жолына түскендігі туралы деректердің жеткіліксіз екенін, бірінші сатыдағы сот өтінішті қарау кезінде жәбірленуші тараптың пікірін ескермегенін анықтаған. Сотталушы Жанар Толыбаева жазасын әрі қарай өтеу үшін ЛА-155/4 мекемесіне қайтарылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жанар Толыбаеваның колонияға қайтарылғаны белгілі болған еді. Одан бөлек, сотталушы алғаш рет сұхбат берген болатын.