Депутаттың айтуынша, жоғары оқу орындары қаржы орнықтылығын қамтамасыз ету үшін студенттерді ақылы негізде қабылдауға мәжбүр, бұл инфрақұрылымды шамадан тыс пайдалануға, оқу сапасының төмендеуіне және оқу құнының жоғарылауына ықпал етеді. Мәселен, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіндегі «Жалпы медицина» бағдарламасы бойынша бакалавриат студенттерінің 70%-ы, ал «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» мамандығы бойынша тек 4% ақылы негізде оқытылады. Себебі Ғылым және жоғары білім министрлігі жалпы медицинаға қарағанда фармацевтикалық өндіріс технологиясына көбірек грант бөледі.
«2023 жылы «Жалпы медицина» мамандығына барлығы 250 мемлекеттік жалпы білім беру гранты бөлінді. Өңірлерде тапшы кадр болып отырған барлық мамандықтағы болашақ дәрігерлердің бәрі осы мамандық бойынша оқытылады. «Педиатрия» мамандығы бойынша 2023 жылы 109 грант бөлінді, бұл болашақ неонатологтар мен барлық мамандықтағы балалар дәрігерлері болып табылады. Сонымен қатар медициналық кадрлардың тапшылығы бүкіл еліміз бойынша жылдан жылға 3,5-4 мың маман болып сақталып отыр. Бұл жағдайда Денсаулық сақтау министрлігі жекелеген дәрігер мамандығы бойынша тапшылықты жоюға ықпал етуі және өңірлердің қажетіне орай мемлекеттік білім беру грантын бөлуі тиіс», — деді Нурия Ниязова.
Сенатор «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» мамандығы бойынша кадрларды артық даярлау проблемасына да тоқталды, бұл жұмысқа орналасуда қиындықтарға әкеліп соғады. Түлектердің тек 65%-ы мамандық бойынша жұмыс табады, қалғандары аралас салаларға жұмыс істеуге мәжбүр болады.
Депутат «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» мамандығына гранттарды азайта отырып қабылдауды реттеу және оларды «Жалпы медицина», «Педиатрия» және «Қоғамдық денсаулық сақтау» сияқты сұранысқа ие бағыттарға қайта бөлуді ұсынды.