Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бір бөлігі ретінде жастардың денсаулығын сақтау, оларды спортпен шұғылдануға ынталандыру және спорттық инфрақұрылымды дамыту ерекше маңызға ие. Жастардың денсаулығын сақтау мен оларды спортқа тарту мәселесі Қазақстанның ұлттық даму стратегиясында ерекше орын алады. Бұл саладағы жаңашылдықтар мен тиімді саясат жастардың денсаулығын нығайтуға және елдің болашағын қалыптастыруға оң әсерін тигізеді. Елімізде жасөспірімдер мен жастар үшін тегін спорттық секциялар мен үйірмелер ашылып, спорттық жарыстар көбейді. Бұл да жастарды спортқа ынталандырудың бір бағыты екені анық.
Алматы облысында өткен таеквондодан ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Айтулы сайыста Түркістан облысының таеквондошылары жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Тарқата айтсақ, әйелдер арасында 73 келі салмақ дәрежесінде өңір намысын қорғаған Назым Махмұтова алтын медаль иеленді. Ал, ерлер арасында 87 келіде бақ сынаған Нұрлан Мырзабаев өзінің мықтылығын дәлелдеп, алтын медаль алды.
Сонымен қатар, 58 келі салмақта Асқар Өтеген күміс медальға қол жеткізсе, 54 келі салмақтағы Әзірет Дүйсенбек қола жүлдені қанағат етті. Осылайша түркістандық спортшылар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді облыс қоржынына салды. Айта кетейік, Түркістан облысының таеквондошыларының тәжірибелі жаттықтырушы — Ринат Құралбаев.
Сондай-ақ, Өскемен қаласында үстел теннисінен 2007 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының жеке және командалық чемпионаты өтті. Елішілік біріншіліктің қорытындысында түркістандық жас спортшылар жоғарғы нәтиже көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Командалық сайыста Түркістан облысының ұлдар құрамасы 2-орынды иеленсе, қыздар командасы үздік үштікті түйіндеді. Ұлдар арасындағы жұптық сында Нұржігіт Жолдыбай күміс медальді мойнында жарқыратса, Рамазан Назир облыс қоржынына қола медаль салды. Ал, қыздар арасындағы жұптық сайыста Ноила Ханиязова екінші орынға тұрақтаса, аралас жұптық сында өнер көрсеткен Рамазан Назир де күміспен күптелді. Жекелей қыздар арасындағы бәсекеде Ноила Ханиязова қола медаль алды.
Шардара – волейбол спортынан үлкен мектеп қалыптасқан аудан. Бүгінгі таңда ардагерлер санатындағы волейболшы ағалар бір кездері облыс, республика аумағында тамаша жетістіктерге жетіп, өздерін мойындатқан. Қазіргі таңда ағаларымыздың ізбасарлары да волейболдан біршама жетістіктерге қол жеткізуде.
Жуырда Орал қаласында волейболдан жасөспірім ұлдар арасында Қазақстан Респбуликасының чемпионаты болып өткен еді. Сонда аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Ернар Оралбай облыс құрамасы сапында өнер көрсетті. Ойындар барысында Ернар тамаша ойын өрнегін көрсетіп, облыс құрамасының күміс жүлдеге ие болуына зор үлес қосты.
Кешегі аптада №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Е.Сакиев Ернар мен жаттықтырушысы Ержан Нұрымбетовті арнайы қабылдап, бағалы сыйлықтар мен Алғыс хат табыстап, алдағы жарыстарда биік шыңдардан көрінулеріне тілектестік білдірді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына келіп, 2008-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен республикалық «Ауыл барысы» турнирінің ашылу салтанатына қатысты. Сонымен қатар, жарысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев және ҚР Парламенті «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаевтар елордамыз Астана қаласынан арнайы келді.
«Ауыл» партиясының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиалының ұйымдастыруымен өтіп жатқан турнир ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру, салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық қазақ күресін көтеру және жастарды спортқа тарту мақсатында өтіп жатыр.
«Бүгінде спорт және дене шынықтыруды дамыту – мемлекеттік ауқымдағы маңызды бағыт. Мықты және өмірге құштар жас ұрпақты тәрбиелеу – еліміздің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан, бүгінгі үлкен жарысты ұйымдастырып жатқан «Ауыл» партиясының басшылығына алғысымды білдіремін. Турнирге қатысушы барша жас балуандарымызға сәттілік тілеймін! Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары ұлғая берсін!» — деді Ертай Кенжебекұлы.
2 күнге созылатын жарысқа Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, Шымкент қаласынан және Түркістан облысының қала, аудандарынан 300-ге жуық балуан өз бақтарын сынауға келіп отыр. Жарысқа қатысушылар 35, 38, 42, 46, 50, 55, +55 және +60 кг (Түйе палуан) салмақ дәрежелері бойынша күресетін болады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер демеушілер есебінен арнайы қаржылай сыйлықтар, белбеулер, медаль және дипломдармен марапатталатын болады.
Облыс әкімінің орынбасары Е.Алтаев турнирдің ашылуынан соң Мақтаарал ауданының спорттық инфрақұрылымымен танысып, нысандарды аралады. Атакент кентінде орналасқан «Алпамыс батыр» стадионы мен жақында ғана пайдалануға берілген спорт кешенімен кеңінен танысты.
«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылы құрылысы басталған спорт кешенінің конкурстық құны 600 миллион теңгені құрады. Мердігер мекеме «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС-і құрылыс жұмыстарын жүргізді.
Спорт кешенінде үлкен спорт залы және спортшыларға арналған жаттығу залдары бар. Мұнда волейбол, баскетбол, футзал, гандбол, күрес, бокс, дзюдо және тағы басқа спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік қарастырылып, спорттық мүкәмалдармен толық қамтамасыз етілген. Одан бөлек, ғимарат аумағында жасанды көгалмен жабдықталған футбол алаңшасы, баскетбол, волейбол алаңшалары орналасқан.
Айта кетейік, аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен Мақтаарал ауданында жастардың спортпен шұғылдануына көптеген жағдайлар жасалуда. Бұған дейін Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионы, «Мырзакент» спорт сарайы ел игілігіне беріліп, түрлі ауылдарда 20-дан астам кіші футбол алаңшалары ашылды.
Ал, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Астана қаласында өткен жаһандық деңгейдегі самбо және жауынгерлік самбодан ересектер арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпазы, еліміздің намысын әлем аренасында асқақтатқан созақтық спортшы Нұрила Асанқызы мен оның бапкері, самбодан әйелдер арасында Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Әбдісадық Халилаевты қабылдады. Ерекше құрмет көрсетіп, сый-сияпат табыс етті. Қабылдау кезінде ауданда спорт саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, еркін форматта пікір алмасты.
— Біз үшін Сіздердің жетістіктеріңіз – зор мақтаныш. Қазіргі таңда, өз еліне абырой әкеліп, әлем аренасында топ жарып жүрген спортшыларды қолдау – біздің басты міндетіміз. Алдағы уақытта да спортшыларымызға қолдау көрсетіп, олардың еңбегін бағалау үшін әрдайым көмек көрсетуге әзірмін. Сіздердің жеңістеріңіз тек ауданымызды емес, тұтас еліміздің атын әлемге паш етіп отыр. Мұндай жетістіктер – болашақ ұрпаққа да үлгі болары сөзсіз, – деді аудан басшысы.
Нұрила Асанқызы мен оның бапкері Әбдісадық Халилаев қабылдаудағы көрсетілген құрметке ризашылығын жеткізді. Нұрила Асанқызының жақын туыстары да сөз алып, спортшының жеңістері мен оның ерен еңбегінің еленгеніне ерекше алғыс айтты.
Нұрила Асанқызы өз кезегінде “Спортқа деген қызығушылығым ерте оянды. Алғаш рет дзюда спортымен шұғылданып, бірқатар еуропалық чемпионаттарда топ жардым. Кейін жауынгерлік самбоға ауыстым. Мен үшін бұл жеңіс – тынымсыз еңбегімнің жемісі”, — деп атап өтті.
Еске сала кетейік, Елордада өткен әлем чемпионатында Нұрила Асанқызы өз салмағында үлкен жетістікке қол жеткізді. Жауынгерлік самбо спортының әйелдер арасындағы +80 келі салмақ дәрежесінде алғаш рет жарысқа түскен ол, Түркіменстанның талантты спортшысы Сабина Агажанованы 7:4 есебімен жеңді.
Жарыс барысында алған жарақатына қарамастан, көрсеткен табандылығы мен ерік-жігері көпке үлгі болды.