Қайбір жылы тамылжыған тамызда біздің үйде бір үлкен той болды. Ол кезде бүгінгідей қаптаған мейрамхана жоқ, той өзіміздің бау-бақшада өтетін. Сол күні кешқұрым тойдың қамымен жүріп, інім өрістен келген малды асығыс қораға қамай салған ғой. Біздің қойлардың ішінде бір бөтен қошқардың да «қамалып» кеткенін байқамай қалыпты.
Содан «бөтен мал бар ма?» дегендерге бәріміз бірауыздан «жоқ» дейміз. Есіктің алды абыр-сабыр адам болғандықтан шығар мал егесі жақынырақ келіп қораны көруге батпаған. Содан ауылды екі мәрте адақтап шыққан соң, қошқар иесі амал жоқ, сол күні қой баққан үйге барады. Ол баласын жіберіп, күндіз қой жайған сай-саланың бәрін аралап шыққан. Қошқар жоқ. «Иттің баласы, қойға дұрыстап бас-көз болмағансың, жұрттың малын жоғалттың, енді құнын төлейтін болдық» деп әкесі баласын ашумен таяқпен жіберіп ұрған ба… Оған қошқар иесі араша түседі. «Мал ашуы-жан ашуы» деген, мұндай жағдай екі жаққа да оңай ма енді… Әйтеуір, сол күні қошқар табылмай, «не болса да ертең көрейік» дегенмен тарасады екі жақ.
Бір жеңгеміздің қолына қалам-қағаз беріп, тойға түскен мал басын, басқа да тартуларды түртіп жүру тапсырылған болатын. Той бітті. Таңертең малды өріске жіберерде інім бөтен қойлардың бәрін алып қалады да, қалғандарын қорадан шығарып жібереді. Әлгі қошқар қорада қалған. Түске жақын соңғы қонақтар қайтып, адам аяғы басылған соң жеңгеміз «есеп» берді. Дәптерде төрт қой. Қорада бес қой. «Бұл қалай болды?» деп бәріміз аң-таңбыз. «Қайсысын жазбай қалдым екен?» деп жеңгеміз де айран-асыр.
«Мына қойды бөле әкелді, анаусын жиен әкелді…» деп жеңгеміз қойларды түстеп шықты да, бірақ әлгі қошқарды жыға тани алмады. Тек «Осы нағашы Ақабтар қараңғыда көліктен бірнәрсе түсіріп жатқан сияқты еді, солар ма екен қошқарды әкелген…» деп аңтарылып тұрып қалды.
Осы кезде әжем сөз бастады. «Айналайын, Ақаб-ай, «жалғыз әпкем ғой» деп қойды алып келген сол… Айналайын-ай…» деп өзінен-өзі еміреніп кетсін. «Ой, әже, қызықсыз… Ақаб қалай қой алып келеді? Осыдан бір апта бұрын тойға деп бір жылқы әкеп тастаған жоқ па?» дейміз біз. Ақаб — әжемнің туған інісі. Бір жылқының қасына бір қойды қосақтап алып келгенін еш түсіне алар емеспіз. «Қойды алып келген сол, басқа кім болады? Жылқыны алдын ала беріп жіберіп, енді кеше тағы құр қол келмейін деген ғой…» деп әжем де қоймайды. Сонымен не керек, үйдегі қалың дәптерді қайтадан ашып «Ақаб бір жылқы» дегеннің қасына «бір қошқар» дегенді тағы қосып қойдық.
Атамның көзі тірісінде аралас-құралас болған бір досы бар еді. Біраз жылдар араласпай қалып, сол досы осы тойға келген болатын. Әжем: «Қаншама жылдан кейін бірінші мәрте келіп отыр, ұят болар, мәшинесіне бір қой салып жіберіңдер», деді. Айтты, бітті. Інім қораға секіріп түседі. Тағы көзі бірден әлгі қошқарға түскен ғой. Бірақ жануар мықты екен. Ініме бой бермей, мойнындағы жібі үзіліп кетсе де, еш ұстатпай қояды. Амал жоқ, атамның досына басқа қой бұйырды.
Кешке мал өрістен келді. Қошқардың егесі қайтадан үй-үйді аралап, «жоқ» іздейді. Бұл жолы біздің қораға жақынырақ келген көрінеді. Қараса, қораның жанында қошқарының мойын жібі жатыр. Жалма-жан қораға үңіледі. Сөйтсе қөп қойдың арасында дымды түсінбей қошқары тұр. Салған жерден «мынау менің қошқарым» деп байбалам салады.
Сонда інім: «Қойыңыз, өтірік айтпаңыз, бұл кешегі тойға әжемнің інісі Ақаб әкелген қошқар», деп жеңістік бермейді. Тіпті қалың дәптерді әкеп «Ақаб – бір жылқы, бір қошқар» деген жазуды көрсетеді. Сонымен, әжептеуір айқай-шу. Ақырында мал олардікі екені таза дәлелденіп, қошқар «қамаудан» босатылды. Содан інім үйге ашумен кірген де қалың дәптерді алып, нағашымыздың «жылқысының» қасына қосақталып жазылған «қошқарды» әжемнің көзінше сызып-сызып тастапты.
Мән-жайға түсінген әжем төмен қарай беріпті. Тек «мен қайдан білейін, айналайын…» дегенді қайталай берген көрінеді. Қайран әжем-ай… Сөйтіп тағы бір қызыққа батырған. Кейінірек білдік қой, Ақабтың қараңғыда көліктен түсіргені бір жәшік алма екен.
Оралхан ДӘУІТ, «Ақ самаурын» кітабы