Міне, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың бастамасымен «12 тамыз – Жастар күніне» орай Жібек жолы ауылдық округіне арнайы жұмыс сапары барысында, ауыл жастарымен өткен кездесудің басты мақсаты — жастардың ой-пікірін тыңдау, олардың мәселесіне назар аудару, жалпы олардың бүгінгі тіршілігі туралы ашық әңгімелесу болғаны анық. Өйткені жастар өмірге, айналаға басқаша көзқараспен қарайды. Сондықтан олардың ой-пікірі өте құнды. Еркін форматта ұйымдастырылған кездесуге құқық қорғау органдарының басшылары, ауылдың белсенді жастары қатысып, ой-пікір алмасты.
Иә, жастар – елдің басты байлығы. Еліміздің болашағы да жастар, сондықтан оларға үлкен үміт артылды. Бүгінгі күнге дейін ел болашағы жастарды тәрбиелеуде Сарыағаш ауданында біршама жұмыстар атқарылып, жастар саясаты, жастарды әлеуметтік-экономикалық жағынан қолдау шаралары өз шешімін тауып келеді.
— Жастар – кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Ұлт болашағы жастардың қолында, сондай-ақ Қазақстанның гүлденуі де, жастардың қолында! Әрбір Қазақстанның жас жеткіншектері қисық не қиғаш ғұмыр кешпей, түзу әрі берік болып жетілуі, болашаққа нық қадаммен бекінуі керек. Қазақстан Республикасының әр азаматының міндеті- заң талаптарын сақтау, өзге адамдардың құқығын бұзбау, өзіне жүктелген міндеттерін жете біліп орындау болып табылады. Заңды білмеу, оны бұзу-жауапкершіліктен құтқармайтынын жас ұрпаққа үнемі түсіндіреміз. Болашағымыз ғұмырлы, салиқалы болуын қаласақ, жасөспірімдердің тәрбиесіне көңіл бөліп, қадағалауына атсалысуымыз қажет, — деді аудан басшысы жастармен болған кездесуде.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев кездесу соңында еліміздің болашағы жастар екенін айтып, олардың азаматтық бастамаларын іске асыруда белсенділіктерін көтеру бағытында түрлі деңгейлі іс-шараларды ұйымдастыруға шақырып, жастарға әрдайым қолдау көрсетіп тұратынын жеткізді. Сонымен қатар, әрбір аудан тұрғынын бірлесе отырып нәтижелі жұмыс атқаруға, ұрпақ үшін үлгі боларлық игі істер тындыруға шақырды.
Ал, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ң басшысы Ернар Бектаев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте «12 тамыз — Халықаралық жастар күніне» орай ұйымдастырылатын апталықтың бағдарламасымен таныстырды.
Апталық аясында Түркістан облысына қарасты барлық аудан-қалаларда «Таза Қазақстан» экоакциясы, «Бар мейірімділік балаларға» атты аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған экскурсия, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, «Спорт біздің серігіміз» атты кіші футболдан жарыстар, жастардың кешкі уақытын қызықты өткізу мақсатында кино көрсетілім, «Жастармен BIRGE» атты мерекелік кеш секілді кең ауқымды іс-шаралар жоспарланған.
Сондай-ақ, мекеме басшысы жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында 2024 жылдың I жартыжылдығында атқарылған істер туралы баяндады.
«Биыл Түркістан облысында жұмыссыз жастар мен NEET санатындағы жастардың үлесін азайту мақсатында 12 мемлекеттік бағдарлама аясында 6 айда 11 058 жас жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, еріктілік және қоршаған ортаны құрметтеуге тәрбиелеу бағытында 2024 жылдың 6 ай қорытындысы бойынша 1 043 іс-шара өткізілді» деп баяндады спикер.
Соңғы кездері «Таза Қазақстан» акциясы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде қоршаған ортаны тазалау жұмыстары қатты қарқын алғаны белгілі. Міне, осынау игілікті іске жастар да өз үлестерін аямай қосуда. Бұл жастардың ынтымақ-бірлігінің мықты екенін, жастар табиғат жанашыры, тазалық сақтаушы екенін анық аңғартты. Жастар жүрген жер қашанда мереке ғой. Сенбілікке шығып, айналаны қоқыстан тазартып қана қоймай жастар табиғат аясында түрлі ойындар ұйымдастырып, туған ел тарихынан түрлі мағлұматтар алды.
Мысалыға, Қазығұрт ауданы әкімдігінің қолдауымен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ң ұйымдастыруымен «Жастар шыңы – 2024» іс-шарасы өтті. Аталмыш шараға Қазығұрт ауданының әкімі А.Исмаилов, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Е.Бектаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Көшкінбай, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Серкебаев, сондай-ақ облыстың әр аймағынан жиналған 50-ге жуық жас қатысты.
«Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркіне» қарасты Өгем тауына арнайы ұйымдастырылған саяхаттың негізгі мақсаты – өңірдегі экотуризмді дамыту, киелі орындар мен тарихи мекендерді жастар арасында кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Jasyl Marathon 24» атты плоггинг болып өтті. Шарада Өгем тауының бөктеріндегі қоқыстар жиналып, арнайы техникалардың көмегімен полигондарға жеткізілді.
Тазалық жұмыстарынан кейін аудан әкімдігі, облыс жастары, Қазығұрт аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандары мен ерікті жастар арасында волейболдан турнир өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің командасы иеленді. Ал 2-орынға «Түркістан» командасы табан тіресе, 3-орын «Қазығұрт ауданы әкімдігінің» командасына бұйырды. Жеңімпаз атанған командаларға аудан әкімінің атынан естелік сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Сондай-ақ, Сайрам аудандық Мансап орталығының мамандары Арыс өзені аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Атқарылған жұмыстар аясында өзен жағасы қоқыстар мен арам шөптерден тазартылды. Сондай-ақ, айналадағы қураған ағаш бұтақтары реттеліп, арнайы қоқыс аймағына шығарылды.
Жалпы Сайрам ауданында өткізіліп жатқан сенбіліктер қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық тазалықты сақтауға атсалысу, туған жерге деген сүйіспеншілікті оятуға бағытталған. Сондай-ақ аудан, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған.
Ал, Халықаралық жастар күні қарсаңында Арыс қаласының белсенді жастары «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, Теміржолшылар саябағында сенбілік ұйымдастырды. Сондай-ақ ауыл жастары мен мәдениет саласының майталмандары да тазалыққа атсалысты. Игі шараның мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, қаланың тазалығына үлес қосу.
Жастар тазалық барысында саябақтағы қоқыстарды жинап, ағаштардың түптерін әктеп, гүлзарларды суғарды. Халықаралық жастар күні – жастардың белсенділігін арттырып, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған маңызды мереке. Арыс қаласының жастары өздерінің ынта-жігері мен жауапкершілігі арқылы бұл күннің мән-маңызын айқын көрсетті.
Фото: Сарыағаш Аудан Әкімдігі, Қазығұрт Аудан Әкімдігі.