Биылғы үш айда тұрақты тұру үшін Қазақстанға 2 мың адам келсе, көшіп-кеткендер саны 5,5 мың адамды құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы көші-қон қызметі органдарына сілтеме жасап мәлім етуінше, 2021 жылғы қаңтар-наурызда 2 066 адам елімізде тұрғылықты тұру үшін тіркелді. Қазақстаннан кеткендер саны — 5 519 адам. Көші-қонның айырымы -3 453 адамды құрады.
«Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі 83,1% және 82,0% құрады», — деді ведомстводан.
Сондай-ақ ақпаратқа сәйкес, ел ішінде қоныс аударатындар саны 9,5% азайған. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Алматы (7 955 адам), Шымкент (5 681 адам), Нұр-Сұлтан (6 260 адам) қалаларында және Маңғыстау облысында (319 адам).