Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев қазақстандық футбол клубтарына бюджеттен қомақты қаржы бері үрдісі тоқтамай тұрғанына алаңдап, депутаттық сауал жолдады.
«Қыруар ақша. Бюджет тапшы боп жатқанда футболға ақша таба қалатын өңір басшыларының шешімін шынымен түсінбейміз. Себебі биыл да аяқдоп аямай асапты. Бұл мәліметтер міне уәкілетті органнан алынды. Мұнша ақшаны аяқдоптың аяғына тастау ақылға сыймайды» дейді депутат еліміздің премьер-министріне жолдаған сауалында.
Бірінші лигадағы футбол клубтарына да бюджеттен қыруар ақша беріледі, алды жылына 1,2 миллиард теңгеден алған. 2025 жылы Премьер-Лига футбол клубтарына 24 миллиард теңге, бірінші лигадағы футбол клубтарына 7,7 миллиард теңге берілген. Сәйкесінше Қазақстанның қамбасынан 2025 жылы футболға 31 799 143 000 теңге жұмсалды деп ресми айтуға болады.
«Міне, футбол клубтарын жекеге берсек кемінде осынша қаражатты үнемдеп оны мұқтаж салаға салуға болады. Оның бірі спорт саласындағы жаттықтырушылардың жағдайы. 2025 жылы еңбек жолын енді бастаған жаттықтырушы 117 мың теңге алса, жоғары санатты жаттықтырушы 145 115 теңгеге күн көруге мәжбүр. Осылайша бұқаралық спорттың дамуына тікелей әсер ететін мамандар айлығын шайлығына жеткізе алмай пұшайман хәлде жүр. Салдарынан спорт саласындағы жаттықтырушылар жаппай білім саласына кетуде, себебі ол жақта жалақы жоғары» деген Нартай Аралбайұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі барлық футбол клубын жедел арада жекешелендіріп, футбол клубтары бүгінге дейін қанша қаражат алды, оны қайда жұмсады, бәрін толық тексеру керек деген ұсыныс айтты.
Фото: NUR.KZ