Сенатор Сұлтан Дүйсембинов Қазақстанда туризмнің дамуына кедергі келтіретін инфрақұрылымдық және экологиялық проблемаларды шешу қажеттігі туралы айтты.
Депутат туризм рентабельділігі бойынша мұнай саласынан кейінгі екінші орында тұрғанын атап өтті. Бұл сала, әсіресе, Алматы облысы мен Жетісу облысында экотуризмнің дамуын ескере келгенде, Қазақстан экономикасының толыққанды драйвері болуға әлеуеті бар. Алакөл және Балқаш көлдері, Қапшағай су қоймасы және ұлттық табиғи парктер инвесторларды тарта алады. Алайда, тиісті инфрақұрылымның болмауы елеулі кедергі болып табылады. Депутат туристік маршруттарда жайлы санитарлық торап пен қоқыс жәшіктерінің, ақпараттық жарнама мен байланыстың болмауы демалушыларға қолайсыздықтар туғызатынын атап өтті. Сондай-ақ, электр энергиясының тапшылығы туризмнің дамуына кері әсерін тигізеді. Ол жаңа қосалқы станция салуды талап етеді.
«Ауыз сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің жайы көңіл көншітпейді. Орталық кәріз жүйесі жоқ болғандықтан, кәріз сулары полигонға төгілуде. Экологиямызға көптеп зиян келуде. Демалыс аймақтарында шомылу маусымында қауіпсіздік шаралары да мәз емес. 2024 жылғы жазғы маусымда мониторинг деректері бойынша тек Алакөл көлінің жағалауында демалушылар саны 2 млн. астам адамды құрады. Оған қоса, судағы мототехникалардың да саны артуда. Осы маусымда адамдардың өміріне қауіп төндіретін су көлігінің демалушылармен соқтығысуы мен ұшақтың құлауымен қайғылы жағдайлар орын алды. Аталған қайғылы оқиғаларды назарға алып, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында тас жолдағы көліктерді қадағалау және суға шомылу маусымында мамандандырылған судағы полиция қызметкерлерін жұмылдыру керек», — деді Сұлтан Дүйсембинов.
Сенатор сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтардың, көл жағасының ластану көлемі өсіп келе жатқаны және қолданыстағы қоқыс контейнерлері жетіспейтінін атап өтті. Аймақты газдандыру да маңызды міндет болып отыр. Ол магистральдық газ құбырын салу жобасын қатаң бақылауды және жұмыстарды уақтылы орындауды талап ететінін атап өтті.
«Сондықтан да жақын уақыттың ішінде туризмді дамытуға мол мүмкіндігі бар жерлерде инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», — деп атап өтті сенатор Дүйсембинов
Фото: ortcom.kz