М. Әшімбаев бір жылда бюджеттің шығыс бөлігі бірнеше рет өзгертілгеніне тоқталып, Қаржы министрі Мәди Тәкиевке қарата бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті.
«Былтыр бір жылдың ішінде бюджеттің шығыс бөлігін – 13 рет, ал, табыс бөлігін 3 рет өзгерттіңіздер. Мұндай қадамның түсімдерге, салықтарға байланысты объективті себептері де болған шығар. Дегенмен, бұл жерде «неге олай жоспарланған», «жоспарлау кезінде атүсті қаралды ма», «тиімсіз жоспарлауға жол берген азаматтар жауапкершілікке тартыла ма, әлде әрі қарай да сол әдіспен жұмыс істей бере ме» деген сияқты жүйелі мәселелер туындайды. Яғни, жауапкершілікке, жоспарлаудың сапасына, бастапқы деректердің дұрыстығына қатысты түйткілдер бар. Сондықтан бұл жұмысқа кешенді түрде қарап, бюджетті жоспарлауды жаңа деңгейге шығару керек», – деді Сенат Төрағасы.
Палата Спикері бір жылда бюджетті 13 рет өзгерту нағыз рекорд екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта ондай олқылыққа жол бермеу керектігін баса айтты.
«Әрі қарай бұлай жалғастыра беруге болмайды. Жоспарлау мәселесін тек министрліктердің өздері ғана жасамай, бұл іске мамандарды, тәуелсіз сарапшыларды тартқан ұтымды болары сөзсіз. Соның жолдарын қарастырған жөн. Өйткені, мұндай істі корпоративті негізде атқару ерте ме, кеш пе қателіктерге алып келетіні түсінікті. Сол себепті, бюджетті жоспарлау процесінің ашықтығын, оның жаңа принциптерін қамтамасыз ететін уақыт келді. Сондықтан осы бағытта да нақты жұмыстарды қолға аласыздар деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында Палата депутаттары Үкімет пен Жоғары аудиторлық Палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады.
Фото: Егемен Қазақстан