Мәслихат депутаттары бұл екі басқарманың не үшін қосылып жатқанын, тіпті, екі басқарманың жұмыс істеу функциялары бір-біріне сай емес екенін айтып, бұл бірігуге күдік келтірген еді. Бірақ облыс әкімдігі осындай оңтайландыру тиімді екенін алға тартты.
Енді арада бір айдай уақыт өткенде яғни, 24-сәуір күнгі Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясында облыс әкімінің аппараты осы екі басқарманы бір-біріне қоспау туралы ұсыныс алып келді.
— О баста Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы мен Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасын қосу арқылы Бақылау басқармасын құру жоспарланған еді, — деді бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімі аппаратының жетекшісі Лесбек Ілебаев облыстық мәслихат сессиясында. — Осылайша Жамбыл облыстық мәслихатының 2024 жылдың 28-наурыздағы шешімімен жаңа редакцияда Жамбыл облысының Бақылау басқармасы енгізілген еді. Енді Бақылау басқармасын алып тастап екі басқарманы қайтадан енгізу туындап отыр. Себебі, Жамбыл облысының аппаратына ағымдағы жылдың 28-наурызында Мемлекеттік органдардың интернат порталы бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы ҚР Үкіметі қаулысының жобасы келіп түсті. Аталған қаулыға сәйкес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамында Мемлекеттік Еңбек инспекциясы комитетін құру көзделіп отыр. Өз кезегінде құрылған комитеттің аумақтық бөлімшелерін, яғни, облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада департаменттер ашу жоспарлануда. Осылайша жергілікті Еңбек инспекциясы басқармасы министрліктің қарамағына берілетін болады. 2024 жылдың 28-наурызға дейін департаменттерді министрлікке беру туралы қандай да бір заң актілері түскен жоқ.
Яғни, облыс әкімі аппараты жетекшісінің айтуына қарағанда еңбек инспекциясы басқармасы министрлікке беріледі, ал, Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет және құрылыс басқармасы өз алдына бөлек боп қала береді.
Алайда бір айда бір мәселе бойынша екі түрлі ұсыныс алып келу депутаттардың ашу-ызасын туғызды.
Дамир Ташқараев, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты:
— 28-наурызға дейін сол екі басқарманы қосуға болмайтынын, Еңбек инспекциясының министрлікке қосылатыны туралы алдын-ала хабардар болдыңыздар ма? Ешқандай хат келмегенін айттыңыз. Бірақ жалпы білдіңіздер ме?
Лесбек Ілебаев, Жамбыл облысы әкімі аппаратының жетекшісі:
— Жоғары жақтан ешқандай хат, хабарлама келген жоқ. Ешқандай тапсырма болған жоқ. Бірақ, алдын-ала сондай хабарлама ол жылдың соңында бекітіледі деп ойладық. Себебі жылдың ортасында бекітіледі деген мәселе болған жоқ.
— Қалай дедіңіз? Жылдың соңында бекітіледі деген хабарлама болды дедіңіз бе?
— Жоқ, ондай хабарлама болған жоқ.
— Әлгінде не айттыңыз, жылдың соңында не болады деп айттыңыз?
— Жылдың соңында беріледі деп ойладық.
— Енді облыс әкімін, облыстық мәслихатты халықтың алдында ұятқа қалдырмай-ақ, бір хат жібере салсаңыздар болмайтын ба еді? Біз 28-наурызда өтетін мәслихат сессиясына екі басқарманы қосу туралы ұсыныс тастайын деп жатырмыз деп…
— Бұл жерде ұятқа қалатындай қандай тірлік болып жатыр?
— Бір хат жолдау қиын болды ма? 28-наурызда екі басқарманы қосамыз, 24-сәуірде қайта ажыратамыз. Соны қоспай-ақ, о бастан-ақ хат жолдап сұрай салса болмайтын ба еді? Жылдың аяғына дейін бекітілмейтін шығар деп хабардар болдық деп айтып қалдыңыз. Соған орай хат жібере салуға болмады ма?
— Ешқандай да хабарлама болған жоқ. Ойладық деп айтқан себебім, министрліктің деңгейінде осындай талқылау жүріп жатқаннан кейін біз өз пікірімізді айтып жатырмыз. Жеке өз пікірімді айтып жатырмын. Егер қосылған күнде де жылдың соңына дейін қосылатын шығар деп… Бірақ оның өзі екіталай болған. Ешқандай хат-хабар келген жоқ. Әлі бұл басқармалар қосылған жоқ. Облыс әкімінің қаулысы шыққан жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында бірнеше басқарманы бір-біріне қосу туралы ұсыныс жасалған болатын. Атап айтсақ, облыстық Тілдер басқармасын Мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасына, Жастар басқармасын Ішкі саясат басқармасына біріктіру, сондай-ақ Туризм мен Кәсіпкерлік басқармаларын бір-біріне қосу туралы ұсыныс жасалған. Депутаттар қолдады.
Ал сессия өткен 28 наурыз күні Еңбек инспекциясы басқармасы мен Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы бір-біріне қосу туралы ұсыныс жасалғанымен, жоғарыда айтқанымыздай тура сол күні Еңбек инспекциясы басқармасын министрлікке беру туралы да ұсыныс түсіп, басқарма енді республикаға бағынышты болатындықтан бұл процесс осымен тоқтап қалды.