- 158,8 МЛН ТЕҢГЕ НЕГІЗСІЗ ТӨЛЕНГЕН
Жамбыл облысы бойынша Тексеру комиссиясы өткен жылы облыстық білім басқармасына қарасты 4 мектеп интернаттың, Тараз қаласы мен Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Қордай аудандары білім бөлімдерінің жұмыстарын тексеріп, білім саласының қызметінің тиімділігі мен бөлінген бюджет қаражатының пайдалану тиімділігін сараптайды.
Осы тексеру барысында 2021-2023 жылдар аралығында аудандардағы білім бөлімдеріне қарасты орталықтандырылған бухгалтерияның бас есепшісі, бас есепшінің орынбасарларына, есепшілеріне, экономистеріне, инженер-құрылысшыларға, заңгерге лауазымдық нұсқаулықтарымен көзделген негізгі жұмыстарымен қатар, белгіленген жұмыс күнінің ұзақтылығы шеңберінде, атқаратын өзге де жұмыстар тиісті құжаттармен дұрыс рәсімделмей, қызмет көрсету аймағын кеңейтілуіне байланысты 50 пайыз мөлшерінде жалпы сомасы 158,8 млн. теңге қосымша ақылар негізсіз төленгені анықталады.
Нақтырақ айтсақ, Жамбыл ауданында — 21 881,3 мың теңге, Меркі ауданында — зиянды үшін — 11 949,8 мың теңге және қызмет көрсету аймағын кеңейту — 65 093,7 мың теңге, Мойынқұм ауданында — 22 848,9 мың теңге, Қордай ауданында — 36 999,0 мың теңге.
Сондай-ақ, білім басқармасына қарасты 3 мектеп интернат және Тараз қаласының білім бөлімі бухгалтериясының қызметшілеріне лауазымдық жалақысынан 30% мөлшерінде жалпы сомасы 101,4 млн. теңге қосымша ақылар тиімсіз жұмсалған (№4 «Үміт» арнайы мектеп-интернаты — 1 928,9 мың теңге, Н.Тілендиев атындағы көп балалы және аз қамсыздандырылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернаты — 1 370,4 мың теңге, №1 «Өркен» арнайы мектеп-интернаты – 1 014,6 мың теңге және Тараз қаласының білім бөлімі бойынша — 97 060,8 мың теңге).
Және аудит Тараз қаласы мен аудандардағы жұмыс атқарып жатқан орталықтандырылған бухгалтерия туралы ереже бүгінгі күнге дейін бекітілмегенін анықтайды. Аудандар мен Тараз қаласындағы орталықтандырылған бухгалтерияның статусы дұрыс айқындалмай, қызметкерлерінің штаты заң талабына қайшы түрде бекітілген. Басқарма мен аудандық білім бөлімдерінің орталықтандырылған бухгалтерия қызметі бір жүйеге үйлестірілмеген.
Міне, мемлекеттік аудит тексерісі осылай дейді.
Енді осы мәселені қарапайым тілмен қысқаша түсіндіріп өтсек, былай…
2. БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА ТҰТАС ҚЫЛМЫСТЫҚ СХЕМАЛАР АШЫЛДЫ
2010 жылға дейін Жамбыл облысының мектептерінде жеке бухгалтерия жұмыс істеді. Яғни, әр білім беру мекемесінің жеке бухгалтері, жеке мөрі болды. Бірақ мектеп директорларының құқықтық сауаты жетпегендіктен оңды-солды коррупцияға ұрынып, сол жылдары білім саласында заңбұзушылықтың саны рекордық деңгейге жетті десе де болғандай… Бір қарағанда түкке тұрмайтын заң бұзушылықтар: кейбір құжаттардың мерзімі өтіп кеткен немесе қаржыны дұрыс аудармау деген сияқты… Алайда талай мектептің басшылары осы ұсақ-түйек заңсыздықтардан кейін сотталып кете жаздағаны бар.
2009 жылы Жамбыл облысының тізгінін қолға алған Қанат Бозымбаев бұл мәселеге сергек қарап, мектептің есеп-қисабын мамандардың қолына бермесе білім саласындағы басшылардың барлығы дерлік істі болып шығатынын анық аңғарды. Сонымен 2010 жылдан бастап облыс және аудан әкімдерінің қаулысымен білім саласының бухгалтериясы орталықтандырылды.
Бірден айту керек, бұл өте дұрыс қадам болды. Өйткені әр мектеп, әр бала бақша өзі би, өзі қожа болып отырғанда оның қаржысын бақылау мүмкін емес еді. Алайда орталықтандырылған бухгалтерия еліміздің 4-5 облысында ғана жүзеге асты. Рас, кейбір облыстардың кейбір аудандарында пилоттық жоба ретінде қолға алынған.
Естеріңізде болса, 2023 жылы Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшылары 2 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді деген ақпарат бүкіл елді шулатты. Осыдан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім саласында ауқымды жемқорлыққа жағдай жасайтын жүйелі проблемаларды анықтады. Яғни, бүкіл республика бойынша жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау аясында білім беру саласында тұтас қылмыстық схемалар ашылды. Алматы, Шымкент және Талдықорған қалалары, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының білім беру саласындағы лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер тергелді.
Міне, осы тексерудің нәтижесінде Жамбыл облысының білім саласының қаржы мәселесі басқаларға қарағанда таза болып шықты. Өйткені бухгалтерия орталықтандырылған. Барлық қаржы бақылауда.
3. 1,5 МЫҢ АДАМНЫҢ ЖҰМЫСЫН 580 БУХГАЛТЕР АТҚАРЫП ОТЫР
Енді 2016 жылдан бастап Жамбыл облысының білім басқармасы бухгалтерлерге қосымша ақы төлей бастайды. Не үшін? Негізі норматив бойынша мектептерде сыныптардың аз-көптігіне байланысты бухгалтерлердің де штаттық бірлігі белгіленеді. Осы нормативке сенсек, қазір Жамбыл облысының білім саласында 1,5 мыңнан астам бухгалтер жұмыс істеуі керек екен. Ал, бірақ орталықтандырылған бухгалтерияда ондай штатты ұстап тұру мүмкін емес болғандықтан бүгінде білім саласында 580-ге жетер-жетпес есепші еңбек етіп жүр. Яғни, 1,5 мың адамның жұмысын осылар істеп отыр деген сөз.
Тағы бұл қызметтің 15-20 пайызы үнемі бос тұрады. Өйткені жалақысы аз, жұмысы көп болған соң бухгалтерлер бұл салаға келгісі келмейді. Осыдан кейін бір бухгалтердің жүктемесі 2-3 есеге көбейіп кеткен. Мұғалімдердің жалақысын көтерген кезде бухгалтерлер азаматтық қызметші санаты болғанымен педагог санатына жатпайтын болғандықтан жалақылары өспей, сол күйінде қалады.
Енді не істеу керек? Білім саласындағы бухгалтерлерді қайткен күнде ұстап қалуға болады? Білім басқармасы бұл тығырықтан шығудың бір-ақ жолын таңдайды. Яғни, Еңбек кодексіне сүйене отырып бухгалтерлерге қосымша ақы төлеуді Ұжымдық шартқа енгізіп, 2016 жылдан бастап қосымша ақша төлей бастайды.
4. ҰЖЫМДЫҚ ШАРТТЫ МОЙЫНДАЙ БЕРМЕЙДІ
Міне, арада қаншама жыл өткенде Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы осы қаржылар негізсіз төленген деп отыр. Бұған білім жағы өз уәжін айтады.
Біз бұл жөнінде «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Ерұлан Мағзымбековпен сөйлестік.
— Бұл проблема дәл бүгін пайда бола салған жоқ, — дейді Ерұлан Сәбенұлы. – Бұған дейін де тексерілген, анықталған. Енді бұл дау тексерушілердің Ұжымдық шартты мойындамауынан туындап отыр. 2021-2023 жылдарға арналған Жамбыл облысы білім беру ұйымдарының Ұжымдық шарттарында мынандай нормалар бар, «Білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне, іс жүргізушілерін, есепшілерін және үнемдеушілерін қоса алғанда, еңбек шарттары және лауазымдық нұсқаулықтарымен көзделген негізгі жұмыстарымен қатар, белгіленген жұмыс күнінің ұзақтылығы шеңберінде, атқаратын өзге жұмыстарымен байланысты қызмет көрсету ауқымының артуына сәйкес қызметкердің лауазымдық жалақысының 50 пайызынан кем емес көлемде қосымша ақы беріледі. (Келісім, Ұжымдық шарттардың 6.5.15 т.т.).
Және ҚР Еңбек кодексінің 150 бабы 5 тармағында «Жұмыскерлерге бір мезгілде бірнеше келісімдердің күші қолданылған жағдайларда, жұмыскерлердің жазбаша өтініштері болған кезде келісімдердің жұмыскерлер үшін неғұрлым қолайлы шарттары қолданылады» деген норма көзделген.
Осы ретте, аудандардың білім беру ұйымдарының Ұжымдық шарттарында «Білім бөлімінің орталықтандырылған есеп-қисап бөлімінің және білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының бас есепшілеріне, бас есепшілерінің орынбасарларына, есепшілеріне, бас үнемдеушілеріне, үнемдеушілеріне, сектор меңгерушілеріне, заңгерлерге, нұсқаушы-бағдарламашыларына, бағдар-ламашыға, инженер-құрылысшыға, инженер-бағдарламашыға қызметкердің лауазымдық жалақысының 50 пайызынан кем емес көлемде қосымша ақы беріледі. Аталған қосымша ақы жұмыс беруші актісіне сәйкес белгіленеді (6.5.15.)»- деп көрсетілген.
Сондай-ақ, Тараз қаласы (6.5.16) және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына тікелей бағынысты білім беру ұйымдарының Ұжымдық шарттарында «Білім беру ұйымының бас есепші, есепші, бас үнемдеуші, үнемдеуші, есеп бөлімінің мамандарына жұмыскердің лауазымдық жалақысының 30 пайыз көлемінде қосымша ақы беріледі (6.5.14.).
Білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне, іс жүргізушілерін, есепшілерін және үнемдеушілерін қоса алғанда, еңбек шарттары және лауазымдық нұсқаулықтарымен көзделген негізгі жұмыстарымен қатар, белгіленген жұмыс күнінің ұзақтылығы шеңберінде, атқаратын өзге жұмыстарымен байланысты қызмет көрсету ауқымының артуына сәйкес қызметкердің лауазымдық жалақысының 50 пайызынан кем емес көлемде қосымша ақы беріледі (6.5.15.)»- деп көрсетілген.
Міне, осылайша Ерұлан Мағзымбеков қызметкерге қосымша ақы түріндегі төлемдер, ынталандыру сипатындағы төлемдерді жүргізу, тағайындау ҚР Еңбек кодексінің, ҚР Үкіметінің тиісті қаулыларының нормаларымен регламенттелгенін айтады.
5. ТӨЛЕНІП КЕТКЕН ҚАРЖЫЛАРДЫ КІМ ҚАЙТАРУЫ КЕРЕК?
Иә, сонымен Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы білім саласында жалпы сомасы 158,8 млн. теңге қосымша ақылар негізсіз төленгенін анықтадық деп отыр. Бұл тағы 5 аудан мен Тараз қаласының білім саласында ғана анықталған жәйттер. Және бұл тек Жамбыл облысының басында ғана бар проблема емес. Бухгалтериясы орталықтандырылған басқа да облыстарда дәл осындай кемшіліктердің бар екені айдан анық.
Сондықтан Тексеру комиссиясы 2021-2023 жылы негізсіз төленген қаржылар бюджетке қайтарылуы керек дегенді айтады.
Енді бізді мынандай сұрақтар мазалайды. Қосымша ақы төлеу 2016 жылдан басталған. Неге шынында енді анықталып отыр? Сегіз жылдан бері негізсіз төленген бұл қаржыларды аудиторлар білмеді емес, білді ғой. Неге енді жария болып отыр?
Тағы бір сұрақ, әлдеқашан төленіп кеткен бұл қаржыларды кім қайтаруы керек? Талай жылдан бері қаржының қызығын көрген бухгалтерлер ме? Жоқ, әлде қосымша ақы төлеуді қиыннан қиыстырып заңды деп тауып, қаржыны аударуға рұқсат берген білім саласының басшылары ма? Бухгалтерлер басшы рұқсат бермесе өз-өздеріне қосымша ақы жазып ала алмайтыны тағы белгілі ғой.
Біздің білетініміз, осы түйіткілді мәселе бойынша білім саласының бухгалтер мамандарынан бүгінгі күнге 339 адам қол қойған 8 ұжымдық және жұмыс берушілерден 6 өтініш түскен. Тіпті Тексеру комиссиясы нұсқамасының күшін жою туралы сотқа талап арыз берілді. Қазір сотқа дейінгі реттеу шаралары жүргізілуде.
Бұл мәселе Жамбыл облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясында да қаралып, білім саласы мен тексеру комиссиясының басшылары, қызметкерлері бетпе-бет отырып, жағдайды талқылады. Тіпті облыстық мәслихат депутаты Фарида Жүнісова Жамбыл облысының әкімі Е. Қарашөкеевке депутаттық сауал жолдаған болатын.
Әрине, облыс әкімі бұл істен хабардар болуы керек. Бірақ неғып екенін қайдам, облыс әкімінің атын жолданған хатқа оның бірінші орынбасары Нұржан Календеровтен жауап келіп, соттың шешімімен кейін ғана тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізіпті.
6. ӘКІМДЕР БҰЛ ІСТІҢ АРТЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕ ТҰРҒАНЫН АҢҒАРА МА?
Сонымен білім саласында қосымша ақы төлеу 2023 жылдың қараша айынан бастап тоқтады. Яғни, білім саласында тағы да аласапыран. «Қосымша ақы төлеу заңсыз екен» дегенді естіп білім бөлімдерінен бухгалтерлер жұмысын тастап кетіп жатыр. Және ендігі жерде қосымша ақы төленбесе бұл жұмысқа келушілердің қатары да артпасы анық. Яғни, басқа есепшілердің жүктемесі тағы да көбейе түседі деген сөз.
Жалпы облыс басшылары бұл істің артында үлкен әлеуметтік мәселе тұрғанын аңғара ма, жоқ па? Өйткені білім беру саласы – үлкен армия. Бүгінде 446 күндізгі мектепте 236 666 оқушы білім алуда. 40 мыңнан астам педагог, 25 мыңнан астам қосымша мамандар бар. Осыншама еңбеккердің жалақысын, шығынын есептеп, уақтылы жөнелтіп отыру да оңай шаруа емес.
Одан бөлек білім саласында қаншама қаржылық операциялар жүреді. Ертеңгі күні білім саласының бухгалтериясынан мамандар топ-тобымен кетіп жатса баяғыдай коррупцияны өрістетіп, жемқорлыққа батып қалмаймыз ба?
Қазір жалақы сәл кешіксе патриоттар әлеуметтік желілерді шулатып, қара аспанды төндіріп жібереді. Егер білім саласының есеп-қисабында маман қалмаса, жалақыны дұрыс есептемеу, жалақыны кешіктіріп беру жиі орын алып, халықтың тыныштығы тіптен бұзылмай ма?
Білім басқармасы мен білім бөлімдері сол төлемді жүргізуге негіз болатын құжат ретінде Ұжымдық шарттарға бір кездері өздері қол қойған. Жергілікті мәслихаттар оны бекітті. Енді тексеру комиссиясы осынау кемшілікті жария еткеннен кейін білім басқармасы екі оттың ортасында қалып отыр. Мына жақтан мемлекеттік органның нұсқауын орындауы керек, екінші жақтан қызметкерлері әлеуметтік қысым тудырып отыр. Осылайша білім басқармасы екі ортада шарасыз күй кешуде.
Қалай айтсақ та, білім басқармасы мен Тексеру комиссиясының текетіресі тіптен, тереңдеп барады. Кім жеңеді, кім жеңіледі? Қайсысының мерейі үстем болса да бұл істің түбінде білім жағы ұтылатыны анық. Өйткені сот төленген қаржыны қайтарсын десе де, қайтармасын десе де, алдағы уақытта білім саласында қосымша қаржы төлене қоюы екіталай. Осыдан кейін білімде маман тұрақтай ма?
Сондықтан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұл істе соттың шешімінен бұрын жанашыр көзқарас керек екенін түсінуі керек. Әрине, соңғы сөзді сот айтатыны белгілі. Тексеру комиссиясының қорытындысын да мойындамауға болмас. Бұл іске қылдан май суырғандай, арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін іскерлік қажет.