Алғаш рет өтіп жатқан бұл бастама жас менеджерлер пулын қалыптастыруға және мемлекеттік қызметке дарынды жастарды тартуға бағытталған. Іріктеуді облыстың кадр комиссиясы жүзеге асырады. Жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты болған сайысқа 600-ден астам адам құжат тапсырған. Маңызды жобаны Түркістан облысының әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті бірлесіп өткізді. Құрылымдық сұхбатқа өңірлік кадр комиссиясының төрағасы, облыс әкімі Дархан Сатыбалды төрағалық етті.
Енді нақтырақ айтатын болсақ, 2024 жылдың 1 наурызынан бастау алған осы іріктеуге қатысу үшін Түркістан облысында 634 кандидат онлайн портал арқылы өтініш білдірген. Оның ішінде, заңнаманы білу тестілеуіне 297 үміткер қатысып, одан әрі жеке қасиеттерін бағалауға 110 үміткер жіберілген. Нәтижесінде, Астана қаласында Асессорлармен өткен «Құзыреттерді бағалау» кезеңіне қатысуға 62 кандидат мүмкіндік алған.
Осы «Құзыреттерді бағалау» кезеңіне жіберілген кандидаттар арасынан 50 кандидат іріктеудің «Құрылымдық сұхбат» кезеңіне жіберіліп отыр. «Құрылымдық сұхбат» кезеңінде кандидаттар өздері таңдаған салалық бағыттары бойынша дайындаған жобаларын қорғап, өз идеялары мен мақсаттарын айта отырып, мүмкін болуы проблемаларды, күтілетін нәтижелерді түсіндірді.
Екі күнге жалғасқан іріктеудің қорытындысымен 50-ден астам үміткердің ішінен үздік деп танылған 30 жас өңірлік резерв құрамына қабылданады. Өңірлік резервте болу мерзімі — 2 жыл. Олар жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына конкурстық іріктеусіз орналаса алады. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысты.
Сұхбатқа қатысқан кандидаттар таңдаған салалық бағытына сәйкес дайындаған жобаларын таныстырды. Жобаның мақсатын, мазмұнын, күтілетін нәтижесін, экономикалық-әлеуметтік тиімділігін айтып, қорғады. Комиссия мүшелері тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді. Үміткерлер денсаулық сақтау саласын дамытып, ардагерлер үйлерін модернизациялау, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасаудың жаңа жолдарын ұсынды. Халықтың табысын арттыру жолдарын, тарихи құндылықтарды сақтау тәсілдерін таныстырып, төлем саласын цифрландырудың жаңа жолдарын көрсетті. Жасанды интеллектінің көмегін пайдаланудың қыр-сыры мен әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарымен бөлісті.
Сондай-ақ іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында кандидаттармен сұхбаттасу кезеңінде қоғамдық ұйымдардың өкілдері, әр түрлі салалар бойынша сарапшылар қатысты.
Осылайша Наурыз айында басталған республикалық науқанның ақтық кезеңіне де келіп жетті. Жастар арасындағы кадрлық іріктеудің мақсаты — жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту болып табылатынын жоғарыда айттық.
Осыдан бес жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде Президенттік кадрлық резервті қалыптастыру ісі қолға алынған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп тартылуы тиістігін, оларды талапты жастар арасынан іріктеп алу қажеттігін мәлімдеген еді. Бүгінгі таңда осы өміршең жобаның арқасында білімді жастардың үлкен шоғыры қалыптасып, талай талантты қыз-жігіттерге мемлекеттік қызметке жолы ашылды. Бұдан жастар да, мемлекет те ұтатыны сөзсіз.
— Енді міне, биыл Президенттік кадрлық резервтің өңірлерге арналған баламасын іске асыру бастамасы қолға алынды, — дейді бұл жөнінде өңірлік кадр комиссиясының мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай. — Мемлекет басшысы әкімдерге бұл іріктеу жұмыстарын ашық әрі әділ түрде өткізуді, сонымен қатар аймақтық кадрлық резервті жасақтау барысында әр облыстың әлеуметтік-экономикалық ерекшелігін ескеруді тапсырды. Содан болса керек, комиссияларға әкімдердің өздері төрағалық етуде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды төрағалық ететін комиссия мүшелері мен сарапшылардан құрылған жұмыс тобы екі күн бойы кадрлық резервке үміткерлердің жобаларымен таныстық. Маңызды жобаны Түркістан облысының әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті бірлесіп өткізді. Екі күнге жалғасқан іріктеудің қорытындысымен 50-ден астам үміткердің ішінен үздік деп танылған 30 жас өңірлік резерв құрамына қабылданады. Өңірлік резервте болу мерзімі — 2 жыл. Олар жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына конкурстық іріктеусіз орналаса алады. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысты.
Жалпы алғанда еліміздің барлық аймақтарында өңірлік кадр резервтеріне іріктеудің құрылымдық сұхбат кезеңі өтуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Бізге түрлі салаларда, жауапкершіліктен қорықпайтын, ерекше әрі тиімді шешімдер қабылдай алатын жаңа формациядағы басқару тобы қажет. Дәл осындай адамдар ел қалауындағы нәтижеге қол жеткізуге қабілетті». Иә, қалай айтсақ та Өңірлік кадр резерві талапты жастарға бірегей мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызмет ешқашан бір орында тұрмайды. Әрдайым жаңарып отырады. Білікті мамандарға әрдайым сұраныс болады. Мемлекеттік қызмет атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Кадрларды іріктеудің ашық, ең бастысы – әділ жүйесін қалыптастыру басты мақсаттың бірі.
Президенттік жастар кадр резервінің форумында Мемлекет басшысы мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керектігін және оларға үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтқан еді. Бүгінде бастамашыл, жаңаша ойлай алатын жастарды тарту арқылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буыны қалыптасты. Резервке іріктеу жүзеге аса бастағаннан бері жауапты қызметтегі жастардың үлесі артты.
Ендеше мемлекеттің саясатын жүргізіп, ел дамуына зор үлес қосып отырған мемлекеттік қызметшілердің арасында өз ісіне адал, әдептен озбайтын, отаншыл, сыбайлас жемқорлыққа ойымен де, ісімен де қарсы азаматтардың көп екені көңілге қуаныш ұялатады.