Шыны керек, бұл реформа мемлекеттік қызметке ашық бәсекелестік және іріктеу ашықтығы қағидаттары негізінде тұру мүмкіндігін арттырды. Жалпы алғанда Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өткен болатын.
Сол кезде Мемлекет басшысы резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтқан еді. Іріктеуге түрлі салалардың өкілдері, түрлі кәсіп иелері қатыса алады. Олар міндетті түрде мемлекеттік қызметкер болуы шарт емес, квазимемлекеттік сектор, жекеменшік сектор, азаматтық қоғам өкілдері бола алады.
Резерв жедел шешім қабылдауға қабілетті, құбылмалы жұмыс жағдайларына жылдам икемделе алатын “жаңа формация” басшылары бола алатын мемлекеттің жоғары басқарушылық қызметтеріне әлеуетті үміткерлерді біріктіретін болады.
Міне, осы орайда Мемлекет басшысы дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяны алға тартқан болатын. Бұл бастама барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделген жоба боп саналатынын жоғарыда айттық. Мәселен, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралады.
Бұл орайда Президент жастар кадры резервін құрудағы мақсат елімізде жастар саны артып келеді. Солардың арасынан ең үздіктерін мемлекеттік басқару ісіне іріктеп алу керектігі жайында айтқан еді.
«Елімізде жоғары білікті және білімді жастардың саны артып келеді. Олардың көпшілігі уақыт өте келе еліміздің жаңа озық көшбасшыларының қатарын толықтырады. Менің бастамам бойынша құрылған Президенттік кадр резерві — осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам сұранысына бағытталған басшыларды іріктеуге ерекше мән береміз. Билікте отырған әрбір адам ең алдымен ұлттық мүддені басшылыққа алуы керек», — деген болатын Президент.
Бұл ретте Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт болып табылмайды. Резервте тұрған тұлғалар Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады.
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы әкімі аппараты персоналды басқару кадр қызметі бөлімшесінің басшысы Балжан Құралбайқызының айтуынша аудан әкімдігінде 195 мемлекеттік қызметші жұмыс атқарады. Солардың орташа жасы 35-ті құрап отыр. Яғни әкімдік қызметкерлердің көпшілігі жастар деген сөз. Өз кезегінде өңірлік кадр резервіне Қазығұрт ауданынан 3 мемлекеттік қызметші өтті. Әрине, бұл тізімге іліну үшін құжат тапсырғандар өте көп болды. Дегенмен солардың ішінен төртеуі іріктеліп, соңғы шешім қабылдану үшін құжаттары Астанаға жіберілді.
Балжан Құралбайқызы мемлекеттік қызметке тұру да, қызметтен кету де оңай болсын деп «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, үздік түлектерді конкурссыз іріктеп жұмысқа қабылдау керек деген жаңа ереже пайда болғанын айтады. Дей тұрғанмен аудан әкімдігі оқу бітіріп келген маманды бірден жұмысқа ала салмайды. Ол үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің келісімі қажет. Ал бұрынғы кезде оқу бітірген жас мамандар әкімдік жұмысқа тек конкурспен қабылданатын. Президент тапсырмасына сәйкес жаңа өзгеріс былтырдан бастап заңды күшіне енді.
Бұл жерде үздік дипломмен бітірген түлектің оқудағы озат нәтижесі ескеріліп отыр. Бұрын жоғары оқу орнын қай дипломмен бітіріп келсе де жастар тек конкурспен жұмысқа алынатын. Жаңа ереженің артықшылығы сол үздік оқыған жасқа артықшылық беріліп отыр. Яғни ендігі жерде үздік белгісі бар дипломдар әрдайым бағаланатын болады. Бұл бір жағынан жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыру болып табылады.
Өңірлік кадр резервіне үміткерлер алғашқы екі сынақты жергілікті жерде тапсырса, үшінші кезеңде Астана қаласында сұхбаттасудан өтеді. Осы іріктеулерден сүрінбей өткендер өңірлік кадр резервіне алынады. Негізінен өңірлік кадр резервіне Қазығұрт ауылдық округі әкімі аппаратынан екі адамның үміткерлігі қабылданған. Олар аталған ауыл округі әкімінің орынбасары мен бас маманы. Сонымен бірге бір үміткер аудандық ішкі саясат бөлімінен болса, төртіншісі Тұрбат ауылдық округі әкімі аппаратында істейтін бір қызметкер. Алайда бүгінгі таңда 3 үміткер ғана өңірлік кадр резервіне алыну үшін іріктеудің соңғы кезеңінен өтуге Астанаға жолдама алды.
Өз кезегінде өңірлік кадр резервінің бірінші, екінші кезеңіне Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті іріктеу жүргізеді. Өңірлік кадр резервіне қабылданған азаматтар бұрынғы жұмысын атқара береді. Алдағы уақытта жоғары лауазымды бос жұмыс орындары пайда болса, соған ешқандай конкурссыз өте алады. Яғни жоғары лауазымды орын босаса, өңірлік кадр резервінде тұрған азаматқа ұсыныс беріледі. Егер ол келісімін берсе жоғарыда айтқанымыздай байқаусыз жұмысқа қабылданады. Өңірлік кадр резервіне іріктеу конкурсы биыл көктемнің алғашқы айында басталды. Сондықтан бұдан былай да бұл бастама жалғасын табады. Б.Құралбайқызы мәлім еткендей, жобаның негізгі мақсаты — жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту.
Білікті мамандар шоғырын іріктеу саясатының мән-мағынасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөзінен анық ұға аламыз.
«Бізге түрлі салаларда, жауапкершіліктен қорықпайтын, ерекше әрі тиімді шешімдер қабылдай алатын жаңа формациядағы басқару тобы қажет. Дәл осындай адамдар ел қалауындағы нәтижеге қол жеткізуге қабілетті» деген болатын.