Қазақтың біртуар ұлы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының жаназасы жайлы ел естімеген бір шындық бар. Мұсылман баласы қайтыс болған шақта ең қысқа мерзімде жуылып, жаназа намазы оқылып, көмілу керек. Батыр атамызды бұл дәстүрмен ақтық сапарға шығарып салу қиынға соққан.
Келіні Зейнеп Ахметова Бауыржан Момышұлы жайлы бұрын айтпаған шындықты жариялады. Бұл туралы “Зейнеп апаның әңгімелері” бағдарламасында айтылды.
“Атам қайтыс болғанда Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдық мерейтойын тойлап жатқан. “Қосылсаңдар, өздерің қосылыңдар, мен кеттім” дегендей атам сол күні қайтты. Той тойланды. Ертесі РСФСР әдебиеті мен мәдениеті күндері басталды. Бүкіл танымал орыстың бәрі келді. Солай той тойлап жатқанда атамды жерлей алмады. Құдай басқа салмасын. Қазір ойласам, әлі күнге жүрегім ауырады. Ол кезде Кеңес Одағының кезі. Біз араласа алмаймыз. Қазір болса, аулақ жүріңдер дейтін едік қой. Солай төртінші күні дегенде атамды жерледі. Бірінші Кеңсай деп аталатын жерде жоғары жағына, көкмайса гүлденген оңаша төбеге атам жалғыз қойылды”, – деп еске алды Зейнеп Ахметова.
Бұл 1982 жылдың жаз мезгілі еді. Бауыржан Момышұлын жерлеген күні Алматының ауа райы да құбылып, тосын мінез танытыпты.
“Атаны жерлеп жатқанда ауа райы күрт бұзылып, найзағай ойнап, қара бұлт үйіріліп, астаң-кестең болды. Әскери адам болған соң сарбаздар аспанға үш рет оқ атқан. Бәрі содан деп ойлады. Бірақ, меніңше, ол басқа тылсым дүние. Табиғаттың тылсым күші ме деймін. Алланың атаны төрт күн жатқызып қорлағанына кейігені ме, табиғаттың ерекше тосын мінезі ме, бір адам түсінбейтін құбылыс болды. Көпшілік қатты таңғалды. Оның алдында ғана күн ашық еді. Тосыннан бұзылды. Бұл басқа тылсым күш”, – дейді жазушы.
Көпшілік Бауыржан Момышұлын халық қаһарманы деп біледі. Оқулықтарда батырға бұл атақ 1995 жылы берілді деп жазылған. Ал Зейнеп Ахметова шын мәнінде мұндай атақтың берілмегенін алға тартады.
“Атаны халық қаһарманы атағын алды деп жазады. Бірақ берілген жоқ. Берілсе, жақындарына табысталатын еді. Атаға атақтың да керегі жоқ. Халық баяғыда атағын беріп қойған. Тек неге берілмеген атақты берді деп жазды деп сұрау салғанымызда Ақтоты Райымқұлова “бұл атақ – ресми емес берілген атақ” депті. Сондай да бола ма? Кейін осы туралы газетке көлемді мақала жаздым, бірақ ешкім жауап берген жоқ”, – деді Ахметова.