Қайырымдылық жасау үшін асып-тасқан бай болу керек емес екен. Ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әр түрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқау жүргендерді жұбата отырып күлкі сыйласа, екіншілері қиын сәтте қол ұшын беріп, көмек жасайды. Бүгінде елімізде сондай игі істер, түрлі акциялар мен жобаларды қолдап, қайырымдылықты өмірлік мақсат еткен жомарт жандардың саны жылдан-жылға артып келеді.
Иә, шынында қоғамда қайырымдылық жасап, елге қол ұшын созатын азаматтар көбейіп келеді. Соның бірі – Сауран ауданының белсенді азаматы Алмат Нұрымбетов десе де болады. Сауран ауданы Шорнақ ауылының тұрғыны Алмат Нұрымбетовтың бастамасымен жағдайы төмен екі отбасыға баспана салынып берілді. Бұл қайырымдылық іске ауылдың белсенді жастары, аудандық депутаттар мен кәсіпкерлер атсалысыпты.
Баспана кілтін табыстау рәсіміне аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, ауданның бас имамы Бауыржан Ақауов және ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Жаңа баспана ауыл тұрғындары Абай Сапарбаев пен Боходир Досметовке бұйырды. Олар қайырымды жандарға алғыстарын білдірді.
Сонымен қатар аудан әкімі мұқтаж жандарға баспана салып, тарту еткен азаматтарға алғыс хат табыстады.
— Қарапайым тірлікте құлағанды көтеріп, сүрінгенді демеп жүретін қайырымды жандар жеткілікті. Олардың іс-әрекеті арқылы өмірдің қиындығын ұмытып, алғы күндерге үміт артуға, болашағына нық қадам жасауға болады. Қайырымдылық жасау — ізгіліктің басты көрінісі мен асыл қасиеттерінің бірі болып табылады. Жақсылық жасау имандылықтың, тәрбиелектің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске арқау болып жүретін, асыл арманға қол созғандарға сүйеніш болып, қолдарынан келгенін аямайтын ауданымыздың белсенді жастары мен кәсіпкерлері жетерлік деп білеміз, — деді игілікті шарада сөз алған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.
Тұрғын үй иесінің бірі — жасы 72-ге келген қария. Қарияның балалары көп болса да осы жасына дейін басында баспанасы болмапты. Ал екінші баспанаға ие болған жандар — ұзақ жылдардан бері үй кезегінде тұрған отбасы.
Тағы бір айтары, қайырымды істі өз мойнына алған белсенді азамат Алмат Нұрымбетовтың бұл ауылдастарының мұң-мұқтажын көпшілікке жеткізіп, арманын іске асыруға мұрындық болып жүрген алғашқы игі ісі емес.
— Баспаналы болуды он жеті жылдан бері армандап келе жатқанбыз. Арманымыз бір күнде, нақтырақ айтсам, үш айдың ішінде орындалады деп еш ойлаған жоқпын. Он жеті жыл бойы вокзал маңындағы ескі ғимараттың бір шетін паналап келдік. Жауын жауса ол үйдің төбесінен су ағып, бөлмелер тамшыларға қойылған ыдыстарға толып кететін. Міне, сол қиын күндер артта қалып өз асханамда ас әзірлейтініме сене алар емес. Жолдасым қант диабетіне шалдыққан. Баспаналы болуымыз белсенді азаматтардың ұйымдастыруының және кішкентай ұлымның дұға-тілегінің арқасында орындалды деп ойлаймын. Осы балапанымның тілегі орындалды. Ұлым отыз күн оразада салауат айтумен, Ықылас сүресін оқумен болып, Алла тағаладан бір үй тілеген. Міндетті түрде үйлі боламыз деп айтып жүрді. Міне, осы баламның тілегі қабыл болды деп ойлаймын, — деп ағынан жарылды баспана кілтәне ие болған Тоғжан Мұсанова.
«Қайыр қылсаң, бүтін қыл» дейді қазақ. Иә, жығылғанға тіреу, сүрінгенге сүйеу, қиналғанды демеу – бойымызға баба қанымен дарыған қасиет. Ол адамның материалдық құндылықтарға қарағанда, рухани байлыққа жақындығын білдіреді. Себебі қайырымды болу — екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Бірі игі істерді жан дүние қалауымен жасаса, енді бірі Алла разылығы үшін жомарт болады. Қайырымдылық – өзгелерге қайтарымсыз, артық ойсыз жасалған жақсылық.
Бүгінде Қазақстанның қайырымдылық көрсеткіші жылдан жылға жақсарып келе жатқанын жоғарыда айттық. Оған халықтың ойлау өрісінің кеңеюі мен билік саясатының алға ілгерілеуі ықпал етіп отырғаны да анық.
Жалпы алғанда мұқтаж отбасыға баспана салып беру ісі сәуір айында бастау алған екен. Саурандық белсенді азамат Алмат Нұрымбетов сол уақыттан бері осы игі істің басы-қасында жүрді. Себебі бұл баспана тек белгілі бір кәсіпкердің қаржысына ғана соғылмаған. Бұл қайырымдылыққа көп адам үлес қосыпты.
— Қоныс тойы құтты болсын! Жаратқанның берген бұл сыйы ұзағынан сүйіндіріп, шуақ әкелген үй болсын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында. Мұндағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көптің көмегімен асарлатып тұрғын үй салып беру. Осынау игілікті іске қаржылай болсын, материалдық жағынан болсын атсалысқан барша жандарға Алла разы болсын! Көмек қолын созған жандардың әрқайсысына жеке-жеке кіріп шықтым. Осы өңірден сайланған халық қалаулыларына, аудан әкімі Мақсат Асылбекұлына мың алғыс, — дейді баспанасыз жүрген жандарға қуаныш сыйлауды ұйымдастырған Алмат Нұрымбетов.
Пайдалануға берілген қос баспана қатар орналасқан.
Жалпы аумағы 100 шаршы метр. Бес бөлмелі. Үйдің ауласы 10 соттық. Әсіресе 70 жастан асқанша өз үйі болмаған қарияның қуанышында шек жоқ. Жастайынан ата-анасынан жетім қалып, тағдырдың теперішін көп көрген қария әсіресе, «немерелерім кең де әдемі үйде өсіп-өнетін болды» деп қуанып жүр.
Жалпы алғанда Сауран ауданында баспана кілтін сыйлап, тұрмысы нашар отбасыларды қуанышқа бөлеп, жомарт атанған жандар қатары бір бұл ғана емес. Осының алдында ғана Сауран ауданының тумасы, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов өз демеушілігімен көпбалалы екі отбасыға баспана кілтін табыстаған болатын. Яғни, тек кәсіпкерлер ғана емес, қарапайым жандар да елге көмектесіп, жұрттың алғысын алуда. Міне, осылайша тарихы терең Сауранда қайырымдылық іс жалғасып жатыр.
Фото: Сауран аудан әкімдігі