Осындай ұсыныс тастаған Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова өзінің депутаттық сауалында жыл сайын тек республикалық бюджеттен түрлі бағдарламалар мен әлеуметтік тапсырыстар аясында түрлі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына 60 млрд теңгеден астам қаражат бөлінетінін айтады.
«Олар бейнероликтер, буклеттер, баннерлер, БАҚ, мақала шығару сияқты жұмыстарға жұмсалады. Алайда бұл әдістердің тиімділігі мен қамту ауқымдылығы үлкен сұрақ тудырады. Мысал ретінде айтсақ Алматы қаласының өзінде бір жылда бюджеттен 600 миллиондай қаражат жұмсалады. Ал Еліміздегі 17 облыс, 90 қала көлемінде есептейтін болсақ бұл жұмысқа қыруар қаражат бөлінуде. Қанша қаражат жұмсалса да, Алматы қаласында болған соңғы жер сілкіністеріндегі адамдардың үрейге беріліп, не істерін білмей даурығуы, ескі әдіс-тәсілдердің тиімсіздігін әбден көрсетті. Семей қаласындағы ұрып-соғу фактісі де оқушылардың буллингтің не екенін, қандай жауапкершілікке тартылатынын және қайда хабарласу қажеттігін білмейтінін көрсетті» дейді Мәжіліс депутаты.
Елімізде бір жылда жасөспірімдер 2000 астам құқықбұзушылық жасайды. Тіпті құқықтық сауатсыздықтың кесірінен есірткі, кибералаяқтық, заңсыз ойын бизнесінің қаражатын шешуге көмектесетін азаматтар да жеткілікті. Қаржы мониторинг агенттігі 24 миллиард теңге айналымы бар 6,2 мың дропкарта анықтаған.
«Осыған байланысты міндетті төтенше жағдайлар мен жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл ережелері, буллингтің, ақпараттық және киберқауіпсіздік, құқықтық жауапкершілік және экстремизм, сыбайлас жемқорлық және тағы басқа қоғам дертіне айналған бағыттарда цифрлық видеокурстарды енгізуді ұсынамын.
Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалар саны – 6 841 527, ал студенттер саны шамамен – 626 мың адам. Бұл видеокурсты енгізген күнде – жыл сайын 7 миллионнан астам жастарды қамтимыз» дейді халық қалаулысы.
Дәстүрлі әдістерден цифрлық шешімдерге көшу есебінен шамамен жылына 10-15 миллиард теңгедей бюджет қаражатын үнемделеді.
Фото: Edunews.kz