«Бүгінгі таңда балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram десек артық болмас. Адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстардың әсері – әсірелеп айтсақ атом бомбасынан кем болмай тұр» дейді депутат.
Балалар мен жасөспірімдер арасында ТикТок кеңінен танымал. Соңғы екі жылда 14,1 млн. қазақстандық тіркеліпті. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр.
Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы ТикТок арқылы таралуда. Жасөспірімдердің ТикТоктан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес.
Мәселен, «Мысық серуені» деп аталатын челленджді мыңдаған жас қайталаса, оған қатысушылар подиум моделіндей көшеде өтіп бара жатқан адамдардың алдында жүруі тиіс. Мән-мағынасы жоқ челлендждің қаралымы 500 миллионнан асқан.
Осыны ескеріп әлем елдері мұның одан әрі етек алуына жол бермеу мақсатында Тик-Токқа шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алуда.
Мәселен, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері ТикТок желісіне ішінара немесе толық шектеу қойды. Ал, Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді.
«Австралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Осы жоғарыда аталған елдердің бір білгені бар шығар. Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес.
Біз де жеделдетіп ТикТок-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені, ТикТокты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті, офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады» дейді депутат өз сауалында.
Сондықтан ТикТоктағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою керек.
Ajnj& Ulysmedia.kz