Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғ. Бейсембаевқа жолдаған депутаттық сауалында Д. Мұқаев «Ата-аналар кешкі сағат 18.00-де жұмыстан шықса, балабақшалар 18.00-ге дейін жұмыс істейтін болса, онда біздің балаларымыз қараусыз қалады деген сөз. Балабақшалар көп жағдайда сәбилерді қарауылдың қасына қалдырып кетеді. Бұл дұрыс па? Біздіңше, тиімсіз тетік, орынсыз шешім. Дұрысы, ата-анасы жұмыс істейтін балаларды кезекші топтарға біріктіріп, кешкі сағат 19.00-ге дейін қарайтын болса, дұрыс болмай ма? Мұндай тәжірибе Астана қаласындағы кейбір балабақшаларда бар. Кешкі уақыттағы кезекші топтарды елордадағы барлық балақшада ұйымдастыру керек деп санаймыз» дейді.
Бүгінде Астана қаласында 68 706 баланы қамтитын 580 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 100-і мемлекеттік балабақша болса, 477-і және 3-і ведомстволық болып саналады. Жалпы 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі 81 пайызды құрайды.
Астана қаласының білім басқармасының ақпаратынша, 2030 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланған. Осындай кешенді жұмыстар арқылы балабақшадағы орын тапшылығы мәселесін шешуді жоспарлап отыр.
Еліміз бойынша мемлекеттік және бюджеттік қызметте ең көп жұмыс істейтін, ол – астаналықтар. Астана қаласындағы мемлекеттік қызмет саласында 4 мыңға жуық азамат жұмыс істесе, бюджеттік мекемелерде 100 мыңдап саналады.
«Баласын балабақшадан алу үшін қызметкерлер күнделікті жұмыстан ерте кетуге сұранады. Ондай адамдардан жұмыс өнімділігін қалай талап етуге болады? Ең қиыны, дәл осы уақытта елордада жол кептелісі күшейіп, көлікті тізгіндегендер балабақшадағы баласына ертерек жету үшін асығыс айдайды. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алып жататыны тағы анық» дейді Дәулет Мұқаев өз сауалында.
Фото: » Астана» телеарнасы