15-сәуір күнгі сот отырысында Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов айыпталушы Бақытжан Байжановқа біраз сұрақтар қойды.
Адвокат Е. Ғазымжанов:
— Сіз сотта оқыған сөзіңіздің мәтінін Бишімбаевпен келістіңіз бе?
Бақытжан Байжанов:
— Жоқ, мен неге онымен келісуім керек?
— Енді айтыңызшы, сіздің айғақ көрсетуіңіз Бишімбаевтың көрсетуімен сәйкес келіп, толық қайталап отырған болса ол сізден нені талап етуі мүмкін?
— Бишімбаев жедел-жәрдемді бірге шақырдық деп айт деді. Егер олай айтпасаң, мен сені қарғаймын, сенің басыңа келсін, балаңның басына келсін…
Бірақ судья Айжан Құлбаева адвокатқа бұл мәселені ары қарай тереңдетіп қозғауға орұқсат бермеді.
Адвокат Е. Ғазымжанов:
— Нашатыр спирті бойынша толығырақ айтсаңыз…
— Мен Бишімбаевқа нашатыр спиртін берген кезде ол қасымда тұр деді. Өткен жылдың қараша айынан бері ол осы нашатыр спирті туралы айтып келеді?
— Сонда оған не пайда? Бишімбаев өзінің көрсетуінде ол кезде сіздің болмағаныңызды айтты емес пе?.
Бірақ бұл сөзге Байжановтың адвокаты қарсылық білдірді. Судья Бишімбаевтың адвокатына ескерту жасады.
— Нашатыр спирті бойынша Бишімбаев сізді болған жоқ деп айтты. Енді Бишімбаевтің нашатыр спирті бойынша көрсетуіңді өзгерт деп талап етуінде қандай логика бар?
— Қараша айынан айғақ бергенге дейін Бишімбаев осыны айтып келеді… Мен бүгін Бауыржан Мусин туралы айттым. Оның кім екенін білмеймін, ол маған төрт мәрте келді. Бұл туралы видео жазбалар да бар. Қарасаңыздар болады. Ол «Салтанат өзі кінәлі, қатты мас болды» деп айтады. Мен «Бауыржан, сараптама нәтижесін қарасайшы, оның денесінде сау жері жоқ» деп айттым.
— Бұған Бишімбаевтың не қатысы бар?
— Сол Бишімбаев жіберіп отыр. Ол алғаш келген кезде-ақ Бишімбаевтан келіп отырғанын айтты.
— Бишімбаев өз көрсетуінде сізден әлдебір құжатты талап еткенін айтқан болатын. Ол қандай құжат екені сізге белгілі ме?
— Жоқ, ол жағы белгісіз.
Адвокат Бишімбаевтан осы жағдайды түсіндіруді сұрады.
— Мен тергеуде отырғалы бері ол (Байжанов – ред) маған шантаж жасап келеді, — деді өз сөзінде Қуандық Бишімбаев. — Ол менің қаржылық құжаттарымды бермей отыр. Ол жобаны менің анам қаржыландырған… «Сенсата» жк-дағы пәтердегі мекемеде Байжанов жұмыс істеді. Инвестиция салу жөнінде келісім-шарт бар. Менің анам сол жақтан мүліктерді алуы керек еді. Кезінде бұл жобамен Байжанов айналысқан. Оның құжаттарының бәрі Байжановта қалды. Менің отбасым не мүлік, не қандай да бір құжаттарға қол қоятын мүмкіндікті пайдалана алмай отыр.
Бірақ судья Бишімбаевты «істен ауытқып барасыз» деп сөзін үзіп тастады.
Кейінірек Бишібамбев бұл туралы сөзін ары қарай жалғастыруға мүмкіндік алды.
— Осы жобаны сәтті жүргізсе Байжановқа бонустар мен пәтер алып беруге келіскен болатынбыз. Осы соңғы бес айда ол (Байжанов – ред) вип-залға үнемі кіргенін айтпауды айтып, шантаж жасап келеді. Нашатыр спиртін вип-залға сол алып келді. Және спиртті алып кеткен де сол. Мен ол спиртті қалай пайдалануды білмедім. Осы бес айдан бері одан құжаттарды қайтаруды талап етіп келемін. Ол мен сендерге құжатты «тек менің вип-залда болғанымды өз көрсетулеріңнен алып тастасаңдар ғана қайтарамын» деген талап қойып отыр. Ол спиртті алып келгеннен кейін вип-залда 5-6 минут болды. Ол сол уақытта Нүкенованың қорылдап ұйықтап жатқанын көрді. Ол (Байжанов – ред) осы сотта ауылдан келген жігіт сияқты көрініп отыр. Ал шын мәнінде ол менен осы пәтерді талап етіп және басқаша айғақ берсеңдер бұл қаржылық құжаттарды қайтармаймын деп отыр.
Осы кезде судья «Сіз тіптен істен ауытқып кеттіңіз» деп Бишімбаевтың ары қарай сөйлеуіне мүмкіндік бермеді.
Бұл мәселе бойынша Бишімбаевтың адвокаты сотқа көңіл толмаушылығын жеткізіп, айыпталушыны соңына дейін тыңдауды, оның сөзін бөлмеуді өтінген болатын.
Бірақ соттың бүгінгі процессінде судья Айжан Құлбаева Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжановқа бірнеше рет судьяны құрметтемегені үшін жеке шешім қабылдау үшін үзіліс жариялады.