Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов қажетті инфроқұрылымның сапалы медицина мен білімнің, тұрақты жұмыс пен табыстың, тіпті қарапайым интернеттің жоқтығынан 34 жылдың ішінде тұрғындар өз туған ауылдарын амалсыздықтан тастап кетіп жатқанын айтты.
«Алдағы уақытты Абай облысы Аягөз ауданында да 10-нан астам ауылды жапқалы жатыр екен. Оның алдын алуға талпынып жатқан бір лауазымды тұлға жоқ. Қазақ өз тамырын өзі балталаса, қалай гүлдемек?!
Жоқ, әлде бұл әрекеттердің ары жағында халықтың бәрін мәжбүрлі түрде қалаға көшіру керек деген жымысқы саясат бар ма? Ауылдарды сақтау әрекетін қашан жасаймыз?
Ауыл болмаса қазақ, қазақ болмаса мемлекеттің де болмайтыны анық қой.
Бүгін де ауыл тұрғындары өз күнімен қандай да бір іс бастайсың десе де кедергілер өте көп, мал бағып, егін өсірейін десе, жері, кәсіп бастайын десе, қаржысы, қажетті инфроқұрылымы да жоқ. Тұрғындарын былай қойып, ауылдың әкімінде де қарапайым қажеттіліктерді өтейтін бюджетте техника да, пәрмен де жоқ. Ауылдарды осындай күйге жеткізген соң, ауыл халқына неге көштің деп қай бетімізбен айтамыз? «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар» — дегенді бәріміз білетін шығармыз?» дейді депутат Р. Зайытов.
Халық қалаулысы Үкімет жетекшісінен ауыл әкімдерінің пәрменін күшейтуді, бір ауылға бір техника, яғни ауылдарды техникамен қамтуды, бұл мәселені ұлттық деңгейге көтеріп, Үкімет басшылығы және облыс әкімдері деңгейінде қоныс аудару жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды, ауылдық жерлерге жастарды тұрақтандыру және қоныстандыруға бағытталған жұмыс жоспарын құру, оны ауылдық жастарға жеткізуді ұсынды.
Фото: Time.kz