Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын айрықша атап өткен болатын. «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деген болатын Президент өз Жолдауында. Адал еңбек ету жөнінде ұлы ақынымыз Абайдан бері, оған дейін де айтылып келе жатқан өсиет. Арамызда жүрген еңбек адамдары аз емес. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі кәсіпті жалғастырып жүрген азаматтар да баршылық. Солардың бірі – сөзіміздің басында айтып өткен Нұрбол Бейсүгіров.
«Нұрбол» шаруа қожалығының жалпы аумағы – 156,69 гектар. Оның 150 гектары жайылымдық, 3,19 гектары шабындық болса, 3,5 гектары суармалы жер. Бір қуантарлығы, Нұрбол өзін ғана емес, өзгелерді де жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Олай дейтініміз, ауылдағы 10 адам осы шаруа қожалығында жұмыс істейді. Олар үшін қолайлы жағдай жасалып, ай сайын жалақылары кешіктірілмей төленеді. Баспана және шаруаға қажетті техникалармен жабдықталған. Қазіргі таңда 45-тен астам түйе сауып, қымыранын аудан тұрғындарына сатып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Атакәсіпті жалғастырып жүрген азамат 2009 жылы айыр өркешті «Вactrіаnus» түйесін дамыту бойынша мемлекеттен субсидия алған. Бүгінгі таңда мұнда 530 түйе, 130-дан астам жылқы бар. Алдағы уақытта адал еңбек етіп жүрген кәсіпкердің басты мақсаты – батыс өңірінен сүтті нарларды әкеліп, жерсіндіру. Бұған қожалықта жағдай да бар. Ауылдағы жастарды еңбекке баулып, жұмыспен қамту ісі де жоспарында тұр. Қазірдің өзінде қожалық қымыран өндірумен ғана шектелмей, алыс-жақын елді мекен тұрғындарын ет өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Ауылда отырып, өз кәсібін дөңгелетіп, көпке үлгі болып жүрген Нұрбол Бейсүгіров: «Атакәсіпті бастағалы ұтпасам, ұтылған емеспін. Әрине, әр кәсіптің өзіндік қиындығы болады. Табысқа жету үшін, адал еңбек пен жауапкершілік қажет. Бастысы, әр кәсіпкерге шыдамдылық керек. Бастапқыда табысқа жету үшін шығындалу керексің. Шығын шықпай, табыс кірмейді. Қазір көптеген жастар кәсіп бастаса, бірден байып кетуді ойлайды. Егер кәсіп соншалықты оңай болса, кез келген адам айналысып, бай-қуатты болып кетер еді. Алайда, маңдайдың тері, алақанның табы шықпай, табыс та бола қоймайды. Шаруашылықтың ішіндегі тиімді бағыттарының бірі – түйе түлігін асырау. Түйе түлігі негізінен жайылымда бағуды, күтімді, жылы қора-жайды аса қажет етпейтіндіктен, басқа ауылшаруашылық малдарымен салыстырғанда тиімдірек. Бұл салаға жұмсалған қаржының бес-алты есеге дейін табыс әкелетіндігі ғылыми-өндірістік тәжірибелердің өзінде дәлелденген. Сонымен қатар, түйе еті мен сүті күнделікті сұранысқа ие өнімдер. Мен жастайымнан төрт түліктің арасында өстім. Бұл кәсіппен ең алғаш атамыз айналысты. Содан бері бұл атакәсіпті жалғастырып келемін. Жалпы, түйе – байлықтың белгісі. Қазақ халқы түйенің еті мен сүтін тағам әрі шипалы дәру ретінде қолданған. Ата-бабаларымыз жүні – киім, өзі сенімді көлік болған қасиетті жануарды төрт түліктің төресі санаған. Осындай ата-бабалардың ұрпағы, біз, қарап жатпауымыз керек. Харекет пен амалын жасап, еңбектену қажет. Өзімнен кейінгі інілеріме де осыны айтып отырамын. Еңбек түбі бәрін жеңбек. Қазір жалқаулықты жеңе алмай, «алма піс, аузыма түс» деп жататын заман емес. Бір күніңді босқа өткізсең, бір жылдық несібеңнен қағылып қалуың мүмкін. Сондықтан, алтын уақытымызды бағалап, дұрыс жұмсай білуіміз керек. Әр нәрсенің ақысы болады. Уақыттың да, жастық шағыңның да ақысы бар. Жас кезде ештеңеге қарамай, еңбектенсең өміріңнің соңына дейін рахатын көресің. Әкем адал еңбек туралы көп айтатын. Сол санамызға сіңіп қалғандықтан шығар, шаршамауға тырысамыз. Керісінше, еңбектен рахаттануды үйрену керек», – дейді.
Кәсіпкердің осы сөзінің өзі оның еңбекке деген адалдығын, жоғары жауапкершілігін дәлелдеп тұрғандай. Өзі айтқандай бір күн еңбектенбесе, бәлкім, былтырғы жылы бес жүзге жуық түйесі биыл бес жүз отыз болмас па еді?! Әрбір уақытын бағалай алғандықтан, жастық шағын еңбекке арнағанынан осы жетістікке жеткен болса керек.
Кәсіпкердің айтуынша, түйелер жиырма жылға дейін өмір сүреді. Қалың терісі күндізгі қапырықтан және түнгі суықтан қорғайды. Әрбір түрі даму мен дене бітімінің өзіндік ерекшеліктеріне ие. Ересек түйелердің таза салмағы орта есеппен 600-630 келі болады. Бір түйеден орта есеппен бес келі жүн қырқылады екен. Мал шаруашылығымен айналысудың ең пайдалы тұсы, оның тіпті, жүніне дейін табыс әкеледі. Кез келген малдың еті де, сүті де, жүні де сатылады. Тек көзін тауып, кәсібіңді дөңгелете білсең болғаны. Бүгінде енді қарқын алып, дамып келе жатқан түйе шаруашылығына кез келгеннің батылы бара бермейді. Себебі, қой, сиыр, жылқы сынды төрт түлікке бөлінген қаржылай көмектің ойсылқараға келгенде орайы келіп жатқаны енді ғана. Түйенің еті де, сүті де емдік қасиетке ие, ғалымдар дәрі жасалып жатқандығын да айтып жүр.
Алайда, түйе етінің бағасы сиыр етіне қарағанда арзан болатындығымен, бұған дейін сұраныстың аз болғаны да көңіл қынжылтып келді. Ауыл шаруашылығына серпін берген бағдарламалар аясында отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқыға қора толып, ет, сүт өнімдері де экспортқа шыға бастады. Ендігі кезекте төрт түліктің төресіне де қолдау танытылып жатыр. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, ата кәсібін жалғастырып жүрген созақтық азаматтың адал еңбегі жас буынға да үлгі екені даусыз. Себебі, Созақ ауданында кәсіпкердің жұмысына қызығушылық танытатын жастар аз емес.
Нәпақасын адал еңбекпен тапқан жандардың қоғамдағы орны қашан да бағалы, құрметті. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері ауылдық жерде атакәсіп – мал шаруашылығымен айналысатын азаматтардың қатары сиреп барады. Себебі, жастардың көбі жаппай қалаға қоныс аударып жатса, енді бірі атакәсіптің ауыр жұмысынан қашады. Бұл ретте созақтық Нұрбол Бейсүгіровтің кәсібін дөңгелетіп, өзгелерді де жұмыспен қамтамасыз етіп отырғаны нағыз еңбек адамы екенін аңғартса керек.
Жалпы, төрт түліктің төресі түйені өсіруге шөлді және шөлейтті аймақтар қолайлы. Сондықтан да болар еліміз бойынша өсірілетін түйе басының 82%-ы Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Түркістан облыстарында. Адал еңбегі арқылы табыс тауып, құнарлы тағам, шипалы сусын ішіп, әрі балаларын еңбекке тәрбиелеп отырған азамат түйе малымен қатар жылқы басын көбейтуді де мақсат етеді. Қай кезде де еңбектің өтеуі, төккен тердің қайырымы болатыны мәлім.
Аида РЫСБЕКҚЫЗЫ
Фото: Aldaspaninfo.kz