Астананың ауа-райы ғана емес, адамдары да, әңгімелері де басқаша ма деп қалдым… Қайбір күні Астанаға барғанда біраз жігіттерді бильярдқа шақырдым. Көптен бері бір-бірімізді көрмеп едік, әңгіме айтып, шер тарқатып, түннің бір уағында қимай-қимай зорға қоштастық.
Сол отырыста жігіттер бір анекдот айтып, елдің бәрі қыран-топан күлді. Әлде мен дұрыс естімей қалдым ба, әлде орысша аралас айтылған әзілді дұрыс түсінбедім бе, әйтеуір әлгі анекдотқа күле алмадым. Бірақ бәрінен кеш естіп, кейіннен күлетін керік сияқты болмайын деп жігіттерге қосылып мен де ішімді ұстап шиқылдап жатырмын.
Сол анекдот Астанадан қайтарда пойызда да, жол бойы есімнен шықпады. Үйге келсем, қонақ бар екен. Жақын інім келіпті. Әпкем де бар. Келін отыр сызылып… Содан олар шай ішті. Аузым берік болғандықтан мен Астананың әңгімелерін айтып жатырмын. Асығып-аптығып айттым-ау деймін, әйтеуір, Елорданың жаңалықтарын демде тауысып тастадым. Бәрі ананы сұрады, мынаны сұрады, қысқасы, әңгіменің аяғы сұйыла бастады. Сол кезде әлгі анекдот есіме түсті…
— Астананың әңгімесі де, анекдоты да басқаша екен, — дедім дастархан басындағыларға бір көз тастап…
«Неге?» дегендей бәрі ентелеп қарап қалды.
— Жігіттерден бір анекдот естіп едім, түк түсінбедім, бірақ ұят болмасын деп күле салдым…
— Қандай анекдот?
— Общым былай… Екі бай қатар тұрады екен. Бір күні таңертең біреуі ұйқысынан тұрса екінші бай есігінің алдынан үлкен теннис алаңын соғып қойыпты. «Ойпырмай, бір түнде үлкен теннис алаңын қалай соғып қойған?» деп әлгі бай таң қалып, көршісіне барып, мән-жайды сұрапты. Сөйтсе көршісінің адамдардың тілегін орындайтын алтын балығы бар екен. Мынау «Алтын балығыңды бір түнге бере тұр» деп жата кеп жабысыпты. «Мейлі» деп анау беріпті. Алтын балықты үйіне алып келген соң оған «Маған үй тола бакс керек, бакс керек, бакс керек, бакс, бакс, бакс…» деген тілегін айтыпты да жатып қалыпты. Таңертең тұрса үйі де, ауласы да факс аппаратына толып қалыпты. Мынау аң-таң.
Балықты алып көршісіне барыпты да «Ей, көрші, мына балығыңның құлағы жақсы естімейді-ау, мен бакс сұрап едім, факс берді…» депті.
Сөйтсе көршісі:
— А, то… Ты думаешь что я ей заказал большой теннис?.. – деп, айтыпты.
Осыған жігіттердің бәрі жатып күлді. Мұның несі күлкілі?.. – деп, жан-жағыма қарадым.
Сөйтіп едім, бөлмеден бетін басып күлген күйі алдымен келін шығып кетті. Әпкем қызарақтап төмен қарап ол да безді. Келіншегім бетін шымшып,»жындысың ба?» дегендей саусағының ұшымен миын шұқылайды.
— Ой, мұның қай жері қызық? – деп, мен де қоймаймын…
— Бері жүр… Көрсетейін саған теннисті… — деп, келіншегім басқа бөлмеге шақырып алды.
Сөйтіп түсіндірді. Сөйтсем шынында мойны ұзын керік болған екенмін ғой. Бәленің бәрі «большой теннис» деген сөзде жатыр екен. Келіншегімнің әңгімесінен кейін қайтадан асханаға кіруге ұялып, өз бөлмемде қамалып қалдым.
Әсіресе келіннен ұялғаным-ай…
Астананың анекдоттары астарлы екен. Абайламасаң қиын…
Оралхан ДӘУІТ, «Ақ самаурын» кітабынан
Фото: qazaqstan