Елімізде жыл сайын әскерге шақырылатын жастар саны артып келеді. Айталық, көктемгі шақыртуда Түркістан облысынан 2500-ге жуық азамат әскерге кетті.
Міне, енді 2 мыңнан астам жас күзгі маусымға шақыртылады деп жоспарланып отыр. Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар шақырылады. Күзгі шақыру барысында Қарулы күштердің (9 933), Ұлттық ұланның (6 822), ҰҚК Шекара қызметінің (3 200), ТЖМ (317) және Мемлекеттік күзет қызметінің (290) бөлімшелері жасақталатын болады.
Жақында күзгі мерзімге әскерге шақыру науқанына байланысты Арыс қаласы әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтановтың төрағалығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде кезекті жиын өтті.
Жастарды әскерге мәжбүрлеп жібермей, оларды Отан алдындағы борышын өтеуге қызықтырып, әскери өмірдің өзіндік ерекшеліктері туралы көбірек насихаттау керек. Осыған байланысты әкімдіктер өз тараптарынан нақты іс-шаралар жоспарын жасады ма? Кейбір жастардың Қарулы күштер қатарына барғысы келмеуінің себебі анықталған ба? Бұл іске зерттеу жұмыстары жүрді ме? Облыстағы мектептерде «Жас сарбаз» әскери үйірме сыныптарын ашуды қолға алған жөн. Және өңірде әскери-патриоттық бағыттағы іс-шаралар санын көбейтуді қолға алып, үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру керек. Барлық аудан-қалада әскери-патриоттық және де әскери еріктілер клубын құру қажет. Міне, жиында осы мәселелер кеңінен талқыланды.
Жиынға қалалық біріктірілген қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Ерлан Біләлов пен ауылдық округ әкімдікдерінің мамандары қатысты.
Маңызды басқосуда қала әкімінің орынбасары күзгі мерзімдегі әскери қызметке шақыру жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, әскери қызметке шақырылушылардың уақытылы дәрігерлік тексеруден өтуін қамтамасыз ету, әскерден жалтарып жүрген азаматтарды әскерге тарту және әскери қызмет етудің маңыздылығын насихаттау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, тиісті жұмыстарды дұрыс үйлестірмеген ауыл әкімдіктерінің де мәселелері қаралып, кемшіліктер қалпына келтірілмесе шара көру бойынша ұсыныс енгізілетіндігі баса айтылды.
Айта кетейік, биыл Арыс қаласы мен ауылдарды қосқанда 120 азамат әскерге шақыру жоспарланған. Қазіргі таңда 35-тен астам азамат әскерге аттанды. Арыс қаласынан әскерге шақырылған азаматтар Ұлттық қауіпсзідік комитетінің шекара қызметіне, Қазақстан республикасының қарулы күштері, ҚР Ұлттық ұланы, Мемлекеттік Күзет қызметі, ТЖ министрлігі әскері сапына борыштарын өтей алады.
Қазіргі таңда әскерге аттанған азаматтарға мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар қарастырылған. Атап айтқанда, несиесі бар азаматтарға 13 айлық каникул, бұдан бөлек, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңінде жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәтижелеріне қарай әскери қызметшілерге жоғары оқу орнының гранты есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі беріледі.
Бүгінде еліміздің барлық өңіріндегі 40-қа жуық жоғары оқу орны әскери борышын өтеген азаматтарға білім алуға жеңілдік жасайды. Бұл бастама да азаматтардың әскерге баруға құлшынысын оятуға бағытталған.
Сондай-ақ, Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаевтың төрағалығымен өткен басқосуда да күзгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы талқыланды.
ҚР Президентінің 2024 жылғы 1 ақпандағы Қаулысына сай, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар 2024 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылуы қажет. Осы орайда, Төлеби ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің, ауылдық округ әкімдігінің мамандары, учаскелік полиция қызметкерлері жұмылдырылып, әскерге жарамды жастарға шақыру қағазы жіберілуде.
Төлеби ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Марлен Тоқсейітов аудандағы қала, ауылдық округтен күзгі маусымға Төлеби ауданынан 200 жас шақыртылады деп жоспарланып отырғанын айтып, әр айға бекітілген меженің орындалу барысын баяндады.
Жиында қала, ауылдық округ әкімі аппаратының салаға жауапты мамандары әскерге шақыру кезінде орын алған қиындықтарды ортаға салып, заң аясында шешу жолдары талқыланды. Отан алдындағы борышын өтеуі азаматтардың әскерден жалтаруы орын алған жағдайда қолданылатын шаралар мен айыппұл көлемдері, сондай-ақ, әскери борышын өтегендерге қарастырылғанын жеңілдіктер де сөз болды.
Басқосу қорытындысымен хаттама толтырылып, қала, ауылдық округ әкімдері мен сала мамандарына көрсетілген межені дер кезінде орындалу тапсырылды.
Фото: Halyq Uni