Және мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешуде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік оң нәтижесін көрсетіп келе жатқанын айтуға болады. Яғни, еліміздің іскер азаматтары білім саласын жетілдіруге өз үлестерін қосуға кіріскен. Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн» деп атап өткен еді. Ал, Республикалық педагогтер съезінде Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев: «Мектебі бар ауылда тіршілік бар» деп бекер айтылмаған. Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады. Онда қоғамдық жиындар, мәдени іс-шаралар, спорт сайыстары өтеді. Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде бір мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау қажет», — деген болатын. Яғни, кәсіпкерлерге ауыл мектебіне жағдай жасау міндеті жүктелді. Мемлекет пен бизнестің күшін біріктіру арқылы ауыл мектебінің функционалдылығын арттыру жұмыстары қолға алынуы тиіс.
Міне, Арыс қаласындағы Онтам ауылында ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген мектеп мәселесін Президенттің осы тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр. Осы аптада Арыс қаласына қарасты Онтам ауылында көптен күткен 150 орындық жаңа мектеп ашылды. Бұған дейін ауыл оқушылары көрші ауылдарға қатынап оқитын. Енді балалар жеке инвестор есебінен салынған жаңа, заманауи білім ордасында білім алады. Ауылдастардың қуанышымен бөлісуге қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов пен ардагерлер кеңесі төрағасы Тәңірберген Әсіл мен ардагерлер, ата-аналар мен тұрғындар қатысты.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген қала әкімі жаңа мектептің ауылға тек білім беріп қана қоймай, ауылдың әлеуметтік дамуына да серпін беретінін атап өтті. Әкім мектеп салып, ауылды дамытуға өз үлесін қосқан жеке инвесторға алғысын білдіріп, жаңа оқу орнының ауыл тұрғындары үшін үлкен маңызы бар екенін айтты.
Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалынған. Мұнда кең әрі жарық оқу кабинеттері, спорт және мәжіліс залдары, кітапхана, пәндік сыныптар, асхана мен демалыс аймақтары қарастырылған. Мектептің қауіпсіздігі де ерекше назарға алынып, бейнебақылау камералары мен өрт қауіпсіздік жүйесі орнатылған. Оқушылардың демалыс және спортпен айналысуы үшін ашық спорт алаңдары да бар.
Оқушылар мен ата-аналар үшін бұл үлкен қуаныш болды. Жаңа мектептің ашылуы балалардың енді өз ауылында сапалы білім алуына мүмкіндік беріп, ата-аналардың алаңдауын азайтты. Онтам ауылында ашылған бұл жаңа мектеп болашақта ауылдың дамуы мен өркендеуіне үлкен үлес қосары сөзсіз.
Иә, енді онтамдық оқушылар енді көрші ауылға қатынамайды. Жасыратыны жоқ, бұған дейін ауыл оқушылары көрші ауылдарға қатынап оқитын. Енді міне, заманауи білім ордасы балаларға есігін айқара ашты.
Жеке инвестор өз қаражаты есебінен 150 орындық мектеп салып беру бастамасы осыдан үш жыл бұрын басталған болатын. Әкімшілік тарапынан жер мен өзге де құжаттандыру мәселесіне қатысты түйіндер жедел шешілді.
Айта кету керек, Онтам ауылында «Ынтымақ» атындағы шағын жинақты бастауыш мектеп қана бар. Ол жерде 1-4 сынып аралығындағы 50 бала білім алады. Ал 5-11 сынып аралығындағы 42 бала Ақдала ауылындағы С.Ерубаев атындағы мектепке тасымалданады. Жалпы алғанда ауыл тұрғындарының саны 500-ге жуық болса, оның 105-і мектеп жасындағы балалар.
Жалпы алғанда Арыс қаласында 37 мектеп бар. Онда 20 мыңнан аса оқушы білім алуда.
Қалай айтсақ та, қоғамға қажетті жобаға қаржы салып, игі істердің басы-қасында жүрген осындай инвесторлардың қайырымдылық істері басқаларға үлгі болатыны анық. Мемлекет те отаншыл азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсетеді. Мектеп салудың да сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық. Бұл істе бизнес өкілдері белсенді болуы қажет.
Фото: Арыс қаласының әкімдігі