Жаңа және бос жұмыс орындары бойынша 39,1 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Ұлттық жобалар аясында 2024 жылы 397 жобаны жүзеге асыру жоспарланса оның 362-сі орындалған. 3671 жаңа жұмыс ашу межеленіп, 3106 азамат жұмысқа орналасты. Әсіресе «Жастар практикасы» бағдарламасының маңызы зор. «Жастар практикасы» жобасының мақсаты – университет пен колледж бітірген азаматтарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу. Яғни олардың тәжірибе жинақтап, белгілі бір қызметке бейімделуіне жәрдемдесу.
Кентау қаласында шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Әсіресе, өз кәсібін ашқысы келіп, бизнес жобасын ұсына отырып, мемлекеттен қайтарымсыз грант алған жастардың қатары артқан. Олар түрлі салада кәсіп жүргізе бастап, қаланың экономикасына өз үлесін қосуда.
Осындай грант иегерлерінің бірі – Бақыт Ибраев ағымдағы жылдың шілде айында «Busіness.enbek.kz порталына» өтінім беріп, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға үміткерлердің өтініштерін қарастыру бойынша өткен комиссия отырысында «Шұжық өнімдері» жобасын қорғай отырып, 2-лектің жеңімпазы атанды. Уақыт созбай, мемлекеттен алған 1 476 800 теңгеге ет турайтын, мұздатқыш, асханалық қайшы, тоңазытқыш витриналары, шприц-қаптауыш, шұжық кептіретін жабдық сатып алып, шұжық шығаруды бастап кеткен.
Бақыттың ең басты ұстанымы – таза еттен, халал өнім шығару. Бақыт Рысбайұлының айтуынша, 10 жыл бойы базар мен дүкеннен шұжық сатып алмаған адамдардың өзі үйіне іздеп келіп, таза өнімдерді алады екен. Кейіпкеріміз кәсібі өрге домалап, пайдасы молынан болып жатса, алдағы уақытта жеке үлкен цех ашып, ел нарығына шұжықтарын шығару жоспарында бар екендігін жеткізді.
Кәсіпте береке барын жіті түсінген жандардың көзін тауып, еңбек етіп, тек өз отбасын асырып қана қоймай, адамдарды да жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанын мақтанышпен айтуға болады. Солардың бірі – екі адамды жұмыспен қамтып отырған Бекзат Жұмабаев 2024 жылдың 1-легінде мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсіп бастап, таза еңбектің арқасында айына 700 000 теңге таза пайда тауып отыр.
«Жиһаз жасау» бизнес жобасын ұсыну арқылы, грант комиссия мүшелеріне қолынан іс келетінін дәлелдеген ол бүгінде кеңсе және тұрмыстық жиһаздарды жасауда. Кәсіпкер халыққа қолжетімді бағада жиһаз шығарады. Кентау мен Түркістан жұртынан тапсырыс қабылдап, аз уақыт ішінде жиһазды дайындап жеткізіп, елдің алғысына бөленуде. Бекзаттың алдағы жоспары – жиһаз цехын кеңейтіп, еліміздің түкпір-түкпіріне жиһаз жөнелту.
Мемлекеттік қайтарымсыз грант кентаулық нәзік жандылардың да сүйікті ісімен айналысып, отбасын асырауға мүмкіндік беруде. Бұған дейін жұмыссыздар санатында болған Назира Құлшынбаева қазір кішігірім бизнестің иесі. Жастайынан қолынан іс келетін келіншектің арманын жүзеге асыруға ұлттық жоба себеп болды. Көпбалалы ана қазіргі таңда қайтарымсыз гранттың нәтижесінде тәттілер ұсынатын шағын ғана кофехана ашқан. Өз қолымен «балды торт», «эклер», «бисквит» және «сүзбе» торттарын дайындап, балғын күйде кофеханаға келген клиенттерге ұсынып, олардың ризашылығын алуда. Хит болып жатқан «Дубай шоколадын» да қалай жасаудың жолын үйреніп, кофехананың ас мәзіріне қосқан. Бала тәрбиесі, үйдің шаруасымен қоса «тәтті бизнесті» қоса жүргізіп отырған іскер әйел үй жағдайында да тапсырыстар қабылдайды. Кофехананың тұрақты келушілері оның білікті кәсіпкер болатынына сенімді.
Ал Қарнақ ауылының тұрғыны Севара Мирзахмедова болса, биылғы жылдың 1-легінде «Тігін цехы» жобасымен мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алған ІІ-топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Денсаулығы сыр берсе де жастанып жатып алуды хош көрмейтін Севара тынымсыз еңбек қана адамға шаттық пен жақсы көңіл-күй сыйлайтындығын айтады. Жатсаң ауру асқынып, өмірдің мәні де кетеді дейді кейіпкеріміз. Бүгінде грант қаражатына тігін цехына қажетті барлық құрал-жабдықтарды сатып алып, жұмыс орнын заманауи үлгіде жабдықтан. Енді қасына көмекші ретінде тігінші, өз ісін жақсы білетін кәсіби мамандарды жұмысқа алса, тігінге қатысты кез келген тапсырысты алуға толықтай дайын екендігін жеткізді. Севараның ауылдасы Угилжан Атаханова да атаулы әлеуметтік көмек алушы санатымен мемлекеттен қайтарымсыз грант алған көпбалалы ана. Грант қаражатына 4 тігін машинасын сатып алып, шағын тігін цехын ашып, бүгінде 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сұранысқа қарай көрпе-төсек, қыз жасауын тапсырыспен тігіп жатқан цехта жұмыс ауқымды. Угилжан қайтарымсыз грант алғанның арқасында аз уақыт ішінде кәсіп бастап кеткендігіне дән риза.
Тоқыма өнеркәсібі – әлемнің көптеген елдерінің бюджетін құрайтын маңызды экономика салаларының бірі болып саналады. Осындай тоқыма кәсібін қолға алғысы, халық тұтынатын тоқыма заттарын тоқу қолынан келетіндігін грант комиссия мүшелеріне дәлелдеген Азиза Мурамитова да Қарнақ елді мекенінің тұрғыны. Атаулы әлеуметтік көмек алушы санатымен грантқа қатысқан көпбалалы ана грант қаражатын алғаннан кейін тоқыма станогын сатып алды. Бүгінгі күні меринос жібінен қалпақ, күртешелер, орамал мен шәлі тоқиды. Бір орамалды тоқу үшін 2 күні кететіндігін айтып өткен Азиза, тоқыма бұйымдарына бағалайтын кісілер ғана қайта тапсырыс беретіндігін де жасырмады.
Кәсіп ашуға бел буған адамға бүгінде мемлекет тарапынан қолдаулар өте көп. Осындай қолдауды сезінген жанның бірі – Құшата ауылының тұрғыны Әмина Ботбаева. Келіншек мемлекеттен берілген қайтарымсыз грант қаражатына нан пісіретін газ пешін сатып алып, бірден кәсібін бастаған. Күніне 200-ге жуық нан пісіріп, ауылдың мектебі мен балабақша асханасын нанмен қамтамасыз етіп отыр. Жатар алдында нан ашытып, таңертең сағат 04:00-де атқан күнмен таласа тұратын Әмина «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұстаныммен өмір сүреді. Асылында, адамзат баласын еңбек өсіреді. Әминананың осы талпынысымен болашақта шағын кәсіптен үлкен бизнеске қол жеткізетініне ауылдастары сенеді.
Айта кетейік, Кентау қаласында биылдың 9 айында 2217 адам жұмыспен қамтылған. Жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін ағымдағы жылдың басынан халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі мөлшерде 81 грант берілген.
Фото: jasqazaq.kz