– Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау аса маңызды. Бұл істе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек» деген болатын. Осы ретте, сіздер еліміздің, облысымыздың дамуына үлес қосып келесіздер. Ал бүгін Қарттар күніне орай облысымызда айрықша қуанышты сәтте кездесіп тұрмыз. Жаңадан «Құрмет» ардагерлер орталығы ел игілігіне берілуде. Баршаңызды орталықтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ардагерлерімізді ардақтап, оларды қолдау – біздің парасатты парызымыз. Өңірде осы бағытта жүйелі жұмыс жүруде, – деген Нұралхан Көшеров ардагерлердің еңбектерін жоғары бағалап, құрмет көрсетті.
Қарттар күніне орай мерекелік дастарқан жайылып, ардагерлер мен зейнеткерлерге концерттік бағдарлама ұсынылды. Марапаттар тапсырылды.
Ардагерлер орталығының жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Мұнда зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Ғимараттың ауласы абаттандырылып, арнайы демалыс алаңшалары дайындалды. Бау-бақша жанынан терренкур орнатылып, скандинавиялық серуендеу жолы қарастырылды. Жаңа орталық бір ауысымда 200 адамды қабылдай алады.
Жалпы бұған дейін облыс ардагерлеріне Шымкент қаласында 1976 жылы салынған ескі ғимарат қызмет көрсетіп келген. Сондықтан «Ардагерлер үйін» облыс аумағына көшіру және заман талабына сай ету мақсатында жаңа ғимарат таңдалды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында 200 мыңнан аса зейнеткер бар. Бұл – облыс халқының 10 пайызына жуық. Облыста 100 жастан асқан 51 қария тұрады. Өңірде ардагерлерді қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіліп, майдангерлерге, тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Қариялардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін өңірде 21 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Ол мекемелерде 10 мыңнан астам зейнеткер тынығып, уақыттарын тиімді өткізуде. Жыл сайын 8 мыңға жуық қария облыстық бюджет есебінен демалыс орындарында демалып, денсаулығын түзейді.
Одан бөлек Қарттар күні мерекесін өткізу жөнінде облыс бойынша арнайы «Қариялар – елдің қазынасы» атты іс-шаралар жоспары бекітілді. Іс-шара спорт, білім және денсаулық салаларын қамтиды. Осы арқылы аға буынға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.
Ал, Түркістан қаласында 1 қазан – Қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік кеш өтті. Мерекелік шараға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, ардагерлерді құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
Әзімбек Пазылбекұлы құттықтау сөзінде қарттар қоғамның рухани тірегі әрі жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтіп, олардың амандығы мен бақыты – басты құндылық екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласында қарттардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту және тұрмыс сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда Түркістан қаласының халық саны 240 мыңнан асты. Оның ішінде 17 522 зейнеткер, сондай-ақ 255 тыл ардагері бар. Олар қоғамдық ұйымдар жұмысына белсене атсалысып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда, – деді қала басшысы.
Түркістан қаласында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 2021 жылы қала әкімдігінің қаулысымен «Әлеуметтік қызметтер орталығы» құрылған болатын. Аталған орталық жыл сайын мыңдаған азаматтарға сүйемелдеу мен әлеуметтік қызмет көрсетіп жатыр.
Сондай-ақ 2022 жылдан бастап қалада «Белсенді ұзақ өмір» орталығы жұмыс істеп, жылына шамамен 2000 зейнеткерді қамтып келеді. Қосымша сұраныстарға байланысты 2023 жылы Сандыбай көшесінде №1 бөлімше, ал 2024 жылы Б.Саттарханов даңғылында №2 бөлімше ашылды. Әр бөлімше жылына 1200-ге жуық зейнеткерге қызмет көрсетілуде.
Бүгінде орталықтарда әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, құқықтық, ағартушылық, экономикалық, еңбек және демалыс бағыттары бойынша қызметтер ұсынылады. Биыл 3244 азамат, оның ішінде 2604 зейнеткер орталықтың түрлі іс-шаралары мен үйірмелеріне белсенді қатысқан.
Жалпы алғанда елімізде жыл сайын 1 қазан – Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында да салтанатты іс-шаралар өтіп, қарттарға құрмет көрсету дәстүрге айналған.
Фото: ҚазАқпарат