Аудан және қала әкімдіктері өндірістік парктер түсетін жер телімдерін елді мекен аумағынан инфрақұрылым тартуға қолайлы және логистикалық икемді аумақтардан қарастырып, әлеуетті кәсіпкерлерге ұсынуда. Аталған өндірістік ғимараттарда өндірістік жобалар, кіші қуатты өңдеу цехтары шоғырландырылып, тұрғындарға жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
Қазіргі таңда, Сауран ауданында кәсіпкерлердің есебінен 148 өндірістік жеке шағын өндірістік ғимараттар құрылуда. Сонымен қатар, Түркістан, Арыс қалалары мен Шардара, Ордабасы, Мақтаарал аудандарында өндірістік ғимараттардың құрылыс жұмыстары басталды. Қалған аудан және қалаларда алдағы уақытта бастау жоспарлануда.
Сондай-ақ, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың тұрғындармен кездесуі Кемеқалған ауылдық округінде жалғасын тапты. Кездесудің басты мақсаты – ауылдық округ тұрғындарының өзекті мәселелерін тыңдап, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарды қарастыру болды.
Еркін форматта өткен жиында ауыл тұрғындары бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, электр бағаналарын ауыстыру, электр жарығының қуатын арттыру, су ағар орнату, екі ауылдық округтің шекарасында орналасқан тұрғын үйлерді рәсімдеу, мобильді интернет байланысын жақсарту және ауыз су мәселелері талқыланды. Мұның бәрі аудандық бюджет қаражатына атқарылатын тірліктер.
Сонымен қатар, Кошқарата бұлағынан су көздерінің тартылып бара жатқаны айтылып, санитарлық тазалықты сақтау мақсатында арнайы алаң орнату қажеттігі қозғалды. Жиын барысында учаскелік полиция пунктінің ғимаратын реттеу мәселесі де сөз болды.
Қарақия елді мекенінің тұрғыны ауыл аумағында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, ауылдың инфрақұрылымы мен абаттандырылуына қатысты өз пікірін білдірді.
Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы өз сөзінде ауылдардың дамуы – ауданның өркендеуінің негізі екенін атап өтті.
«Әрбір ауылдың дамуы – ауданның дамуының кепілі. Біз сіздердің ұсыныстарыңыз бен өтініштеріңізді ескеріп, шешімін табуға бар күшімізді саламыз. Тұрғындармен ашық диалог орнатып, нақты нәтижеге қол жеткізу – біздің басты мақсатымыз», – деді аудан әкімі.
Тағы бір айтары, Түлкібас ауданында бюджет қаражатына ішкі көшелерді реттеу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, биылғы жылы аудан аумағындағы тозығы жеткен 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Бүгінгі таңға, 18 көше «Ауыл ел-Бесігі» бағдарламасы шеңберінде жөндеуден өтсе, қазіргі таңда, Түлкібас кентіндегі 3 көше яғни, жергілікті тұрғындардың көкейтесті мәселесіне айналған Шыңғысбеков, Көбей және Байсеріков көшелері облыстық бюджет есебінен толық жөндеуден өтіп жатыр.
Бүгін жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатқан аталған көшелерге аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты мамандармен арнайы барып, құрылыс сапасын бақылады.
Мердігермен бірге аралап көріп, нысанның сапасына ерекше мән беру керектігін ескертті. Сондай-ақ, жұмысты жоспарланған уақытында аяқтауды және тұрғындар қауіпсіздігі үшін құрылыс жұмыстары аяқталған соң жол белгілерін толық орнатуды, қажеттілігіне қарай бейне бақылау камераларын қоюды тапсырды.
Бұл жерде, ауыр жүк көліктері көп жүретін Шыңғысбеков көшесіне астыңғы жабындысына 15 см бетон арнайы техника күшімен құйылып, үстіне 6 см асфальт жабындысы түспек. Және де кенттің шығыс бөлігіндегі (Үстірт) басты көшеге тұрғындар қауіпсіздігі үшін аяқ жол (тротуар) салынды. Ал, кент орталығынан өтетін Көбей көшесіне жөндеу жұмыстары барысында жаңбыр суы ағып кетуге жағдай жасау мақсатында науа (лоток) орнату жұмыстары іске асуда.
Аталған жұмыстар толық аяқталған жағдайда аудандағы ішкі жолдардың қанағатты жағдайы 86,6 пайыздан 89 пайызға жақсармақ.
Фото: Abai.kz