Келелі кеңесте өзекті мәселелер талқыға салынып, аудандық газеттердің жай-күйі баяндалды. Соның ішінде аудандық газеттерге мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыру мен жазылу науқанында жергілікті билік тарапынан қолдау көрсету жайы әңгіме өзегіне айналды. Сонымен бірге сала мамандарының әлеуметтік жағдайын да назарға алу бойынша бірқатар ұсыныс айтылды. Аудан әкімі А.Исмаилов кеңесте жиынның маңыздылығына тоқталып, айтылған ұсыныстар бойынша жергілікті баспасөзге қолдау күшейтілетінін, алдағы жылы аудандық газеттерге қаралатын қаржы көлемін ұлғайту қолға алынатынын мәлімдеді. Аудан әкімінің қабылдауынан кейін журналистер 1800 данамен тарайтын аудандық «Қазығұрт тынысы» және 2500 данамен тарайтын «Киелі Қазығұрт» газеттері редакциясының жұмысымен танысты.
Аудандағы басқосуда ақпарат саласында кездесіп жатқан мәселелер кеңінен қозғалып, одақ филиалының ұйымдастыруымен атқарылған жұмыстар сараланды, журналистер өз тәжірибелерімен бөлісті, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Соның ішінде бүгінде өзекті болып тұрған газеттерге берілетін мемлекеттік тапсырыстың талабын оңтайландыруға қатысты ұсыныс бойынша пікір алмасу болды. Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Мәлік Жұмаханұлы бұл мәселе жауапты министрлік өкілдерімен бірлесе қаралып, келер жылы газеттерге қатысты конкурс талабы бастапқы жүйесінен өзгертуге қол жеткізілгені туралы баяндады. Ал, басылымға қатысты қалған мәселелердің біраз бөлігі жергілікті атқарушы органдардың жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Өңірдегі белгілі журналистердің басын қосып, аудан-қалалардағы ақпарат құралдарының жұмысымен танысып жүргенде бұған әбден көз жеткіздік. Әр аудандағы ақпарат құралының жағдайы сол жердің идеологиялық жұмысынан хабардар етіп тұратыны түсінікті»,– деді журналистер ұйымы филиалының басшысы.
Ал «Күнгей кз» ақпараттық порталының редакторы Арай Есенбек бұл ретте бір ғана тендер мәселесіне қадалып қалуға болмайтынын айтты.
«Мемлекетке де мұң шаға берудің қажеті жоқ. Ізденіс пен талпыныс болып жатса, бәсекелестік туса, жаңа әдістер жасалса, қаржылық мәселелер де шешімін табары сөзсіз. Тағы бір айта кететін жайт, жыл сайын айлық есептік көрсеткіш өзгеріп отырады, сол сияқты мемлекет тарапынан газетке, телеарнаға, ақпараттық сайттарға қойылатын баға да өзгеруі керек. Мысалы, сайттарда бір таңба 6 теңге болса, ол бағаның өзгермегеніне бірнеше жыл болды. Осы аралықта интернет қызметтері де, мамандардың қызметі де қымбаттады. Ал баға сол күйінде қалды. Кейбір газеттердің жағдайын ескерсек, олар пайдаға емес, шығынға жұмыс істеп жатыр. Осы шаруаларды қолға алып, ұжымдық хат жазсақ, ісіміз өрге басады. Бізге нақты алгоритмдермен жұмыс істеу керек. Әсіресе, Youtube, Іnstagram, TіkTok, Facebook секілді әлеуметтік желілер және ақпараттық сайттар арқылы жұмысымызды жандандыруға әрекет жасау керек. Кешіріңіздер, қазіргі таңда кез келген БАҚ саласы әлеуметтік желіге ұтылып жатыр. Оны мойындау керек. Себебі ақпарат шапшаңдығында әлеуметтік желі мен сайттардың салмағы басымырақ. Бұл тұрғыда газеттер танымдық не зерттеу жағына ауысса деп ойлаймын. Ол сайттарға бәсекелес бола алмайды. Тіпті телеарналардың өзі бәсекелес бола алмайды. Сондықтан, қазір телеарналар шоуларды және жаңаша бағдарламаларды көбейтіп жатыр», – деді Арай Есенбек.
Рас, қазақ журналистикасының тағдыры дәл қазіргі уақытта біршама ауыртпалықтарды бастан кешіп жатыр. Телеарналар, басылымдар заман ағымына сай қызмет көрсетуге барлық мүмкіндіктерін пайдаланып келеді. Десе де ақпарат құралдарына деген қоғамның сұранысы әлеуметтік желі пайдаланушыларының жаппай белсенділік танытуымен таразы басын бір жаққа басып жіберіп жатыр. Осылайша медиасауаттылық тақырыбы бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселеге айналды. Қазіргі таңда ақпарат таратуда кәсіби мамандардың еңбегі ескерілмей жатқаны шындық. Себебі, желі қолданушылары кез келген адамның жеке парақшасында таратылған, жарияланған, нақты пісіп жетілмеген дүниелермен танысып, қорытынды шығаратын деңгейге жетті. Бұл әрекеттер қоғамды ақпараттандыру барысында, яғни мемлекеттік саясатты бір ізбен жүргізуге үлкен кедергі келтіріп жатқанын мойындау керек. Соның салдарынан көрермендер мен оқырмандар тарапынан кездескен түрлі мәселелердің ақ-қарасын ажырата алмауына, дұрыс түсінік қалыптаспауына әкеліп соқтырып жатқаны ақиқат. Аудандағы басқосуда осы мәселе төңірегінде пікірлер көптеп айтылды және оның алдын алуға бағытталған жұмыстарға басымдық беру қажеттігі жөнінде ұсыныс-пікірлер де тыңдалды.
Жалпы алғанда Қазығұрт ауданында Журналистер одағы облыстық филиалының басшылығы атқарылып жатқан жұмыстармен және алдағы жоспарлар да кеңінен әңгіме болды. Оның бастауында тұрған ынтымақ пен бірліктің нығая түсуіне қатысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Көңілді басқосуда жан-жақты ізгі тілектер мен одақ жұмысына қатысты ұсыныстар да ортаға тасталды. Тың идеялар мен ойларды жинақтап, келешекте белгіленген бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеу туралы мәселелер сөз болды, ал сол ұсыныс идеялар өз кезегінде әріптестер тарапынан үлкен қолдау тапты. Шындығына келгенде облыс аумағында негізінен телеарна, ақпараттық портал жұмыстарына қарағанда газеттердің жағдайы қиындау. Әрбір басылымның басшылары мұндайда ерлікке пара-пар қызмет етіп келеді демеске лаж жоқ. Ауданның күнделікті тыныс-тіршілігін кездескен қиындықтарға қарамай газет бетіне жариялап, оны ұқыптап тарих қойнауына енгізіп келе жатқан бүгінгі толқынның еңбегі билік өкілдері тарапынан лайықты бағасын алмағанымен, келешекте тарихқа қажет дүниелерді іздейтін ұрпақ қазіргі газет редакторларының еңбектерін жанқиярлық ерлікке балайтын шығар деген ойдамыз.
«Әрине, әріптестердің жанайқайы біздің де жанымызға батып отыр. Әсіресе, жергілікті билік БАҚ жұмысына бей-жай қарамаса деп тілейміз. Ал бұл мәселелердің өзге аудандарда да көрініс тауып жатқаны жасырын емес. Сондықтан алдағы уақытта одақ тарапынан жасалатын жұмыстар осы аталған проблемалардың түйінін тарқатар деген сенімдеміз. Таяуда әр ауданда орын алған мәселелерге байланысты арнайы хат әзірлеп, ресми түрде сұрау салып, ұсыныстарымызды жолдамақпыз. Аудандағы ақпарат құралдарының жағдайына қарап, әкімдіктің де жүргізіп отырған мемлекеттік-ақпараттық саясатының салмағын сараптап, мемлекеттік тапсырыстардың орындалу барысының да қалай жүргізіліп жатқаны туралы мәселе көтеруді күн тәртібіне енгізсек деген ойдамыз. Әріптестеріміздің айтқанына сенсек, кей басылымдар аудан тынысына қатысты ақпараттарды сапалы дайындамайды екен, яғни шынайылық көрініс таба бермейді, аудандағы әлеуметтік-экономикалық жағдай толыққанды баяндалмайтын көрінеді. Сондықтан билік өкілдері мен журналистер мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге келгенде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарса» деген ниеттеміз, идеологиялық жұмыстарда немқұрайдылық болмаса екен деп тілейміз»,– деді Журналистер одағы облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Мәлік Дәулетов.
Маңызды кездесуде көптеген пікірлер ортаға шығарылды. Соның ішінде, мәселен, көшпелі отырыстар басталғалы бері айтылып жатқан кадр мәселесі, жалақының аздығы және тағы басқа тақырыптар төлебилік журналистерді толғандырып отырған проблема екен. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында газеттердің қоғамдағы маңызын арттыру тетіктері талқыға түсті. Аудандық баспасөз құралдарына жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы көлемін арттыруға күш салу бойынша жұмыстарды жеделдету жайы да негізгі әңгімеге айналды.
Фото: Егемен Қазақстан