Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Әуежай–Ақтау» кеден бекетінің қызметкерлері Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, Ақтау халықаралық әуежайындағы халықаралық рейстердің келу залында кедендік бақылау жүргізу барысында Ыстамбұл–Ақтау рейсімен келген Қазақстан Республикасының Н. азаматшасында 221 дана көлемінде декларацияланбаған зергерлік бұйымдар табылды.
Кедендік сараптама бұйымдардың жалпы салмағы 1,415 кг алтын мен күмістен жасалғанын анықтады.
Осы факті бойынша әкімшілік іс қоғалып, кедендік құнды анықтау үшін қажетті іс–шаралар жүргізілуде.
Маңғыстау облысы бойынша МКД Кеден одағы комиссиясының келісіміне сәйкес, жеке пайдалануға арналған тауарларды ЕАЭО кедендік аумағына әкелу және (немесе) оларды осы аумақтан әкету кезінде тыйым салулар мен шектеулер қолданылатынын еске салады.
«Әуежай–Ақтау» кеден бекетінің басшысы Бақытжан Бердібеков заңға бағынатын азаматтарға осындай қиындықтардан қалай құтылуға болатынын айтып берді.
Ең танымал сұрақ – «Қымбат металдардан қанша өнім әкелуге болады?». ЕАЭО елдерін бажсыз әкелу нормалары бойынша бір адамға бес зергерлік бұйым әкелуге болады. Шетелде зергерлік бұйымдарды сатып алғанда, оларды кеденде көрсету үшін чектерді сақтау қажет. Егер чектер болмаса, онда әкелінетін тауарлардың құнын арнайы мемлекеттік сараптама анықтайды. Сондай–ақ, сатып алулар коммерциялық партия сияқты көрінбеуі маңызды. Егер багажда ондаған сағат бірдей болса, кеденшілер түсініктеме сұрайды», – деді Бақытжан Бердібеков.
«Әуежай–Ақтау» кеден бекетінде орналасқан Ақтау әуе айлағының жылдық жолаушылар ағымы миллионнан астам адамды құрайды. Ағымдағы жылдың басынан бастап әуежайда халықаралық жолаушылар ағынының тұрақты өсуі байқалады. Негізінен ЕАЭО–ның кедендік шекарасын туристер, іскер топтардың өкілдері, азаматтар, транзиторлар кесіп өтеді.