Республикалық партияның негізгі медиа-ресурсы – Fox News телеарнасы АҚШ-тың қаржы министрлігінде жоғары лауазымға ие болуы мүмкін Сәуле Омарованың өмірбаянынан оның қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын анықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін АҚШ президенті, Демократиялық партияның мүшесі Джо Байден Сәуле Омарованы ақша айналымын бақылау басқармасының басшысы қызметіне ұсынған болатын.
Fox News 1995 жылы 2 маусымда Висконсин штатының Мэдисон қаласында 28 жастағы Омарованың қамауға алынғанын анықтады. Оған «дүкен тонады» деген айып тағылған. Полицияның ақпаратына сәйкес, ол 214 доллар тұратын тауарларды ұрлаған – төрт жұп аяқ киім, екі бөтелке парфюм, екі белбеу және шұлық.
Сол кезде күзетші Омарованың тауарларды алып, үлкен сөмкеге салып, басқа заттардың астына жасырғанын айтты. Оның айтуынша, Омарова зергерлік бөлімнен бірнеше зат алып, оның ақшасын төлеген. Бірақ «сөмкеде жасырылған заттарды төлеуге тырыспаған». Ол дүкеннен шыққан кезде ұсталады. Бұған жауап ретінде Омарова тауарларға сол жерде бірден төлем жасамағанына өкінетінін айтқан.
Қылмыстық қудалау 1996 жылдың қаңтарында арнайы бағдарламаға (Wisconsin first offender program) сәйкес тоқтатылған. Бағдарламаның шарттары бойынша адам қылмыстық қудалаудан босатылады. Оның орнына залалды өтеп, сабаққа қатысуға келісетіні туралы келісімге қол қояды.
Өз кезегінде Ақ үй Fox News-ке Омарованың өмірбаянындағы осы оқиғаны «толығымен ашық мойындағанын» айтып, өз кандидатын қорғады.
«Анығын айтсақ, Сәуле өзінің мансабындағы осы оқиғаны ашық мойындады. Бұл туралы Сенатқа да, АҚШ Қаржы министрлігіне де хабарлады. Іс 1996 жылдың қаңтарында – 25 жыл бұрын тоқтатылды. Іс түсінбеушіліктің нәтижесінде болған», — делінген хабарламада.
Ақ үй “бұқаралық ақпарат құралдары өз еліне қызмет еткісі келетін білікті кандидаттың атына жала жабуға тырысқаны өкінішті» деп мәлімдеді.
«Сәуле Омарова жоғары білікті маман. Ақ үй бұл тарихи кандидатураны қолдайды», — деп түйіндеді олар.
Сенатор Билл Хагерти Омарованың кандидатурасына «қатты алаңдайтынын» айтты.
«Президент Байден Американың банк жүйесі мен энергетикалық секторын бұзып, АҚШ-қа социализмді енгізгісі келетін марксист ғалымды банктік реттеуші ретінде таңдады», — деді Хагерти.
Айта кетсек, Bloomberg басылымы Сәуле Омарованы «криптовалютаға қарсы жандардың бірі» деп жазған. Оның пікірінше, криптовалюта ел экономикасының тұрақсыздануына алып келеді және жеке компаниялар мұны пайдалана отырып мемлекетке зиян келтіреді.
14 қазанда Financial Times журналына берген сұхбатында Омарова өзіне қатысты сынның расисттік мәнге ие екенін айтқан.
«Әрине, мен секілді адамдарға басқа стандарттар қолданылады. Мен – жеңіл нысанамын: иммигрантпын, әйелмін, этникалық топтың өкілімін. Қарапайым валюта бақылаушысына қарағанда менің оқиғам бөлек. Мені құбыжыққа айналдырып, балағаттау оңай», — деді Омарова.
Өзіне қатысты «жасырын коммунист» деген күдікке ол былай жауап берді:
«Менің әжем Сталиннің кесірінен жетім қалды. Әжемнің туыстарын Сібірге айдады, олар сол жақта өлім құшты. Оның отбасы сауатты адамдар болған, партияға қосылмағандықтан олар қаза тапты».
Сәуле Омарова туралы не білеміз?
Сәуле Омарова Қазақ КСР-де дүниеге келген. Орал қаласының тумасы Сәуле Омарова Корнелл университетінің банк құқығы кафедрасының профессорының міндетін атқарушы, Мәскеу мемлекеттік университетінің (1989), Висконсин университетінің (1999) және Солтүстік-Батыс университетінің (2001) түлегі. Заң ғылымдарының докторы. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін біледі.
1989 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Онда ол тамаша оқу үлгерімі үшін Лениндік стипендия алды.
1991 жылы студент алмасу бағдарламасы бойынша ол Америка Құрама Штаттарына кетіп сонда қалды.
Америка Құрама Штаттарында оқуын жалғастыра отырып, Мэдисондағы Висконсин университетін (1999) бітірді және Солтүстік-Батыс университетінде (2001) үздік дипломмен доктор дәрежесін алды.
Омарова алты жыл бойы Davis Polk & Wardwell заң фирмасында жұмыс істеді.
2006-2007 жылдар аралығында ол бұрынғы президент Джордж Буш тұсында АҚШ қаржы министрлігінің реттеу саясаты бойынша арнайы кеңесшісі болды.
2014 жылдан бастап Сәуле Омарова Америка Құрама Штаттарының ең ірі және беделді университеттерінің бірі Корнелл университетінің заң факультетінің профессорының міндетін атқарушы.
Омарованың бұрынғы студенті Арғын Искакбековтың айтуынша, Корнелл Университеті – әлемдегі үздік университеттердің бірі және мұнда профессор болып жұмыс істеу оңай емес.
Искакбеков халықаралық коммерциялық арбитражды зерттеген және Омаровамен жақсы таныс екенін, бір-бірінің үйіне қонаққа да барғанын айтады.
«Ол – нағыз шығыс әйелі. Нағыз қазақ. Жұмысбасты болғанына қарамастан, тамақты керемет дайындайды. Қамқор ана және аяулы жар. Өзімен бірге анасы да тұрады. Мұның өзі оның адамгершілік қасиетінің жоғары екенін көрсетеді. Қандай қызмет атқарса да, ол өзгермейді. Әріптестері де сыйлайды», — деді ол.