Жақында Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханасында «Қайран, Ана жүрегі» атты ізгілік кеші өтті. Бұл кештің басты мақсаты — Аналардың мәртебесін нығайтуға, ана болудың маңыздылығын және қазіргі қоғамдағы аналардың рөлін арттыруға, қазақ халқының тарихындағы аналардың рөлін танымал етуге ықпал ету болды.
Кеш барысында «Ана — өмір шырағы!» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапханашылар аналарға ізгі тілек, құттықтау арнап, өлеңдер оқып, әннен шашу шашты. Сондай-ақ, аналармен сұхбат ұйымдастырылды.
Иә, бұл күнгі ізгі тілектердің барлығы бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен асыл аналарымызға арналды.
Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова «Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев «Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет» деп атап өтті. Шынында әйел — ана, әйел — өмір, әйел — тіршілік өзегі» деп жүрек жарды лебізін білдірсе, кітапхана қызметкері Алиев Бақытжан «Ару ана» әнін нәшіне келтіре орындады.
Ана — әлемнің шамшырағы, бесіктің иесі, өмірдің керегесі. Анаға қанша тілек, қанша мақтау мен алғыс айтсақ та, көп емес.
Сарысу жерінде әр салада қызмет атқарып, туған өлкенің көркеюіне аянбай еңбек еткен, қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп, ұрпақ рахатына бөленіп отырған аналарымыз аз емес, Атап айтар болсақ, Гүлнар Дүйсенова, Оразкүл Тоқбергенова, Бибігүл Байсейітова, Оңласын Қойшыбаева, Фатима Шыныбаева, Ғафура Оспанова, Зәуреш Әлмен, Мария Әлиева, Қанағат Әлиханқызы, Манат Доспанова. Бұл кеште Сарысу ауданынан құрылған аналар алқасының мүшелері, «Асыл аналар» ансамблі қонақта болып, әннен шашу шашты.
Жас ақын Бекайдар Аманбаев аналарға арнаған жүрекжарды жыры мен әсем әнін, Балкерім Қойлыбаева «Аяулы ана» әнін әуелете шырқап, аналардың көңілін көтерді. «Ана — теңдесі жоқ ұлылық» атты кітап көрмесіне кітапхана қызметкері Луиза Рахымбаева библиографиялық шолу жасап, әдебиеттерді оқуға шақырды.
Фото: Сарысу ауданы әкімдігі