Алматы облысында анасы баласына он алты жерінен пышақ салған. Он жастағы баласының арқасын, мойнын, білегін, тамағын тілген. Мұндай жауыздықты атасы тоқтатып қалыпты. Бір нұсқа бойынша, алматылық әйел баланы Тик-Ток үшін өлтірмек болған. Баласын ойындардың қатысушысы деп ойлап қалса керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме беріп.
37 жастағы әйел баласына пышақ жарақатын салған. Атасы жедел жәрдем шақырыпты. Көршілері жедел жәрдем келгенде бала қансырап жатқанын айтады.
“Қолы қан-жоса болды. Ол қолын қысып ұстап алыпты. Жедел жәрдем кеткенше артынан ұзақ қарап тұрдым. Санитарлар жүгіріп шығып, баланы жатқызды”, – дейді Алматы облысының тұрғыны Наталья Петрушкина.
Он жасар бала балалар аймақтық ауруханасына жеткізілді. Оған ота жасалған. Дәрігерлер баланың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
“Бала операциялық блокқа көтерілді. Қазіргі уақытта бала жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Бала шок алған”, – дейді Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Асқар Қалиев.
Полиция анасын ұстады. Қазір тәртіп сақшылары туған ұлына осындай қатыгездік жасауға не себеп болуы мүмкін екенін анықтап жатыр. Бір нұсқа бойынша, әйел ойынға байланысты осындай әрекетке барған. Тик-Токтағы кейіпкерлер оны өлтіруге тырысқандай болған. Ал ұлы ойынға қатысушылардың бірі сияқты көрінген. Бірақ осыған дейін анасына қатысты түсініксіз әрекеттер байқалмаған дейді көршілер.
Әйелдің психикалық ауытқулары бар-жоғын мамандар анықтайды. Олар бұл жауыздыққа ойын кейіпкерлері, әлеуметтік желі себеп болған-болмағанын анықтайды. Қазір сот-психиатриялық сараптама жүргізілуде.
Айта кетейік, әйел ұлына шабуыл жасағаны үшін сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
“Бұлтартпау шарасын таңдау және оны психологиялық диспансерге орналастыру мәселесі шешілуде. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 106-бабына “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде”, – деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.