Иә, жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, халықтың тұрмысын жақсарту – негізгі әлеуметтік мәселенің бірі. Өйткені экономикалық көрсеткіштің бағыт-бағдары мемлекеттің жұмыспен қамту әлеуетіне тікелей қатысты. Оның ішінде жастардың үлес салмағы көпвекторлы саланың болашағы қалай құбылатынын айқындайды десек, артық емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында жұмыспен қамту халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты екенін баса айтуда. Әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі кеңесте Президент Үкімет пен әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берген болатын. Тіпті оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Кейін еңбекпен қамту алгоритмін ұсынып, әкімдерге аймақтағы жұмыс нәтижесін тұрақты түрде баяндауды тапсырды.
«Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 млрд теңге бөлінді. Осы субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар» деді Мемлекет басшысы.
2025 жылдың 1 маусымына дейінгі мәліметтерге қарағанда Жамбыл облысы Қордай ауданында ресми түрде жұмыссыздар есебінде 1445 адам тіркелген. Ауданда жыл басынан 2 675 азамат қайырылып, әлеуметтік қорғау шараларымен 1 744 адам қамтылды. Және есепті кезеңде ваканттық бос жұмыс орындарына 749 азамат жолданды.
— Енді қысқа мерзімді кәсіби оқумен және жұмыс орындарына оқумен қамтамасыз ету мәселесіне келетін болсақ, Қордай ауданы бойынша 2025 жылы 100 азаматты қысқа мерзімді оқу курстарымен және 45 азаматты жұмыс орындарында оқумен қамту жоспарланды. Сонымен қатар, 285 азаматты онлайн оқу курстарын жолдау жоспарланып, есепті кезеңге 83 азамат оқумен қамтылды, — дейді бұл жөнінде Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай.
2025 жылға «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 385 азаматты оқыту жоспарланып, бүгінгі күнге аудан көлемінде кәсіпкерлік негіздері бойынша 139 адам оқуға жолданды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру үрдісі де жұмыссыздықты жоюға барынша үлес қосуда. Нақтырақ айтатын болсақ, 2025 жылы аудан бойынша 150 азаматты қайтарымсыз мемлекеттік грантпен қамту жоспарланған, есепті кезеңге 45 азамат грантпен қамтамасыз етілді.
Ал, субсидияланған жұмыс орындарымен қамту мәслесінде ауданда ақылы қоғамдық жұмыстармен 650 адамды қамту жоспарланып, есепті кезеңге 618 азамат ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, Жастар практикасына 220 адамды қамту жоспарланып, есепті кезеңге 51 азамат жастар тәжірибесіне жолданды.
— Алғашқы жұмыс орындарымен 58 адамды қамту жоспарланып, есепті кезеңге 7 азамат жастар тәжірибесіне жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 70 адамды қамту жоспарланды. Бүгінгі күнге 34 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. «Күміс жас» жобасы бойынша 95 азаматты жұмыспен қамту жоспарланып, есепті кезеңге 63 азамат жұмысқа жолданды. Ұрпақтар келісім шарты аясында 2 азаматты жұмыспен қамту жоспарланды, — дейді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай.
Иә, жұмыспен қамтудың баламалы тәсілі – кәсіпке қолдау, яғни мемлекет жұмыссыз азаматқа жеңілдетілген несие, тіпті қайтарымсыз қаржы беріп, кәсіп бастауға жол ашу. Бұл нұсқаның тиімділігі сол, жұмыссыз адам бизнес бастап ғана қоймай, өзгелерді жұмыспен қамтуға жағдай туады. Ісі ілгерілесе, бос жұмыс орны саны артып, табысы артса, салық молаяды.
«Ауыл аманаты» жобасы 2019 жылы Қордай ауданының Жамбыл ауылдық округінде пилоттық жоба ретінде басталып кейіннен Кенен, Қаракемер, Қарасу, Сарыбұлақ, Қақпатас ауылдық округтарында іске асырылды.
Қазіргі таңда Қордай ауданы бойынша 3,1 млрд. теңгеге 6016 бас МІҚ, 10879 бас қой және 405 бас жылқы сатып алынды. 4 өндірістік кооператив 25 техника мен құрал-жабдықтарын алып, 690 тұрғын жеке кәсібін жүргізді.
Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың айтуына қарағанда 2025 жылға «Ауыл аманаты» жобасының 5-ші бағыты бойынша 1,2 млрд. теңге көлемінде 56 жаңа жоба жинақталып, ауыл шаруашылық басқармасына ұсынылған. Аталған жұмыстар жалғасын табуда тұрғындардан қазіргі таңға дейін жобаға ниет білдірушілерден құжаттар қабылдануда.
Фото: GOV.KZ