Қазгидромет 3-5 сәуірге арналған ауа райы болжамын жариялады.
«Айдың бас кезінде Қазақстанның шығыс жартысында антициклонға байланысты ауа райы негізінен жауын-шашынсыз болады. Батыс аймақтарға солтүстіктен және оңтүстіктен екі циклон келеді. Олар кейіннен бірігіп, елдің көп бөлігіндегі ауа райына әсер етеді. Жауын-шашын (жаңбыр, қар) жүріп, оңтүстік және оңтүстік-шығыста негізінен жаңбыр түрінде болады, ал кей жерлерде күшті жауын-шашын орын алады. Еліміздің кей жерлерінде тұман, көктайғақ, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста найзағай, бұршақ, желдің күшеюі, оңтүстік-батыста шаңды дауыл күтіледі», — делінген хабарламада.