Жасыратыны жоқ, бұл заң қабылданбай тұрып қоғамда біраз талқылауға ұласты. Көпшілік бұл заң кейбір адамдарды ата-ана құқығынан айырады деген түсінікте болды. Бірден айтайық, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң ата-ана құқығынан айыруды көздемейді. Құжат ережелері ең алдымен қорғау және қауіпсіздік мақсатын көздейді. Бұл жөнінде Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Палата отырысында заңды талқылау барысында айтты.
«Қазірдің өзінде қолданыстағы заңнамада, неке және отбасы туралы заңда ата-аналар қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда ата-ана құқығынан айырылатын нормалар бар. Алайда, ол нормалар жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкелмегені белгілі. Тарихымызда ондай жағдай болған жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы заңға қол қойып, күшіне енген жағдайда құжат жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкеледі дегенге сенудің ешқандай негізі жоқ. Бұл менің жеке пікірім. Бұл қате және теріс түсіну. Заңда мұндай нормалар жоқ. Сол себепті осы заң ата-аналарды ата-ана құқығынан айыруға арналмағанын нақты әрі анық түсіндіріп, жеткізуіміз керек. Ол әйелдерді қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін болады», – деді Сенат Спикері қаралып отырған заң туралы.
Шынында бұл заңдар әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алуды және жолын кесуді көздейді.
Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны қатаңдатуды, сондай-ақ білім беру мекемелерінде психологиялық қолдау қызметін институционалдық түрде күшейтуді, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыруды және зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. Міне, осы тапсырмалар «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту туралы» заңда көрініс тауып отыр.
Айта кету керек, Жамбыл облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 92 қолайсыз отбасы тіркелген. Сондай-ақ, қылмыс пен құқықбұзушылық жасаған 185 кәмелетке толмағандар полицияның есебіне алынған. Қазіргі таңда полиция бөліністерінде 355 жасөспірім және 332 қолайсыз отбасы есепте тұр екен. Есепте тұрғандармен профилактикалық жұмыс жасалып, олардың үй-жайы, оқу орындары бойынша тексерістер жүзеге асырылуда. Ал «Ана мен баланы қорғау жөніндегі көрсетілетін қызметтер» бағдарламасы бойынша 397 720,0 мың теңге бөлініп, 70 балаға күтім қызметі көрсетілді, бір баланы күтіп ұстауының жылдық құны 878,0 мың теңгені құрайды.
Фото: Alash.kz