Сенатор Андрей Лукин депутаттық сауалында авиакомпаниялар рейстерінің жүйелі түрде кешігуі, жолаушылар құқықтарының бұзылуы және тасымалдаушылардың өз міндеттерін орындамауы мәселесі туралы айтты.
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңына сәйкес тасымалдаушылар ұшу тәртібі өзгерген жағдайда жолаушылар алдында жауапты болады. Атап айтқанда, ұшақ әуе компаниясының кінәсінен кешіккен болса, жолаушыларға төрт сағаттан астам күткені үшін ыстық тамақ және бес сағаттан астам кешіккенде қонақүйде тұру сияқты қажетті қызметтерді көрсетуге міндетті.
Алайда, тәжірибе көрсеткендей, көптеген авиакомпаниялар бұл талаптарды жүйелі түрде бұзып келеді. Сенатор осы заң бұзылуын растайтын соңғы оқиғалардан мысалдар келтірді. Бір кезде «Эйр Астана» әуе компаниясының KC 897 рейсі ұзақ уақытқа кешігіп, жолаушылар түсуге мүмкіндігі болмай, қапырық салонда күтуге мәжбүр болған. Тағы бір жағдай FlyArystan әуе компаниясына қатысты. Ол рейс кешікен кезде міндетті қызметті көрсетпегені үшін айыппұл салынған. Жолаушыларға сол кезде не қонақүйге орналасуға ұсыныс жасалмаған, не тиісті ақпарат айтылмаған. Ол көңіл толмастық пен келеңсіздік туындатты.
«Қазақстандықтар соңғы екі айда еліміздегі әуежайларда рейстердің жаппай кешігуіне жиі шағымданған. 12 тамызда KS860 Ақтау — Алматы рейсі 13 сағаттан астам уақытқа кешіккен, бірақ авиакомпания жолаушыларға балама рейс немесе түнеп шығатын орын туралы ұсыныс жасамаған. «Эйр Астана» әр жолаушыға өтемақы ретінде 2000 теңгелік ваучер беріп, наразылық туындатты. Бүгінгі таңда бұл мәселе маңызды болып отыр және жалғасып келеді. Жоғарыда аталған және басқа да оқиғалар жолаушылар мен авиация саласы өкілдерін қатты алаңдатуда», — деді Андрей Лукин.
Сенатор сонымен қатар көбінесе техникалық ақаулар, ауа райының қолайсыздығы және әуежай жұмысындағы кемшіліктер де кешігуге себеп болатынын атап өтті. Әуе қатынасы сапасының нашарлауы жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлы ұшуына кері әсерін ететіндіктен, мәселе билік тарапынан назар аударуды талап етеді.
«Ұшақ кешіккен кезде қызмет көрсету стандарттарын қатаңдатуды ұсынамын. Ұшақтардың техникалық жағдайын қатаң бақылауды қамтамасыз ету керек. Авиакомпаниялардың ұшу тәртібін сақтау жөнінде жария рейтингін енгізу керек, бұл қызмет көрсету сапасын арттыруды ынталандырады. Жолаушылардың өтемақысын жабу мақсатында авиакомпанияларды рейстердің кешігуінен міндетті түрде сақтандыру енгізу керек. Кешігуге жиі тап болатын жолаушыларға арналған ниеттестік бағдарламасын жасау керек», — деді сенатор Лукин.
Фото: the-tenge.kz