Сенатор Жанболат Жөргенбаев айтуынша, елімізде мемлекеттік орман қорының ауданы 30,9 млн. гектарды құрайды, оның ішінде орманмен көмкерілген 13,7 млн гектар бар. Ел аумағының 5%-ы ғана орман алқаптарымен қамтылған.
Соңғы уақытта шалғайдағы орман алқаптарында ағашқа сұраныс саны азайған. Мемлекеттік орман иеленушілерге оны өткізу үшін мүмкіндік жоқ. Өйткені алыс елді мекендерге тасымалдау шығынды ақтамайды. Бұл қураған және ауру ағаштардың жаппай көбеюіне, зиянкестер мен аурулардың мемлекеттік орман қорының барлық аумағында одан әрі жаппай таралуына әкеледі. Сенатор сонымен қатар, мемлекеттік орман иеленушілер сатылмаған сүрек үшін Мемлекеттік кірістер департаментінің алдында қарыздар болып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты, Салық кодексіне сәйкес, сүрек үшін базалық ставкалар жыл сайын өседі, бұл сүрек құнының қымбаттауына әкеліп отырады.
«Орман қоры аумағындағы орман күтіп баптау және санитарлық ағаш кесу жұмыстары мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылуы тиіс, алайда іс-шараларға қаржы қарастырылмаған, керісінше, 2009 жылдан бастап ормандардың санитарлық жай-күйін қамтамасыз ету мақсатында ағаш кесу жұмыстарын жүргізетін мемлекеттік орман иеленушілері орманды пайдалану төлеушілер тізіміне енгізілген. Салық кодексіне орман иеленушілерді өртенген жерлерді күтіп-баптау мақсатындағы, санитарлық және іріктеп кесулерді жүзеге асырудағы сүректі түбірімен алып тастау төлемінен босатуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарастыру қажет. Қазақстанда өткен жылы 5 мыңнан астам орман өрті тіркелсе, биыл 395 орман және 15 дала өрті болған. Еліміздегі орман шаруашылығы саласына бақылау орнату керек. Орман шаруашылығында жергілікті әкімдіктердің бақылауымен ағаш кесу және орман билеттерін беру қызметі веб-портал арқылы жүзеге асырылады. Жергілікті әкімшіліктердің қарауындағы орман шаруашылықтарында цифрлық жүйені әзірлеуді және осы Ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұраймын», — деді Жанболат Жөргенбаев.
Сенатор орман шаруашылығына және табиғатты қорғауға дұрыс мәдени қатынас қалыптастыру қажеттігіне де назар аударды. Табиғатты қорғау және сақтау жауапкершілігі тек қоршаған ортаны қорғау мамандарына ғана емес, әр азаматқа да жүктеледі. Депутат жергілікті әкімшіліктердің бақылауындағы мекемелерде ақылы қызмет көрсетуді қарастыруды ұсынды және орман мекемелерінің қызметкерлері үшін нормативтік жалақы мөлшерін қайта қарауға шақырды, өйткені олар ұдайы төмен деңгейде қалып келеді.
Фото: BAQ.KZ