Сенатордың айтуынша, елімізде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және кәдеге жарату өзекті мәселенің бірі. Елімізде санитарлық талаптарға сай емес үлкен көлемдегі қоқыстарды көму жағдайы жиілеп кеткен. Бұл өз кезегінде қайта өңдеуге жататын қоқыс заттарын сұрыптаудағы жеке сектордың белсенділігін төмендетеді. Осы мәселеге алаңдаған депутат экологиялық мәселені шешу жолын айтты.
«Қалдықтардың шамамен небәрі 18-20% қайта өңделеді. Мұның бір себебі халық үшін де, бизнес үшін де ынталандыру шараларының болмауы. Сондықтан, қалдықтарды сұрыптауға және өңдеуге арналған зауыт салудағы бизнес жобаны республикалық немесе облыстық бюджеттен субсидиялау қажет. Үкімет қоқыс өңдеу зауыты салынған жағдайда инвестициялық шығындарды 25-30% өтеп, қайта өңделген қалдықтардың көлемін ішінара субсидиялау мүмкіндігін қарастыру қажет», — деді сенатор Бекболат Орынбеков.
Депутат сонымен қатар Үкіметке пластикалық ыдыстар мен бұйымдарды қабылдау пунктерін ашуды ұсынды. Ол сондай-ақ құрылыс қалдықтарын немесе ірі көлемді қалдықтарды рұқсат етілмеген жерге төгетін кәсіпорындардың көлік құралдары анықталған жағдайда, көліктерді айыппұл тұрағына жабу керек деп есептейді. Ол үшін аудандық деңгейде жауапты құзырлы орган – Экологиялық инспекция ашу керектігін атап өтті.
Фото: Серпер