Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылуы және Волонтер жылының ашылу салтанатында «Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз жастарға зор үміт артамыз. Мемлекетіміздің келешегі – өздеріңіз. Жаңа ғана жастардың бір топ өкілі түрлі өзекті тақырыптарда жақсы сөз сөйледі. Ұтымды пікірлер айтты. Мен барша жастарды мақтан тұтамын. Бәріміз білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Жалпы, еліміздегі бастамалардың барлығы жас буынның жарқын болашағы үшін қолға алынды. Жастарымыздың жан-жақты дамуына жағдай жасау – менің Президент ретіндегі басты міндеттерімнің бірі. Сондықтан осы мәселе әрдайым менің назарымда болады. Бүгінгі жастар – елімізді ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі», – деген болатын.
Иә, елімізде жастарға сапалы білім беру, ғылыми бағытын айқындау, жаңашыл идеяларын қолдау, оларды жұмыспен қамту мәселесі жолға қойылған. Жастар – мемлекеттің болашағы. Ертеңгі елдің тірегі. Мемлекетімізде жастарға үлкен көңіл бөлініп, барлық жағдай жасалып отыр. Жастар – ел дамуының, мемлекет болашағының стратегиялық ресурсы, бүгіні мен ертеңнің қозғаушы күші. Сол үшін жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, болашақтың ісінен ақсамас едік. Елімізде бірнеше жылдан бері жастарды қолдау, оларға кәсіби білім беру, жұмыспен қамту сияқты мәселелерді шешуге бағытталған әртүрлі бағдарламалар қабылдануда.
Жақында Шардара аудандық Жастар ресурстық орталығы жаңа ғимаратқа ие болуы жастарға жасалып жатқан жақсылықтардың бірі екені анық. Ашылу салтанатына Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
— Жастар — қоғамның қозғаушы күші. Қай кезде де болмасын жас буынға артылатын сенім мол. Міне, өздеріңізге белгілі Тұңғыш Президент саябағының төрінде орналасқан ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, Жастар ресурстық орталығына тапсырып отырмыз. Әрқашан елдің өркендеуі мен дамуына үлес қосып, жастық жігерлеріңіз мұқалмай, жарқын болашақтың тұтқасын ұстар тұлға болыңыздар, — деді аудан әкімі Арман Қарсыбаев.
Сондай-ақ, Арман Романұлы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековпен бірге ғимараттың ресми ашылу лентасын қиды. Аудан басшысы жаңа ғимаратпен танысып, бірқатар белсенді жастарға алғыс хат тапсырып, жаңа ғимаратқа тарту жасады.
Ал, Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығы ғимараты жанынан заманауи үлгідегі көпфункционалды ашық аспан астындағы амфитеатр ашылды. Шараға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, белсенді жастар қатысты.
Жиында сөз алған шаһар басшысы Нұрбол Әбдісаттарұлы еліміздің болашағы жастарға үлкен жауапкершілік артылатынын жеткізді. Сондай-ақ, кемелді келешек үшін әрбір жас — сауатты, салауатты болу керектігін айтты. Кездесуде облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен мәдениет саласының ардагері Ұлжалғас Мұстафаева сөз сөйлеп, дарынды жастарды қолдауды арттыру қажеттігін баяндады.
Алқалы жиында Түркістандағы «Меймандостық және туризм университетінің» алғашқы түлектерінің бірі Гүлім Қалдаяқ туризм саласындағы жастардың рөлі туралы ойын айтса, белсенді мобилограф Бақжан Мырзақұл жастар орталығында замандастарына мобилография шеберлігін үйретуге ниетті екенін жеткізді. Ал, «Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің» мұғалімі Бақытжан Дүкенбай қала жастары атынан алғысын айтып, жастар орталығы жас буынды шыңдайтын қара шаңыраққа айнала берсін деген лебізін білдірді.
Жалпы Түркістан қаласында 71 486 жас бар. Оның 10 574-і жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттер үлесінде. Орта арнаулы оқу орындарында 6 743 студент білім алады.
Сондай-ақ Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Ата заңым – айбарым» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті.
Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ернар Нұралыұлы жыр додасының ашылу салтанатында «30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы» күнімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айшықты сөз, өрелі ойымен айтыс сүйер қауымның көңілінен шығып жүрген Бекарыс Шойбеков, «Алтын домбыра» иегері, Түркістан өңірінің тумасы Еркебұлан Қайназаров, «Қазық жұрт» жыр жинағының авторы Бекмұрат Анарбаев, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуов, айтыскер Қалижан Білдәшев пен Мұрадым Мирланов жыр додасында төрелік етті.
Қазылар алқасының төрағасы Бекарыс Шойбеков жас айтыскерлердің өнерін бағалап, өз пікірін білдірді. Айтыскерлердің өзіндік стилі, өлең-сөзінің мәні мен мазмұны, оны көрерменге жеткізе білу ерекшеліктерін жан-жақты талқылап, жырымен ерекшелене білген айтыскерлерді атап өтті.
Тартысты өткен жыр додасында 12 ақын өзара бақ сынасты. Өңіріміздің мақтанышына айналған жас ақындар қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған, келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының мызғымас кепіліне айналған Ата Заңымызды жырға қосты. Сонымен қатар, кешегі Париж төрінде өткен Олимпиаданы тақырыпқа арқау етумен қатар, Қаныш Сәтбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Нұртас Оңдасынов, Бекзат Саттарханов сынды тұлғаларымыз жайында және “Мен жастарға сенемін” атты тақырыптар төңірегінде жырлады.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.
Бас жүлде (500 000 тг) – Исламхан Мұмаммедхан (Түркістан қаласы)
Бірінші орын (400 000 тг) – Ахмедрасул Баянбай (Отырар ауданы)
Екінші орын орын (350 000 тг) – Нұрмахан Жақыпбек (Арыс қаласы)
Үшінші орын (200 000 тг) – Нұрдәулет Өмірбек (Түркістан қаласы)
Үшінші орын (200 000 тг) – Аян Ниязбек (Төлеби ауданы)
Арнайы жүлде (150 000 тг) – Мейіржан Жақып (Отырар ауданы)
Арнайы жүлде (150 000 тг) – Нұрдәулет Тілләбек (Сарыағаш ауданы).
Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары (120 000 тг) табысталды.
Фото: BAQ.KZ