Тамыз айы басталғаннан ата-аналар жаңа оқу жылына дайындыққа қызу кірісіп кетеді. Оқушының мектеп формасы, оқу құралдары, спорт киімі, сөмке, аяқ киім, қысқасы бұл науқанда қалтаны біраз қағуға тура келеді. Әрине, баласы үшін еш ата-ана аянып қалмасы анық. Барын салып, баласын ешкімнен кем қылмауға әрекет етеді. Қу тіршілік қос бүйірден қысқанда шарасыз күйге түсіп, баласын мектепке дайындай алмай қиналатын жағдайлар да жиі кездеседі. Жалпы алғанда балалардың қуанышы – қуаныштардың төресі ғой. Жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмектесіп, сауап алғанға не жетсін?! Бұл жағы келгенде түркістандық жомарт азаматтар қайырымдылық жасаудан алдарына жан салмай тұр.
Түркістан өңірінде мектепке келетін 500 мыңға жуық балаларды мектеп формасы мен оқу құралдарын ата-аналар қолжетімді бағада алуы үшін және отандық өндірушілерді қолдау мақсатында барлық аудан, қалада «Мектеп жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, өткізілуде. Аталған іс-шараға демеушілер де өз үлесін қосып, барынша атсалысып жатыр.
Түркістан қаласында «Мектепке жол» акциясына «Халық Банк» АҚ Түркістан облысының филиалы атсалысты. Аталған жиынға «Халық Банк» Түркістан облыстық филиалының директоры Артур Тасқарин, облыстық білім басқармасының орынбасары Айгүл Қасымбекова және Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова қатысып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. «Оқушылар» сарайында өткен шарада биыл мектеп табалдырығын аттайтын 500 балаға оқу құралдарын табыс етті.
Жақсылыққа қайырымдылықпен жауап беру әр жанның болмысына біткен ізгі амал. Маңайыңдағы мұқтаждарға мейірімділік пен ізгілік, достыққа адалдық таныту – адамгершіліктің белгісі болса, адамзаттың барлығына «бауырым» деп қарау Абай атамыздан қалған өсиет. Дәл «Мектепке жол» акциясы адамдардың мейірімін оятып, бір-біріне бауыр екенін танытып, ізгілікке шақырғаны айдан анық. Қайырымдылық – адам бойындағы ізгі іске бағыттайтын алтын қақпа іспеттес, ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі екені даусыз. Бұл акция балалардың өмір сапасын жақсартуға үлес қосқан игілікті істің бірі.
Жалпы облыста балаларды мектепке формамен, оқу құралдарымен келуі үшін «Мектепке жол» республикалық акциясысы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасының 49 627 баласының ата-аналарының есепшоттарына 43 407 теңгеден аударылды.
Жаңа оқу жылында өңірдегі мектептерге 1-сыныпқа 52 мың бала келетінін жоғарыда айттық. Жаңа оқу жылында оқулық және оқу-әдістемелік кешендерді тасымалдау жұмыстары толық аяқталып, облыстағы барлық мемлекеттік мектеп толығымен оқулықпен қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ, Сауран ауданы, Шаға ауылдық округіндегі Әшірбек Сығай атындағы жалпы орта мектебінде жаңа оқу жылының алдында жыл сайынғы жалпы республикалық «Мектепке жол» акциясы өтті. Акцияның мақсаты – оқушылардың мектепке баруын қамтамасыз ету, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың қажетті білім алуына көмектесу болып табылады.
Аталған акцияға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова, аудандық мәслихат депутаттары Ерсұлтан Елеуов, Арсылан Раматуллаев тағы да басқа азаматтар қатысты. Шарада аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың құттықтау сөзімен басталып, концерттік бағдарламаға ұласты. Акция барысында балаларға жергілікті демеушілер есебінен қажетті оқу құралдары мен киім-кешектер үлестірілді.
Нақтырақ айтсақ, акция барысында жергілікті демеушілер есебінен 300-ден астам оқушыға қажетті оқу құралдары мен киім-кешек үлестірілді.
Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға көмек көрсету мақсатында Сарыағаш ауданында да үлкен іс-шара өтті.
Сарыағаш ауданы әкімінің және Аманат партиясының осы аудандағы филиалының, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Мектепке баланы даярлайық!» атты Мектепке жол акциясы аясында демеушілердің қолдауымен, яғни облыстық мәслихат депутаты Әбдібаев Жомарт мектеп формасы және мектепке қажетті заттар алу мақсатында 60 балаға қаржылай көмек көрсетті.
Сонымен қатар, аталған ісшара М. Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында жалғасын тапты. Облыстық мәслихат депутаты Ж. Сүлейменов 50 балаға мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етті.
Ал Төлеби ауданы, күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы Сулхадит Темуровтың тікелей демеушілік етуімен «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған 250-ден астам оқушыға мектепке қажетті құралдар сыйлап, балаларды қуантты. Сонымен қатар аудандық күрді этномәдени бірлестігінің белсенділері тағы да 50-ден астам балаға мектепке керекті түрлі құралдар табыстады. Және бірнеше отбасыға қаржылай көмек беріп, оқушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сондай-ақ, Жетісай ауданы әкімдігі мен Жетісай ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудандағы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасы балаларының мектеп бағдарламаларына қатыспауын болдырмау, сабақтарына толық қатысуларын қамтамасыз ету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы өтті. Акция барысында мектеп оқушыларына сабаққа қажетті оқу құралдары, кітап-дәптерлері мен қалам-сөмкелері, мектеп формалары нарықтағы бағадан арзан бағада сатылды.
Мыңнан астам ата-аналардың қатысуымен өткен жәрмеңке облыс және аудан аумағындағы мектеп оқушыларының киім үлгісін өндірушілері мен сатушылары, кеңсе тауарлары мен мектепке қажетті заттарды сатушы 50-ге тарта кәсіпкер аудан тұрғындары үшін өз өнімдерін, тауарларын базар бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада ұсынды.
«Ұйымдастырылып отырған акцияның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы отбасы балаларына мүмкіндігінше көмек көрсету. Жақсылық жасауға кәсіпкерлерді жұмылдыру» дейді Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.
Жетісай қаласындағы Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ауласында өткен акция барысында аудандық білім бөлімі кәсіподағы мен жергілікті жомарт жандардың демеушілігімен 120 балаға мектеп формалары мен қажетті құрал-жабдықтары тегін үлестірілді. Одан бөлек, «AMANAT» партиясынан аудандық мәслихатқа сайланған депутаттар «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы аясында 90 бүлдіршінге демеушілік жасаса, тағы 150-ге тарта баланы қуантуды жоспарлап отыр.
Шағалалы Шардарада да осынау игілікті іс өз жалғасын тапты. Нақтырақ айтсақ, Шардара қаласы “Аль-Фаттах” мешітінің имамы Байжанов Нурмухамедтің ұйымдастыруымен көп балалы аз қамтылған 50 отбасының балаларына оқуға қажетті сумка мен оқу құрал жабдықтары үлестірілді.
Ал, Ақсукент ауылының орталығында орналасқан Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде «Қоғамдық Келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен, «Баланы мектепке даярлайық!» атты акция өтті.
Біртұтас қоғамды қайырымдылық пен ізгілікке, мейірімділік пен бауырмалдылыққа бастайтын шараға аудандық түрік этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Зульфикар Чилингаров, зиялы қауым өкілдері және №20 С.Сейфуллин мектеп-гимназиясының әлеуметтік қызметкерлері қатысты.
Аталған акция барысында «ЯНС» ЖШС Жолаушылар тасымалдау мекемесінің директоры Зульфикар Яшаевичтің демеушілігімен Ақсукент ауыл округіндегі аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан 10 шақты оқушыға мектепке арналған киім-кешектер табысталды.
Шара шеңберінде «Қоғамдық келісім» КММ Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы ата-аналар мен балаларды алда келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді. Өз кезегінде, ата-аналар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.
Айта кетейік, аталмыш акция қыркүйек айына дейін жалғасын табады.
Сондай-ақ, Келес ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен “Мектепке жол” республикалық акциясы өтті. Онда бөлімнің “Жалпыға бірдей оқыту қоры шеңберінде материалдық және қаржылай көмекті іске асыру бойынша” ісшаралар жоспарына сәйкес мектеп оқу құралдарын төмендетілген бағамен сату мақсатында мектеп автодүкені қызметі ұйымдастырылды.
— Автодүкеннің мақсаты кәсіпкерлерді тарта отырып шалғайдағы ауылдық елді мекен тұрғындарына төмендетілген бағамен мектепке қажетті құрал жабдықтарды ұсыну болып табылады. Мұндай автодүкен алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өту керек. Ата-аналар тарапынан белсенділік те танытылып отыр, — дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Қайыржан Полатов.
Автодүкен Келес ауданының шалғайдағы 6 ауылдық округіне барады. Шара шалғайдағы ата-аналарға қолайлы жағдай жасау үшін ұйымдастырылған. Айта кетейік, 2024-2025 оқу жылында аудандық білім беру ұйымдарында оқушылардың мектеп формасы «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасы туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бұйрығының негізінде реттеледі.