Бизнес және қайырымдылық. Бұл екі сөздің арасында қандай байланыс бар екені бәріне түсінікті ғой деймін. Бизнес жасап, ісің оңға басты ма, шамаң келсе сауап үшін жоқ-жітікке көмектес, қайырымдылық жаса. Әйтсе де, қайырымдылық жасау да оңай тірлік емес. Қазақта «Қайырымдылықты қара шаңырағыңнан баста» деген аталы сөз бар. Бұл алдымен өзіңді, өзіңнің отбасыңды жарылқа, сосын барып өзгеге көмектес деген сөз.
Қайбір жылы Астанада үлкен жиын өтіп, сол жиынның сахнасында екі адамның суреті ілінулі тұрды. Әрине, ол бейнелердің жайдан-жай ілінбегені анық. Бір қызығы, екі азаматтың да жүздері бірден көзіме жылы ұшырады. Бірі – әлемдегі ең бай жандардың бірі болса да қарапайымдылығымен, қайырымды істерімен танымал болған әйгілі Билл Гейтс болатын. Ал, екіншісі – Оңтүстікте ту тіккен, бірақ берекелі тірліктерінің арқасында бүкіл елімізге мәлім болған «Отау строй» құрылыс компаниясының директоры Әлімқұл Молдасейітов еді.
Билл Гейтс туралы әңгіме бөлек. Әлем халқы оның әрбір басқан қадамын, әрбір ісін, елге жасаған жомарттығын жақсы біледі. Ал, Әлімқұл Молдасейітов қайдан жүр? Шынын айту керек, алғашында «мына суреттегі адам дәл соның өзі ме?», «мүмкін қателесіп ілініп кеткен шығар» деген де ойым болған. Бірақ, ғаламторды ақтарып, «Отау строй» туралы көптеген ақпараттарды оқығаннан кейін суреттегі жүзі жылы азаматтың Әлімқұлдың нақ өзі екенін, сондай-ақ оның осы жиынның төрінде тұруға нағыз лайық кәсіпкер екеніне көзім жетті. Әлімқұлдың есімін алғаш рет жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың аузынан естігенмін. Қаламгер ағамыздың «Жоғалған Жұрнақ» атты шығармасы облыстық драма театрда қойылған болатын. Желтоқсан оқиғасының адамдардың жүрегіне салған зардабын өте нәзік те шебер жеткізе білген осы қойылым соңында сөз алған Мархабат аға «Жұрнақтың» сахна төріне шығуына демеушілік жасаған Әлімқұл Молдасейітовтің еңбегін атап көрсетіп, алғысын білдірген-ді. Сол жолы Әлімқұл Молдасейітовтің өнерді түсінетін, қадірлей білетін, шама-шарқынша қолдай жүретін меценат азамат екенін аңғардым.
Иә, ұзақ жылдардан бері құрылыс саласында нәтижелі еңбек етіп келе жатқан «Отау строй» Оңтүстікке ғана емес, бүкіл елімізге танымал компания. Бұл мекеме еліміздің барлық өңірінде құрылыс жұмысы енді-енді қарқын алып жатқан жылдары шырайлы Шымкентте қазығын қақты. Компания басшылығы елде жаппай жүріп жатқан тұрғын үй, өнеркәсіп және коммуналдық меншік нысандарының құрылысын салуға белсенді түрде ат салысуды басты мақсат етіп қойыпты. «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген екен заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. Сол айтпақшы, жақсы ниетпен, үлкен ерік-жігермен келелі бір істі қолға алған Әлімқұл қай кезде де кәсіпкерлік саласында тәжірибесі мол, үнемі бағыт-бағдар сілтеп отыратын туған ағасы Қайрат Молдасейітовтың ақыл-кеңесіне сүйенді. Сөйтіп қажырлы еңбектің арқасында «Отау строй» аздаған жылдардың ішінде етегін кеңге жайып, шынында нағыз құрылыс отауына айналды. Міне, біздің бүгінгі әңгімеміз осы Қайрат Құсейінұлы Молдасейітовтің де қайырымдылық істері төңірегінде өрбімек.
Осы жылдар ішінде «Отау строй» зауыт, тұрғын үй, мектеп, аурухана, шекара заставаларының кешендері, спорт ғимараттарының құрылыстарын жүргізіп, бірқатар шетелдердің кәсіпорындарымен әріптестік жасап, құрылыс жұмысын тез аяқтап, сапасын арттыру үшін өндіріске жаңа технологиялар енгізе білді. Бүгінде «Отау строй» серіктестігі тіршілігін тіптен кеңейтіп, «Отау групп» холдингіне айналған.
Бүгінде елдің басты мәселесі – баспаналы болу ғой. Біз әрине, бұл компанияның жұмысын сыдыртып бір ауыз сөзбен айта салдық. Әйтпесе, осынау құрылыстардың астарында қаншама ащы тер, қаншама тынымсыз еңбек, ең бастысы – елдің қуанышы, жаңа пәтерге ие болған қаншама отбасының немесе жаңа ғимаратта жаңа партаға отырған қаншама жас баланың, аршыған жұмыртқадай аппақ ауруханадан дертіне шипа тауып, бір аунап тұрған қаншама жандардың батасы, бақыты, алғысы жатыр десеңізші. Шымкент қаласының көркін ашып, үлкен тірліктерді жүрексінбестен қолға алып, тап-тұйнақтай тындыра білгеннен болар, қайбір жылдары бұл компанияға Назарбаев интеллектуалдық мектебінің құрылысын жүргізу сеніп тапсырылды.
«Адамның жан дүниесі дегеніміз – оның ісі» деген екен бір ғұлама. «Отау стройдың» елге жасаған қайырымдылығына қарап отырып, компания басшыларының жан дүниесін, адамгершілік қасиетін, дархан пейілін көресіз, түсінесіз. Қайбір жылы Жамбыл облысының Қордай ауданында 100 орындық бала бақша мен мешіт салып беріп, Ә. Молдасейітов туған ауылының алғысын алған болатын. Осы компания өз демеушілігімен Ер Түріктің бесігі – киелі Түркістанда 16 пәтерлік үйдің құрылыс салып, 16-сының да кілтін тұрмысы төмен, мүгедек жандарға табыс етті. Одан бөлек дәл осы қасиетті қалада мүгедек балаларды оңалту орталығын да өз қаржыларына салып, пайдалануға берді. Бұл қайырымды істер жергілікті әкімдікпен бірлесе, ақылдаса отырып істелгенін айта кету керек.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің, – дейді халқымыз. Қайырымдылық адамзат бойындағы ерекше бір ізгілік болып саналады. Сондай-ақ ол адамның таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар көбеюде. Қайырымдылық жасауға мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отыр. Жақсылық жасайтын жандар әрқашан және әр кезде табылады.
“Отау групп» компаниясы қашықтан оқитын балалардың бәрінде смартфон жоқ екенін ескеріп, көмектесуді жөн көрген. Осылайша олар көп балалы және аз қамтылған отбасыларға өз сыйлықтарын үйлестірді.
Мақтаарал ауданының тұрғындары тасқыннан зардап шеккені бәрімізге белгілі. Тасқын судың астында қалған елдімекендердің бірі – Өргебас ауылында 188 отбасы тұрады және ол тасқын судан ең көп зардап шеккендердің бірі болып саналады. Кәсіпкерлер өздерімен бірге ақшалай және гуманитарлық көмек алып келді. Яғни, ел болып жұмылып барлығы көмек қолын созды. Осындай қайырымдылық іс-шарасынан «Отау Групп» ЖШС де сырт қалған жоқ. Нақтырақ айтсақ, «Отау Групп» ЖШС президенті Қайрат Молдасеитов Өргебас ауылының тұрғындарын қолдауға 12 миллион теңге бөлді.
«Отау групп» компаниясының мұндай қайырымдылық істері өте көп. Мысалы, Шымкент қаласының кәсіпкерлері өздері қиын жағдайға тап болғанына қарамастан, қайырымдылық жасап, жомарт азаматтар 12 балалы отбасыға үш бөлмелі пәтер сыйлады. Бұл отбасы осыған дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген еді.
Азаматтық танытқан жандар – қаладағы танымал кәсіпкер Қайрат Молдасейітов басқаратын Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелері. Палата мүшелері өткен жылдың соңында қиын жағдайға тап болған осы отбасының жағдайы туралы біліп, баспана сатып алу мақсатында қаражат жинауды бастаған-ды. Үш ай ішінде «Менің атамекенім» қоғамдық қорына 8,5 млн. теңге жиналып, осы қаржыға 3 бөлмелі пәтер сатып алып берген кәсіпкерлер отбасы дайын үйге бірден кіруі үшін пәтерді жөндеу шығындарын да көтерді.
Сондай-ақ, Түркістан облысы, Арыс қаласындағы жағдай күллі Қазақ елін алаңдатқаны белгілі. Мемлекет тарапынан тұрғындарды қолдау, қауіпсіз аймақтарға көшіру шаралары жүргізілді. Бауырмал қазақ халқы осынау қиын сәтте біркісідей жұмылып, мейірім мен бірліктің асқақ үлгісін көрсетіп жатты. Міне, осындай қысылтаяң сәтте кәсіпкер Қайрат Молдасейітов Арыста болған жарылыстан зардап шеккендерге де алғашқы боп көмектескен жомарт жандардың бірі.
«Арыс қаласындағы төтенше жағдайға және зардап шеккендер мен көшірілген қала тұрғындарына көмек көрсету қажеттілігіне байланысты мен өз атымнан 10.000.000 теңге бөлу туралы шешім қабылдадым. Өңірімізде болған осындай қайғылы оқиғадан зардап шеккен отандастарымызға көмек көрсетуге шақырамын! Шет қалмай, барлықтарыңыз атсалысып көмектесуге келіңіздер» деп Қайрат Молдасейітов басқа кәсіпкерлерге үндеу тастап, үлгі-өнеге көрсетті.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында белгілі кәсіпкер, меценат Қайрат Молдасейітов Түлкібас ауданы, Шақпақбаба ауылының жастарына кіші футбол алаңшасын тарту етті. Ауыл жастарын қуанышқа бөлеген кәсіпкер аталмыш нысанның құрылысына 9 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсаған.
Әлемді әбігерге салған коронавирус салдары қарапайым халыққа да, кәсіпкерлерге де қиындық туғызғаны ел есінен әлі шыққан жоқ. Кәсіпкерлердің материалдық зардап шегіп жатқаны мәлім, дегенмен мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған, толық емес отбасылар көріп жатқан қиындықтармен салыстыруға келмес. Осы орайда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Молдасейітов бастамашы болып, палата жанынан қор ашылған. Қорға «Отау групп» холдингі атынан 20 млн теңге аударылды. Айта кетелік, Қайрат Молдасейітов аталған холдинг президенті. Кәсіпкерлерді тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуге үлгі көрсете отырып, шақырған меценат Молдасейітов жиналған қаржы Шымкент қалалық әкімдіктің әлеуметтік салаға жауапты мамандарымен ақылдаса отырып, мұқтаж азаматтарға үлестірілетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ кәсіпкер Қайрат Молдасейітов жеке емдеу клиникасын пайдалануға берді. Медициналық мекемеде жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетілетін болады. Міне, «Otau Med» клиникасының артықшылығы да осында. Мұнда қазіргі заманғы медициналық жабдықтардың барлығы бар. Яғни дертіне дауа іздеп келгендерге осы жерде диагноз қойылады. Оларға жоғары санатты дәрігерлер қызмет көрсетеді.
Осынау қайырымдылық істері биліктің тарапынан еленбей қалған жоқ. «Отау групп» холдингінің президенті Қайрат Молдасейітов «Жомарт жүрек» сыйлығымен «Жыл тұлғасы» номинациясының да иегері атанды.
Айта кету керек, Қайрат Модасейітов кәсіпкерлікте де, мемлекеттік қызметте де үлкен абыройға ие болған азамат. Түркістан, Шымкент қаласының әкімі қызметтерін атқарды. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Былайша айтқанда, билікте жүрсе де, мемлекеттік қызметте жүрсе де іскерлігімен танылып, қарапайымдылығымен ерекшеленді. Ең бастысы қайда жүрсе де елге қайырымдылық жасау шараларын бір сәтке тоқтатқан жоқ.
— Билікке келіп, көп нәрсе үйрендім. Халықпен етене араласып, хал-жағдайымен танысып, мұң-мұқтажын біле бастадым. Бұл жайттардың көбісін билікке келмей тұрып, байқамайды екенсің. Яғни, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі жоғары. Мәселен, қазір менің компаниямда 1000-ға жуық адам жұмыс істейді. Ал әкім кезіңде ше? Бүкіл ел саған көз тігіп, үміт артады. Әрине, кәсіпкерліктің де қиындықтары бар. Бірақ, ауыртпалығы ел басқарып отырғандай емес. Осы ретте бір нәрсе айта кетейін, талай жыл кәсіпкерлікпен айналысқаным билікке келгенімде көп көмегі тиді.Түркістан қаласына басшылық еткен тұста 100 баланы қабылдайтын «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» мен мүгедектерге арналған 16 пәтерлі тұрғын үй салып бердім. Одан бөлек, «Нұрсәт» шағынауданынан ғасыр індетін жұқтырған балаларға арнап «Ақпараттық оңалту орталығын» салдым. Осындай игі істердің қасында жүру маған әдетке айналды. Мұны өзімнің адамдық парызым деп білемін. Сондықтан осындай жұмыстардың легі алдағы күндерде де жалғаса береді деген сенімдемін, — дейді белгілі меценат, кәсіпкер, «Отау групп» холдингінің президенті Қайрат Молдасейітов ағынан жарылып.
… Әңгімеміздің басын бизнес және қайырымдылықтан бастадық қой. Біздіңше қайырымдылық жасау – құмға сіңген судай «мә» деп біреуге ақша ұстата салу емес. «Қарны ашқанға балық емес, қармақ бер» деген, қайырымдылық істер көмекке мұқтаж жандардың үмітін оятып, күш-қуат беріп, тіршілігіне серпін қосуы керек. Бұл жағынан алғанда елмен бірге жасасып, жомарттығымен танымал болған «Отау групп» компаниясының ойға алған істері әлі көп.
Фото: Vera.kz, otaugroup.kz, Яндекс,