Солардың бірі — киімдерге түрлі ою-өрнектер салумен айналысатын түркістандық азамат Бейбіт Дүйсенбай.
— Бұл кәсіптің басталуына Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесін алуы себеп болды, — дейді бізбен әңгімесінде Бейбіт Дүйсенбай. — 2019 жылы Жастар жылы аясында “Жас кәсіпкер” атты жоба қолға алынды. Жоба бойынша бизнес идеясы бар азаматтарға мемлекеттен қайтарымсыз несие берілді. Бұл жоба туралы мен таныстарымнан естідім. Қаламыздағы көп жастар осы қолдау арқылы өз кәсіптерін бастап, идеяларын жүзеге асыра бастады. Түркістан – бір облыстың, туризмнің ірі орталығы ғана емес, экономиканың, бизнестің орталығына айналуы тиіс. Күн санап көркейіп, гүлденіп келе жатқан қалада іскерлік байланыстар тереңдей бастады. Мен де өз қаламның өркендеуіне үлес қоса отырып, кәсібімді бастауға бел будым. Осы мақсатта жоғарыда аталған жобаға қатысып, бағымды сынап көрмек болдым. Өзімнің полиграфиялық қызмет жобамды ұсындым. Дәлірегі бұл жоба киімдердің сыртқы көрінісін әрлеу, түрлі бейнелер салумен байланысты еді. Қазіргі таңда киімнің көптеген түрлері бар және әр киімнің өзіндік бренд атауы бар. Киімге көрік беретін де сол бренд түрлері. Бақытыма орай бұл жобам конкурстан сәтті өтіп, қайтарымсыз грант иегері атандым. Сол жылдары бизнес ашуға бел буған азаматтардың барлығы өз кәсіптерін 505 мың теңгемен бастаған. Себебі, мемлекеттен берілетін қайтарымсыз несие көлемі 505 мың теңге болды. Қаржыны қолымызға алған сәттен бастап жұмысқа кірістік. Жобаны дайындау барысында барлығын есептеп, қандай техникалар қажет оны қайдан алатынымыз туралы ақпараттар жинаған болатынбыз. Кәсіпорындағы техникалар отандық өнімдер емес. Шет елден келген, яғни Қытайдан арнайы тапсырыспен алдырдық. Қазіргі таңда осы техникалармен жұмыс істеп келеміз.
—Сіздердің өнімдеріңізге қаламызда сұраныс қаншалықты жоғары? Тапсырыстар өз өңірлерден де көп түсе ме?
— Негізінен бізге тапсырыстың көбісі өз өңірімізден түседі. Яғни, Түркістан қаласы және оған жақын аудан, ауыл-аймақтар. Қаламыздағы атаулы мекемелер арнайы киімдерге жиі тапсырыс береді. Өзге өңірлерден тапсырыстар мүлде келмейді десек те болады. Себебі, біз өз кәсібімізді әлі таргет мамандарын жалдап, ауқымды жарнама жасатқан жоқпыз. Шынын айтқанда біздің кәсібіміз үздіксіз жүретін тұрақты жұмыс емес. Арнайы мерзімде жұмысы қарқынды жүретін сала. Олай болуының себебі бізге түсетін тапсырыстың көлеміне байланысты. Өздеріңіз білетіндей, бізге тапсырыс түскен кезде бір мезетте бірнеше жүз киімнің сыртқы бейнесін әрлеу тапсырылады. Көбіне мұндай тапсырыстар жеңіл киімдерге түседі. Сондықтан біздің жұмысымыз белгілі бір мерзімде қарқынды жүзеге асады.
—Қазіргі таңда кәсіпорын неше адамды жұмыспен қамтып отыр? Жалпы жастарды еңбексүйгіштікке қалай баулу керек?
— Жаңа айтып өткенімдей бізге өзге өңірлерден тапсырыстар түспейді. Тек өз қаламыздан болғандықтан кәсіпорын ауқымды емес. Бірақ, жұмыс істеп отырған арнайы команда бар. Алайда, арнайы жұмысшы етіп тіркелген қызметкерлер жоқ болғанымен мемлекеттен субсидияланған арнайы жұмысшыларымыз бар. Жұмыс барысы аса қиын болмағандықтан көп адамды қажет етпейді. Әрі техникалармен жұмыс жасау да қызметкерлер үшін қолайлы. Сондықтан қазіргі таңда 3 адамнан құралған арнайы команда болып жұмыс істеп жатырмыз.
Қазіргі заман жастардың заманы. Жастарымызды еңбексүйгіштікке баулу үшін мемлекеттің өзі жоғарғы деңгейде атсалысып жатыр. Қазіргі таңдағы жасалып жатқан жеңілдіктердің барлығы жастар үшін. Осы жобалардың арқасында көп жастарымыз еңбек етіп өз кәсіптерін бастап жатыр. Мінекей осындай жастарымыздың қарқынды жұмыс істеуіне себеп болып отырған үлкен жоба — қайтарымсыз грант жобасы. Мен өз жобамды ұсынуға барғанда, өзім секілді көптеген жастардың бұл жобаға қызығушылық танытқандарын байқадым. Сонымен қатар мемлекеттен қаржы алып кәсіп бастаған жастардың, кәсіптегі командасының басым көпшілігі жастар болары анық. Бір саланы меңгерген жас маманның болашақта білікті қызметкер болуы әбден мүмкін. Сондықтан, мемлекеттің өзі жастардың еңбекқор болуы үшін бар жағдайды жасап отырғанда жұмыссыз жүруге негіз жоқ деп ойлаймын.
Жоғарғы оқу орнын енді ғана бітірген жас түлектерге айтар кеңесіңіз қандай?
— Иә, бұл мәселе қоғамымызда өте өзекті болып отырған мәселелердің бірі. ЖОО-ны жаңа бітірген түлектердің көбісінің жұмыссыз жүргенін немесе өз саласы бойынша емес мүлде басқа салада жүргенін көптеп байқаймыз. Бұл тек бір адамның ғана емес бүкіл мемлекеттің тағдырына қауіп төндіретін мәселе. Мен ең әуелі кеңесімді оқу бітірген түлектерге емес, мектеп қабырғасындағы оқушыларға айтар едім. Себебі, адам өзінің болашағының іргетасын осы мектепте қалайды. Мектеп бітіруші түлектердің көбісі болашақ мамандығын таңдайтын кезде, ата-анасының қалауын немесе емтиханда оңай болатын пәндерге қарай таңдайды. Бұл өте үлкен қателік. Өзің жақсы көрмеген мамандықты оқып шығу қиын емес. Қиындығы болашақта сол салада қызмет жасай алмауың. Ал, өз саласын меңгермеген біліксіз маман елдің соры. Сондықтан, әрбір жастарымыз өз болашағына немқұрайлы қарамай, болашақ мамандығына дұрыс таңдау жасап шешім қабылдағаны абзал.
Ал жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған жастарға айтар кеңесім, ең әуелі өз салалары бойынша жұмыс істеу. Себебі, қазіргі таңда елімізде өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін жастар саны азаймай тұр. Мемлекет өте керемет жоба әзірледі деп ойлаймын. Яғни, жоғарғы оқу орнын бітірген жас мамандар өз саласы бойынша жұмыс істемеген жағдайда мемлекетке арнайы көлемде қаржы төлеуге міндетті. Бұл жастардың өз салалары бойынша жұмыс істеуіне септігін тигізгені анық. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Әрбір адам өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, оған аса құрметпен қараса еліміздің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқаны болмақ.
Әңгімелескен — Қасиет ӨМІРБЕК,
Түркістан қаласы.
Фото: Печати Севастополь