Жалпы сарапшылар егер жастардың белсенділігі артпаса, мемлекеттік бағдарламалардан нәтиже болмаса, болашақта жұмыссыздық мәселесінің түйінін тарқату қиынға соғатынын айтады. Иә, жұмыссыз жүрген жастар – халықтың ең әлжуаз, осал буыны, ол қоғам мен мемлекетке үлкен қауіп төндіруі бек мүмкін. Өйткені жастардың жағдайы мен көңіл-күйіне еңбек нарығында жұмыс орындарының жетіспеушілігі әсер етеді. Жастар әрқашан дүниеге «кірпіш болып қалануға» ұмтылады, алайда кейде өмірден өз орнын таба алмай жатады.
Сондықтан ел Үкіметі жастарды жұмыспен қамтуды басты назарға қойып, осы бағытта түрлі бағдарламарды іске асыруда. Соның бірі — жастардың жұмыс табуына жәрдем беретін жәрмеңкелер.
Сайрам аудандық Мансап Орталығы мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп аудан жастарына арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Аталған жәрмеңкеде «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ә.Төлегенов пен Мансап орталығының директоры А. Қазанғапов, аудандық мәслихаттың депутаты Д. Анартаев және Сайрам ауданының ауданаралық мәжбүрлетіп орындату аумақтық бөлімінің басшысы Е. Киргизов жұмысқа жүгінген жастарға ауданда 24 жұмыс берушіден 68 бос жұмыс орны бар екенін атап айтты.
Жастар арасында жұмыссыздықты азайтуға бағытталған жәрмеңкеге жалпы 43-ке жуық жас қатысып, оның ішінде 22 жасқа «Жастар практикасы», бағдарламасымен жолдама берілді.
Жұмысқа жолдама алған жастардың көңілі керемет қуанышқа кенеліп, өз кезегінде, жәрмеңкені ұйымдастырушыларға ақжарма алғыстарын айтты.
Айта кетейік, «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкелері алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.
Сондай-ақ, ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану, оларды қоғамдық ортаға тарту, мемлекеттік бағдарламалармен таныстыру және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізуге бағытталған “Жастарға бағыт” жастар керуені аясында Ақсукент ауылының жастарымен кездесу өтті.
Кездесуге Ақсукент ауылдық округ әкімі Мәди Абайұлы қатысып, жастарға қолайлы жағдай туғызу және жастардың уақытын тиімді өткізу бағытында атқарылатын жұмыстармен таныстырып өтті.
Сайрам аудандық “Мансап орталығы” филиалы маманы Абдулла Баратов жастарды қолдауға бағытталған Мемлекеттік бағдарламалармен жастарды ақпараттандырды.
Сонымен қатар суда шомылу қауіпсіздігі туралы ақпараттар беріліп, қауіпсіздік ережелері таныстырылып арнайы брошюралар таратылды.
Жалпы алғанда жастарды жұмыспен қамту өзекті мәселе. Көп жағдайда жұмыс орындары олардың тәжірибесінің жоқ екендігін алға тартады. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында, жастарды жұмыспен қамту аясында «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары жүзеге асырылып, төлем мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішке артып, мерзімі 12 айға дейін ұзарды. «Жастар практикасының» мерзімі осыдан екі жыл бұрын 6 ай көлемінде еді. Төленетін қаржы 30 АЕК, яғни 91 мың 800 теңге көлемінде қарастырылған. «Жастар практикасына» ЖОО-ны немесе арнаулы орта оқу орнын бітірген, диплом жарамдылығы 5 жылдан аспаған 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.
Ал, Кентау қаласы бойынша 2024 жылға «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 5747 азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру жоспарланған екен. Нақты 2270 азамат тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылыпты.
Атап айтқанда, субсидияланатын жұмыс орындарына 1359 азаматты тұрақты және уақытша жұмыспен қамту жоспарланса, 6 айда нақты 981 азамат жұмыспен қамтылған. Оның ішінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 80 адам жолданды, көрсеткіш – 89 пайыз. Ал, «Жастар практикасына» 350 жасты жұмысқа жолдау жоспарланып, жарты жылда нақты 81 азамат жолданған.
Биыл бұл бағытта 350 жас түлекті жұмыспен қамту жоспарланған. Олардың арасынан 81 азамат мамандығына сәйкес жұмысқа жолданды. Бір айта кететіні Кентау қаласында колледждер болмаса жоғарғы оқу орындары жоқ. Өзге қалалардан бітіріп келгендер енді келе бастады. Алғашқы жартыжылдық бойынша көрсеткіш 81 адам болса, осы шілде айының өзінде тағы да 60 жас маман жұмыс орындарына жолданыпты. Осылайша жыл соңына дейін жоспарды толық орындалады деген үміт бар.
Кентау қалалық Мансап орталығының директоры Жақсылық Қайдауыловтың айтуынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, орындау және жаңа жұмыс орындарын ашу қалада қалыпты деңгейде жүргізілуде.
Айтпақшы Кентау қалалық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен, орта арнаулы оқу орындары және қала тұрғындарының қатысуымен, “Мен таңдаған мамандық” тақырыбында мемлекеттік бағдарламалар жәрмеңкесі де ұйымдастырылды.
Аталған жәрмеңкеде мемлекеттік бағдарламаларға кеңінен насихат жұмыстары жүргізілді. Әр колледж қызметкерлері түрлі мамандықтар бойынша қысқаша мағлұмат беріп, өздерінің туындысын жастар назарына ұсынды.
Сондай-ақ, жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету және арнаулы орта оқу орындарына бөлінген мемлекеттік гранттар туралы жастарды ақпараттандыру, NEET санатындағы жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа орналасуға жәрдемдесу мақсатында Сарыағаш ауданында «Жастарға жаңа мүмкіндіктер» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге қатысушыларға Сарыағаш ауданындағы Қапланбек жоғары аграрлық- техникалық колледжі, Арыстанбаб жоғары колледжі, 12 колледжі, Сарыағаш көпсалалы колледжіндегі мемлекеттік гранттар туралы оқу орын өкілдері ақпарат берді және мансап орталығы тарапынан аудандағы бос жұмыс орындар тізбесі ұсынылып, “Сарыағаш жер сыйы” ЖШС, «Халық Банкі», Жастар ресурстық орталығы т.б мекемелер жәрмеңкеде бос жұмыс орындары туралы тұрғындарға ақпарат берді.
Ал, Түлкібас ауданы Кемербастау ауылының тұрғыны Садирадин Салим Искандарұлы Түкібас аудандық мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп С. Рахимов атындағы жалпы орта мектебіне жастар практикасы бағдарламасы бойынша жолданған болатын. Қазіргі таңда жұмысқа орналасып, өзіне тиесілі міндетін абыроймен атқаруда.
Тәжірибесі жоқ жас мамандар мансап жолын «Жастар практикасы» бағдарламасынан бастай алатынын жоғарыда айттық. Бір айта кетері, бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан жас маманға 12 ай бойы мемлекет тарапынан 110 760 теңге көлемінде жалақы төленеді.
Фото: ONINFO.KZ