Нақтырақ айтсақ, Жібек жолы ауылдық округі әкімдігінде жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету және арнаулы орта оқу орындарына бөлінген мемлекеттік гранттар туралы жастарды ақпараттандыру, NEET санатындағы жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа орналасуға жәрдемдесу мақсатында «Жастарға жаңа мүмкіндіктер» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Іс шарада аудан аумағындағы 130-ға жуық мемлекеттік және жекеменшік мекемелерден 276 бос жұмыс орындары ұсынылды. Атап айтқанда қатысушыларға аудандағы Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжі, Арыстанбаб жоғары колледжі, N12 колледжі, Сарыағаш көпсалалы колледжіндегі мемлекеттік гранттар туралы оқу орын өкілдері ақпарат берді және Мансап орталығы тарапынан аудандағы бос жұмыс орындар тізбесі ұсынылып, “Сарыағаш жер сыйы” ЖШС, «Халық Банкі», Жастар ресурстық орталығы т.б мекемелер жәрмеңкеде бос жұмыс орындары туралы тұрғындарға ақпарат берді. Жәрмеңкеде жалпы жұмыс берушілерден 80-ге жуық жас кеңес алды. 30-дан астам жас түлектер жұмысқа орналасуға ниет білдірді. Жұмысқа жолдама алған жастар ерекше көңіл-күйге бөленіп, жәрмеңкені ұйымдастырушыларға ризашылықтарын жеткізді. «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкелері алдағы уақытта да жалғасын табады.
Аудандық Мансап орталығының мәліметтеріне сүйенсек биылғы жарты жылдықта 1220 жас түрлі бағдарламаға қатысқан. Атап айтқанда: бос жұмыс орындарына тұрақты жұмысқа 516 азамат, әлеуметтік жұмыс орындарына 96 азамат, «Жастар практикасына» 177 азамат, қоғамдық жұмысқа 244 азамат , «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқу 187 азамат жолданған.
Жалпы ел ішінде жұмыссыздар санының артуы мемлекеттің әлеуеті мен экономикасына кері әсер етеді. Сондықтан жұмыссыздықпен күрес еліміздегі басым бағыттардың бірі. Халықты жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарламалар жүзеге асырылып, жемісін беруде. Айталық ауданда жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске асырылуда. Жобаның қатысушылары 35 жастан аспаған және жұмыс тәжірибесі жоқ жастар болып табылады. Қатысу мерзімі 18 айдан аспайды. Еңбекақы мөлшері 30 АЕК немесе 110 760 теңгені құрайды. Жұмысқа орналасу үшін үміткер электрондық еңбек биржасы порталы арқылы өтініш береді.
Мамандардың мәліметінше аудан бойынша 2024 жылы 135 азаматқа алғашқы жұмыс орындарын ұйымдастыру жоспарланып, осы жылдың 5 айында 101 азамат жолданыпты. Осылайша жылдық жоспар 74,8 пайызға орындалған.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың бірі — Гүлжан Үсенбаева. Ол ағымдағы жылдың наурыз айында «Сарыағаш аудандық мансап орталығы» филиалына жүгінген. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында аудан тұрғыны «Спабековна» жеке кәсіпкерлігіне фотограф ретінде жұмысқа орналасқан. Тәжірибе жинақтап әрі табыс тауып жүрген Гүлжан «Мансап» орталығының мамандарына алғысы шексіз.
Ал осы ауданның тағы бір тұрғыны Жанболат Таңсықов болса Мансап орталығы арқылы «Қоғамдық жұмыс» жобасы бойынша жұмысқа жолдама алып, Сарыағаш ауданының Статистика басқармасына жұмысқа орналасқан. Қазіргі таңда адал еңбегінің ақысын өтеп отырған мемлекеттік бағдарламаға ризашылығын білдіруде.
Жыл сайын жастарға жұмыс тауып беру барлық мемлекетке ортақ мәселе. Әлем бойынша өз жастарын жұмыспен қамтуда жақсы көрсеткішке – Чехия, Германия, Исландия, Польша, Катар, Бахрейн, БАӘ, Сауд Арабиясы секілді елдер ие. Яғни, бұл жерде ел экономикасының қуаты және халық саны көрсеткіші де маңызды рөл атқарады. Қазақстан да жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту бағытында бірқатар шараларды атқарып келеді. Әсіресе мемлекеттік бағдарламалар жұмыссыздықты ауыздықтауға үлкен көмегін тигізгені рас.
Жасыратыны жоқ, ЖОО бітірген жас маманға бірден жұмыс табылуы қиын. Қолында дипломы болғанымен, тәжірибесі жоқ маманды көп мекеме жұмысқа алғысы келмейді. Осы орайда мемлекет жастарға тығырықтан шығудың жолын ұсынады. Ол – «Жастар практикасы». Биыл да аталған жоба жалғасын тауып, мемлекеттік жобаға жұмыс берушілердің өзі аса қызығушылық танытып отыр. Өткен жылы Сарыағаш ауданындағы жоғары оқу орындары, колледждер мен кәсіптік лицейлерінің 640 түлегі 12 ай мерзім ішінде «Жастар практикасынан» өту үшін 1 366 200,0 мың теңге қаралған еді. Бағдарлама бойынша өтінім берген 350 жұмыс берушіге 12 ай мерзімге 601 азамат жолданып, былтырғы жылдың жоспары 91,2 пайызға орындалды дейді мамандар. Ал ағымдағы жылы 700 азаматты 12 ай мерзімге «Жастар практикасына» жолдау жоспарланып, 5 ай ішінде жобаны ұйымдастыруға өтінім берген 156 жұмыс берушіге 12 ай мерзімге 177 азамат жолданып, осы жылдың жоспары 25,2 пайызға орындалған көрінеді.
«Жастар практикасы» жобасымен мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесін бастаған жастардың бірі — Наргиза Орайханова. Қазіргі таңда, аудандық орталық ауруханасында «Оталау» бөлімінде тәжірибе жинақтауда.
«Бұл алғашқы іс-тәжірибемді бастауға жақсы мүмкіндік болды» дейді бұл жөнінде Наргиза Орайханова.
Орталық ауруханадан жұмыс тапқандардың қатарында Н. Анарбекова да бар. Жоғарғы оқу орнының түлегі білім алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасу үшін Сарыағаш аудандық «Мансап» орталығы мамандарының қызметіне жүгінген. Нәтижесінде жас маман медицина мекемесіне жұмысқа жолданды.
«Сарыағаш ауданының Қызылжар ауылында тұрамын. Оқуды бітірген соң жұмысқа таппай біраз әбігерлендім. Сөйтіп «Мансап» орталығына барып өтініш жаздым. Ондағы мамандар өтінішімді лезде қарап, аз уақытта лайықты жұмыс тауып берді. Біз секілді жас, тәжірибесі жоқ мамандар үшін алғашқы тәжірибе жинақтауға аурухана таптырмайтын орын»,- дейді ол.
Айта кетейік, жобаның мақсаты — 35 жастан аспаған жастарды, оның ішінде иеленген мамандығы бойынша жұмыспен қамту. «Жастар практикасы» жобасы аясында жастардың еңбекақы мөлшері 30 АЕК құрайды. Жұмыспен қамту мерзімі — 12 ай. Кәсіби біліктілігін шыңдаған жастар көп жағдайда жұмыс берушінің ұсынысына қарай еңбек жолын сол мекемеде әрі қарай жалғастыра алады.
Мемлекет жастарға ұлттық жобалар арқылы тек екі қолға бір күрек табу мүмкіндігін ғана ұсынып қоймай сонымен қатар тәжірибе жинақтау, білімін арттыру, кәсіп ашу секілді мол мүмкіндіктерді де ұсынып отыр. Тек осыны жастарға жан-жақты түсіндіріп, насихаттау қажет.
Бұл бағытта мамандар жастарға мемлекеттік бағдарламаның игілігін ауыл-ауылды аралап та түсіндіріп жүр. Айталық, Көктерек, Құркелес, Дербісек ауылдық округтерінің тұрғындарына, NEET санатындағы жастар санын азайту мақсатында білім бағыты пен жұмыспен қамту бағыттары бойынша мемлекеттің бағдарламалар туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, брошюралар таратылды.
Мамандар ауыл жастарына білім бағыты бойынша “Серпін -2050 “, “Болашақ”, “Қысқа мерзімді оқыту” бағдарламалары және жұмыспен қамту бағыты бойынша «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламаларын тереңірек түсіндіріп өтті.
«Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Жастарды еңбекпен қамтитын түрлі шаралар, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастарға қолайлы мүмкіндіктер алаңы ашылуда. Білім алып, белгілі бір маман иесі атанған және өз кәсібін ашып шаруасын ілгері жылжытуға ниеттенген жастар үшін мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстары мол болмақ», — дейді «Мансап» орталығының мамандары.
Фото: Сарыағаш аудан әкімдігі