Жастар — қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. Олар қоғамның белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жастар мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады.
Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары аймақ. Соның ішіндегі 14-35 жас аралығындағы жастар саны 663 мыңнан асып, халық санының 30 пайызын құрайды. Барлық аудандарда Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатын жергілікті жерде жүзеге асыруда және насихаттауда «Жастар ресурстық орталығы» қызмет етуде. Онда жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіру жолындағы маңызы зор шаралар, спорт және өнер үйірмелері тұрақты жұмыс жасайды. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар да өз деңгейінде жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деп атап өткен болатын. Қоғамымыздың тұрақтылығын сақтау, Қазақстан халқының бірлігін нығайту, ұлттық келісімді насихаттау – бүкіл Қазақстан жастарының міндеті. Сондықтан еліміздің əрбір азаматы басты байлығымыз – Тəуелсіз Қазақстан екенін əрдайым естен шығармауы тиіс.
Бүгінде жастарға деген қамқорлық барлық салада көрініс беруде. Елімізде қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламаларда жастардың рөлі мен белсенділігіне айрықша мән берілген.
12 тамыз — Халықаралық жастар күні. Мерекені өңіріміздің жастары кең көлемде және көтеріңкі көңіл күйде қарсы алды.
Мысалыға Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ауданның құрылғанына 3 жыл толуы және “12 тамыз — Халықаралық жастар” күніне орай, “ЖАСТАР FEST” іс шарасы өтті.
Мерекелік кешті Сауран ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тажыбеков ашып, “Ауған соғыс ардагерлерімен мүгедектер кеңесі” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тілес Ақай өз сөзінде еліміздегі жастар мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады және жаңа белестерге деген ұмтылысы, жаңа идеялардың туындауына себепші болатынын атап өтті.
Іс шараға арнайы келген Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшы орынбасары Пердебек Сержанұлы аудан жастарын мерекемен құттықтап, аудандық жастар орталығының жұмысына оң бағасын берді. Кеш барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тажыбеков бірқатар белсенді жастарды Сауран ауданының әкімі Мақсат Асылбекұлының арнайы Алғыс хаттарымен марапаттады.
Сондай-ақ, кеш қонақтары Есқара Бейбітов, Ясир Махмут, Бабола Бенжамен және ауданымыздың талантты жастары мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ал, Сайрам ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен 12 тамыз — Халықаралық жастар күніне орай «Спорт біздің сенімді серігіміз» атты жастар арасында кіші футболдан облыстық сайыс өтті. Турнирдің мақсаты — жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, ауыл жастарының достық қарым-қатынасын нығайту.
Турнирге жалпы өңірдегі аудан-қалалардан 12 команда қатысты. Жарысқа қатысқан командалар 3 топқа бөлініп, жасыл алаңда өз шеберліктерін байқатты. Топтық кезеңде үздік нәтижеге қол жеткізген командалар турнирдің жартылай финал және финалдық кезеңдерінде өзара мықтыны анықтады.
Жастар арасында спорттың футбол түрінен өткізілген облыстық турнирдің қатысушыларына Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ң басшысы Ернар Бектаев сәттілік тілеп, алдағы уақытта өтетін спорттық шараларға да осылай белсенді қатысуға, әрдайым спортпен шұғылданып салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, турнирге қатысқан және жеңімпаз атанған командаларды арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Турнир жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар, кубок, медальдар табысталды.
Жарыстың қорытындысы бойынша І-орын Төлеби ауданына, ІІ-орын Түлкібас ауданына, ІІІ-орын Жетісай ауданына бұйырды. Ал «Үздік қақпашы» — Құланұлы Асылхан (Төлеби ауданы), «Үздік ойыншы» — Дантай Ерік (Келес ауданы) атанды.
Сондай-ақ Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов Халықаралық жастар күніне орай «ZHASTAR WEEK» апталығы аясында белсенді жастармен, жас кәсіпкерлермен, аудан мақтанышына айналған спортшылармен кездесті.
Табиғат аясында еркін форматта өткен аудан әкімінің кездесуінде белсенді аудан жастары өздерінің көкейінде жүрген сұрақтары мен пікірлерін айтып, түрлі салаға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, Ерлан Заипұлы аудандық “Сафи арт спорт” үйірмесінің және О.Тайманов атындағы өнер және саз мектебінің қолөнершілерінің көрмесі мен талантты жастардың өнерін тамашалады. Демалыс аймағында өткен шарада жастар арасында “Арқан тарту”, “Кір тасын көтеру” мен “Қол күрес” және басқа да спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, арнайы естелік сыйлықтар табысталды.
Ал, Кентау қаласында “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен “Динамо” стадионында ежелгі спорт түрінен жарыс өткізілді. “Evening sport” садақ ату денсаулық кепілі саналатын сайысқа пробацияда бақылауда тұратын жастар, орталық мешіт тәлім алушылары, жалпы қала жастары қатысты. Олар белгіленген қашықтықта мергендіктерімен сынға түсті.
Сайысқа 30-дан астам жас қатысып, екі кезең бойынша жеңіске таласты. Үздік атанған командаларға бағалы сыйлықтармен қатар, қала әкімі Ж. Тасовтың алғыс хаты табысталды.
Атап айтқанда, І-орын — Жас мерген командасы алса, ІІ-орынды — Ақ жебе командасы, ІІІ- орынды — Барыс командасы иеленді.
Бүгін де Кентау қаласында дәстүрлі садақ атуға ниетті жастардың саны артып келеді. Өткен жарыстан жастар ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп, төл спортымызға деген қызығушылықтары артқаны анық.
Төлеби ауданының жастары төл мерекелерін «ZhastarFest» атты гала-концертпен қарсы алды. Мерекелік шарада аудан әкімі аппаратының басшысы Жорабек Жолдасбеков, Ленгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев аудан жастарын айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ ауданымыздың үздік, белсенді жастарына аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Аудандық мәдениет үйі алаңында өткен концертте елімізге танымал өнерпаздар мен жайдармен жұлдыздары өнер көрсетіп, аудан тұрғындары мен қонақтарына қызықты, көңілді кеш сыйлады.
Фото: ERNUR.KZ